ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

Мектептердегі оқу жүктемесін жеңілдету қажет

Мектептердегі оқу жүктемесін жеңілдету қажет

Ұстаздар мен оқушылардың апталық жүктемесін 18-ден 16 сағатқа қысқарту қажет.

Қазақстанның ата-аналар қауымдастығы сабақтардың салмағын кей пәндердің сағатын азайту арқылы төмендетсе деген ұсынысын білім беру ордаларының өкілдеріне жеткізді. «Мұғалімдердің жүктемесі азайғанымен, жалақысы кемімеуі қажет. Сондай-ақ типтік оқу жоспарына еркіндік берілсе екен», – дейді ата-аналар. Қауымдастықтың ойларын таразыдан өткізген ұстаздар жүктемені жеңілдетуді жақсы қабылдады. Себебі қазір 9-11 сыныптар аптасына 39 сағат оқиды. Ал әлем елдеріндегі шама - 34-35 сағат. Бірақ ол қай сабақтардың есебінен азаяды деген сұраққа келгенде келіспеушілік бар.

Ернұр Омарханов, Астана қаласы №76 мектеп-лицейі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары:

– Бізде дене шынықтыру аптасына үш сағат болады. Сондықтан дене шынықтыруды аптасына 2 сағатқа түсіру деген ұсыныспен келісеміз. Алғашқы әскери даярлық пен дене шынықтыруды кіріктіру деген ұсынысты айтқым келеді. Сондай-ақ орыс мектептеріндегі қазақ тілі мен әдебиеті 5 сағат. Ол кісілер 3 сағатқа түсіруді ұсынған екен. Ол тым төмен. 4 сағатқа ұсыныс жасар едім.