ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

БҚО-да 14 көпқабатты және 143 жер үйдің құрылысы жүріп жатыр

БҚО-да 14 көпқабатты және 143 жер үйдің құрылысы жүріп жатыр

Батыс Қазақстан облысында баспана құрылысы қарқынды. Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасына түрлі қаржы көздерінен 14,6 миллиард теңге бөлінген.

Бүгінде облыс орталығында 14 көпқабатты үйдің және аудандарда 143 жер үйдің құрылысы жүріп жатыр. Жыл аяғына дейін өңірде барлығы 278 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілмек. Сонымен қатар бағдарлама бойынша қаланың жанындағы Теректі ауданына қарасты Тоқпай ауылынан коттеджді қалашық салу көзделген. Дәл қазір онда 225 жер телімі бөлініп, 4 құрылыс компаниясы мердігер ретінде белгіленді.

Арман Өксікбаев, БҚО құрылыс басқармасының басшысы:

– Тоқпай ауылындағы коттедж қалашығының эскиз жобасы қазір «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен» бірге қаралып жатыр. Жеке тұрғын үйлер бола ма, таунхаус үлгісінде бола ма, жуырда анықталады. Ол үйлер жер кезегінде тұрғандарға беріледі. Бағасы реттелген, бір шаршы метрі 120 мың теңгеден артық болмайды.