ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

Алматыда қаржыгерлердің VII конгресі басталды

Алматыда қаржыгерлердің VII конгресі басталды

Бүгін, төл теңгеміздің 24 жылдығында Алматыда қаржыгерлердің VII конгресі басталды.

Аталған іс-шара соңғы рет 2006 жылы өткен болатын. 11 жылдың ішінде әлемдік қаржы нарығында көптеген өзгеріс болды. Сондықтан бір алаңда бас қосқан қаржыгерлер талқылайтын ортақ мәселелердің болатыны анық.

Ұлан Нарынбек, тілші:

- Бүгінгі басқосуда негізінен макроэкономикалық саясат пен қаржы секторының болашақтағы даму бағыты талқыланбақ. Сонымен қатар конгреске қатысушылар қорландыру, реттеу, бәсекелестік орта мен қаржы секторындағы жаңа технологиялардың қолданылуы секілді мәселелер төңірегінде өз ойларын ортаға салуда. Бүгін сақтандыру нарығындағы жағдай да назардан тыс қалмайды. Конгресс бизнес пен мемлекеттік органдардың және халықаралық қаржы ұйымдарының арасындағы сұқбат алаңының рөлін атқарады.

Асқар Елемесов, қаржыгер:

- Конгрестің негізгі мақсаты – қаржы саласындағы кәсіпкерлерді, басшыларды және мемлекеттік органдарды жинап, осы төңіректегі мәселелер мен сұрақтарды талқылау, пікір алмасу. Бұл конгресс 11 жыл өткізілмеген. Содан бері біраз мәселе, сұрақ жиналып қалды.

Бүгінгі жиынды Қазақстанның Ұлттық банкі, Қаржыгерлер қауымдастығы мен Қазақстан қор биржасы ұйымдастырып отыр. Басқосуға банк, сақтандыру, инвестициялық және брокерлік компаниялардың жетекшілері де қатысуда. Тағы бір сессия Қазақстанның қор нарығының дамуына арналған. Бұл тақырыпты сарапшылар түстен кейін талдайтын болады.