ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

Арнайы қор 205 имамға тұрақты жалақы тағайындады

Арнайы қор 205 имамға тұрақты жалақы тағайындады

Қайырымдылық жасау жүректерге жылу сыйлайды.

Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің жанынан ашылған қорға қолдау көрсетушілердің қатары көбейіп келеді. 5 айдың ішінде жеке тұлғалардан 300 млн теңге жиналыпты. Ол ақшаға қазір мүгедектерге арналған 205 қоларба алу қарастырылып жатыр. Сондай-ақ 5 студенттің жылдық оқу ақысы төленген. Бұл қайырымды шаралардың тек бір парасы ғана.

Ақтөбе қалалық орталық мешітінің наиб имамы Шынболат Үмбетов насихат жұмыстарымен ауданға шықты. Бұл жолы әдеттегідей «ала кет» деп кім көрінгенге жалынышты болмайды. Қордың сыйға тартқан су жаңа көлігімен жүйткиді.

Шынболат Үмбетов, Ақтөбе қалалық орталық мешітінің наиб имамы:

– Аудандарға, шалғай ауылдарға барып, кездесулер, насихаттар жүргізуге өте ыңғайлы болды.

Бұл – қайырымдылық қорының мешітке табыстаған әзірге жалғыз көлігі. Қайырымдылықтың келесі парасы имамдарға жасалыпты. Ел бойынша 205 молда 50-60 мың теңге көлемінде тұрақты жалақымен қамтылыпты. Бұған дейін олар садақа санап, жомарттың жолын бағатын еді.

Аманбол қажы Рымқұлұлы, Қарағанды облысы Абай қалалық мешітінің бас имамы:

Алла разылығы үшін елдің берген нәпақасымен, бірақ енді шынында да қиналатын жеріміз болады.

Молданың қалтасын санады демеңіз, біздікі жағдай түзелсе, сөз түзелер, сөз рас болса, дін тазалығы сақталар деген ой ғой.

Секем алмаңыз. Бұл – Астанада өтіп жатқан біліктілікті арттыру курсы. Жылына бірнеше мәрте ұйымдастыруды қолға алған қор шалғай ауылдардан 60-қа жуық дін қызметкерлерін жинады. Олардың қатарында еңбекақы алатындары да бар. Енді талап күшейеді деген сөз.

Қайрат Айтбай, Корпоративті қайырымдылық қорының президенті:

Әрине, есеп береді, судың да сұрауы бар ғой.

Осындай курс Алматыда да өтіп жатыр. Онда 30 адам білім алуда. Білікті мамандар ұлттық құндылықтар, психология негіздері, құқықтық сауаттылық сабақтарымен қатар Ислам ілімін тереңдетіп түсіндіруді мықтап қолға алыпты.

Аманбол қажы Рымқұлұлы, Қарағанды облысы Абай қалалық мешітінің бас имамы:

– Біреу мысалы Пәкістаннан оқып келеді, біреу мысалы Саудиядан оқып келеді. Сол жақтың үрдісін болмаса дәстүрін алып келіп, менталитеті дейміз ғой, соны дінге араластырғысы келеді, өкінішке қарай. Болмаса жаңағы аят, хадистерді дұрыс түсінбегендіктен, ел ортасында «фитна» дейміз ғой, жаңағы бүлікшілікке апарып, келіннің сәлем салу дұрыс емес деп, қазақтың дәстүріне қарсы тұратындардың әрекеті білімсіздіктен біріншіден, екіншіден хадистің, аяттың төңірегінде қай жерде, қай орында қалай айтылғаны нақты қаралмағандықтан.

Қазақстанда 3800 дін қызметкері бар. Олардың басым бөлігінің әлеуметтік мәселесі шешілмегенін жұрт көріп отыр. Ауылға барған жас мамандар баспана берілмейтіндіктен, тұрақтамай кетіп қалатынын имамдардың өздері растайды. Күллі елді қамту мүмкін болмаса да, алғашқы пәтердің кірпішін қалауды қор ойластырып отыр.

Қайрат Айтбай, Корпоративті қайырымдылық қорының президенті:

– Астана қаласы мен Ақтөбе қаласында бізге жер телімі беріліп, біз оған әлеуметтік үй соғып жатырмыз. Әлеуметтік жағдайы төмен имамдарға, әкімшілікте кезекте тұрған мұқтаж, жағдайы төмен отбасыларына беріледі.

Гүлназ Қабидоллақызы, тілші:

Бұл игі істердің барлығы қайырымды жандардың қаражатының арқасында іске асты. Имансыз рухани жаңғыру қайдан болсын. Мемлекетіміздің адам санасын модернизациялаудағы мақсаты да сол қоғамға пайдаң тисін деген пәлсапаны меңзейді.

Авторлары: Гүлназ Қабидоллақызы, Мансұр Есқожин, Ерсін Мұханбеталин