ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

Елімізде отау көтеретін 160 мың жұптың 20 мыңнан астамы перзент сүйе алмайды

Елімізде отау көтеретін 160 мың жұптың 20 мыңнан астамы перзент сүйе алмайды

Оның 40 пайызы жасанды ұрықтандыруға мұқтаж.

Ал экоклиникалардың қызметі қолжетімді емес. Бағасы миллионға жетіп жығылады.

Перзент құшуға зар болған отбасыларға мемлекет 2010 жылдан бастап квота бере бастады. Нәтижесінде мың жарымнан астам сәби дүниеге келген. «Құтыдан шыққан балалардың» қатарын міндетті медициналық сақтандыру жүйесі көбейтеді деген үміт бар.

Дәрігердің алдына келген 36 жастағы келіншек жүзін көрсетпеуді өтінді. Бірақ базынасын айтты. Отбасын құрғалы бері 16 жыл өмірі бала күтумен өтіпті. Ем-дом алып, ақыры өзгеріс болмаған соң, жасанды ұрықтандыруға жүгінген. 

Астана қаласының тұрғыны:

– Бірінші рет 6 жыл бұрын істеткенбіз, нәтижесі болған жоқ. Сосын 4 жыл бұрын екінші рет жасаттық. Ол да болмады. Қазір үшінші рет жасаттық, үміттеніп отырмыз.

Қазақстанның бірінші эмбриологы Салтанат Байқошқарова: «Батпандап кірген ауру, мысқылдап шығады», – дейді.

Салтанат Байқошқарова, репродуктолог-эмбриолог:

– Бедеуліктің 90-95 пайызын да емдеуге болады.

Бұл, әрине, бедеуліктің түріне байланысты. Жатыр түтікшесінің бітеліп қалуы, эндокриндік асқынулар, ұрық сапасының төмендігі тың технологиялармен емделеді, одан қайыр болмаса, соңғы үміт жасанды ұрықтандыруда.

Ләззат Ақтаева, ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары:

– Қазіргі таңда барлығы 14 мыңнан астам сәби дүниеге келді, оның 1532-сі – тегін медициналық квота көмегімен өмірге келгендер. Бұл ретте айта кету керек, мемлекеттік квота бойынша жалпы 4783 талпыныс жасалды, бірақ 1532-сі ғана нәтижелі болды. Денеден тыс ұрықтандыруға мемлекеттік бюджеттен 3 млрд 890 млн теңге бөлінді.

2010 жылы мемлекет 100 квота берсе, биыл оның саны 900-ге артқан. 2016 жылы бедеулік диагнозы бойынша мемлекеттік есепте тұрған әйелдер саны – 13 890, ер адам саны – 1042. Бірақ бұл көрсеткіш күллі Қазақстанды қамтымайды. Мамандардың жобалауынша, жылына 20 мыңнан астам жұп бедеулікке тап келеді, оның 8 мыңы жасанды ұрықтандыруға мұқтаж. Алайда бұл санды нақтылау үшін жариялылық керек. Бедеулікті емдеу жолын талқылаған халықаралық конференцияда мамандар әсіресе жекеменшік экоклиникаларды ашық жұмыс істеуге шақырды.

Вячеслав Локшин, Қазақстан репродуктивті медицина қауымдастығының президенті:

– Сіздер барлық әріптестеріңізге жария еткендеріңіз дұрыс. Неге десеңіз, сіздердегі бар ақпарат баршаға қолжетімді болуы керек. Ана өлімі болса да, оны жасырудың қажеті жоқ. Жасырын жұмыс жасауды доғару керек. Сандардың ашықтығы керек. Үкімет пен Денсаулық сақтау министрлігі азаматтарға қанша квота керек екенін қайдан біледі?

Бұл идеяны Денсаулық сақтау министрлігі де құптап отыр.

Ләззат Ақтаева, ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары:

– Біз бұл ұсынысты құптаймыз. Сандық жүйеге көшу ашықтықты қамтамасыз етеді және денеден тыс ұрықтандырудың нәтижесін қадағалауға мүмкіндік береді. Яғни ұрық салудың соңын, баланың дамымай қалғандығы, түсік тастау сияқты маңызды үдерістерді назарда ұстай алатын боламыз.

Вице-министрдің айтуынша, деректер қоры алдағы жылы сынақ ретінде іске қосылып, 2019 жылы пайдалануға беріліп қалады.

Салтанат Байқошқарова, репродуктолог-эмбриолог:

– Әйел мен еркек қатынасынан кейін бала пайда бола бермейді. Табиғаттың заңы сондай. 1 айда 20 жастағы әйелдің бала көтеру мүмкіндігі 15-20 пайыз ғана. Қалайша денеден ұрықтандыру әдісінен 100 пайыз кепілдік сұрағыларыңыз келеді. Егер табиғи мүмкіндіктің өзі 15-20 пайыз болатын болса.

Нақты көрсеткіштерге көз салайық. Еліміздегі жасанды ұрықтандырудың нәтижесінде әйелдердің 37 пайызы жүкті болса, баласын құшағына алғандардың саны – 28,1 пайыз. Мамандар мұның қалыпты жағдай екенін айтады. Әлем елдеріндегі шама осы тектес екен. Бірақ бір ескеретіні, басым мемлекеттерде жатырға тек 1 ғана ұрық салынады, ал бізде 3 эмбрионға дейін салынады. Несі бар, жақсы жетілсе, дүние есігін егіздер ашады.

Вячеслав Локшин, Қазақстан репродуктивті медицина қауымдастығының президенті:

– Егіздердің мәселесі жетерлік. Қос ұрық салғанның кесірінен өлім-жітім көп. Көп эмбрион салу салдары соқыр болып туу, сал болу және басқа да босану жарақаттарына әкеліп соғуда. Түтікшеден шыққан 1532 баланың қазіргі жағдайы қандай? Өкінішке қарай оны зерттеген ешкім жоқ. Біз алдағы уақытты сала басқармаларымен бірлесіп бағдарлама жасап, сол балалардың дамуын тексереміз. Егер көп ұрық салу 25 пайызға жетіп, оның жартысы ауру болып туса, онда қатаң шараларға көшеміз. Тек 1 ғана ұрық салатын боламыз. 

Мамандар сондай-ақ экоклиникалар жанынан онкологтың кеңесін ұйымдастыру қажет екенін айтады. Себебі есепке алынған 40 мың обыр ауруына шалдыққандардың 3 мыңында сыртқы жыныс ағзаларының ісігі бар. Сондықтан химиятерапия алмас бұрын сапалы ұрығын банкіге салып, сақтап қою қажет. Кейін сауыққан соң бала сүйгісі келсе, «болашақтың банкісі» бақыт сыйлайды.

Алмаз Ибраев, клиниканың медицина жөніндегі директоры:

– Қазіргі қолданылатын әдіс – жапондық маманның ойлап тапқан әдісі. Бұл әдіспен аналық және аталық ұрықты қатырудың нәтижесі 100 пайыздай. 10-20 жылға дейін сақтала береді. Пациенттердің ішінде өзінің аналық ұрығын немесе аталық ұрығын қатырып қойғандардың саны 5 мыңға жуық.

Жалпы елімізде 23 экоорталық бар. Оның бесеуі – мемлекеттік. Тегін квоталар соңғысына беріледі. Жасанды жолмен балалы болуға мұқтаж жұптарды енді міндетті медициналық сақтандыру жүйесі жарылқауы мүмкін. Жаңа реформа іске қосылса, тізімдегі азаматтарға жылына 1 рет тегін медициналық көмек көрсетілетін болады.

Авторлары: Гүлназ Қабидоллақызы, Ерсін Мұханбеталин, Батырбек Ғаділбеков