ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

Ақтау теңіз порты жаңа кемелермен толықты

Ақтау теңіз порты жаңа кемелермен толықты Фото: Порт Актау

Тұңғыш Президент күніне орай, Қазақстан флоты жаңа су көліктерімен толықты.

Бүгін Ақтау теңіз портында қуаты 3 мың аттың күшіне тең келетін екі кемені салтанатты түрде қабылдап алу рәсімі өтті.

Еліміздегі қос өзеннің атауы берілген «Талас» пен «Ембі» сүйреткіштерінде мемлекеттік ту көтерілді. Нидерланды елінде құрастырылған су көліктерінің ұзындығы – 27, ал ені – 9 метр. Озық үлгідегі байланыс құралдарымен жарақталған кемелердің әрқайсысы 2 млрд теңгеден тұрады.

Олар Каспийдегі мұнай-газ кен орындарын игеру жұмыстарына пайдаланылады. Ірі кемелер мен нысандарды сүйреп, зәкір жинау, навигациялық көмек беру секілді бірқатар қызмет түрін көрсетеді. Бүгінде еліміздің теңіз көлік флотында 25-ке жуық кеме бар. Олар Каспий теңізінен өзге Жерорта және Қара теңіздерінде жүк тасып жүр. 

Марат Орманов, «Қазақтеңізкөлікфлоты» ұлттық компаниясының бас директоры:

– Біз мемлекеттік қолдаудың арқасында отандық флотты жыл сайын толықтырып жатырмыз. Келер жылы наурыз айында қатарға «Ырғыз» атауын иеленген үшінші буксир қосылады. Сонымен қатар екі бірдей ірі жүк тасығыш кемені күтіп отырмыз. Румыния кеме жасау зауытында құрастырылған баржалар қазір Каспий теңізінде сынақтан өткізілуде.