ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

Қымыз Украинада үлкен сұранысқа ие болуда

Қымыз Украинада үлкен сұранысқа ие болуда

Украинаның Киев қаласы маңындағы жылқы зауытында күніне жүз литр қымыз ашытылады.

Тұтынушылар мол өнімді аз уақыттың ішінде талап әкетеді екен.

«Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ» деп ұлы Абай жырлаған жылқылар дәл осы фермада жүргендей әсер қалдырды. Шетінен сұлу арғымақтары, еңселі биелері мен тай-құлындары бар бұл жылқы зауыты осыдан 13 жыл бұрын бой көтерген. Бүгінде елдегі ең ірі шаруашылық жүзге жуық жылқы ұстайды. Әрі тәулік бойы қымыз саудасын қыздырып отыр.

Анатолий Крамор, жылқышы:

– Қолдағы жылқыларды таза жем, құнарлы шөп, бидай дәнімен қоректендіреміз. Жазда жайлауда бағылады. Ат қораны таза ұстауға тырысамыз. Жылқы малы тазалықты жақсы көреді.

Қымыз ашытудың шебері Алена Баранчук сусынның емдік қасиетіне қанық. «Қымыздың қадірін біле бастаған қарапайым жұртшылық оны алыс-жақын жерлерден арнайы іздеп келетін болған», – дейді маман. Емдік сусын деп бағаланатын бұл өнім түрі бүгінде Украинаның түберкулез диспансерлеріне де жеткізілетін болған.

Алена Баранчук, жылқы шаруашылығының маманы:

– Қымыз – ешқандай химиялық қоспасы жоқ, экологиялық таза өнім. Қазір ол үлкен сұранысқа ие. Жөтел мен құрт ауруына шалдыққандар көп іздеп келеді.

Бие байлап, қымыз ашытып отырған шаруашылық емдік сусынның өндірісін екі есеге ұлғайтуды жоспарлап отыр. Олар қымыз терапиясын қолға алмақ. Бұл – ел аумағындағы емдік демалыс орындарында қымызды кеңінен дәріптеу.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Михаил Мищенко