ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

Қымбат нөмірлердің саудасы қызып тұр

Қымбат нөмірлердің саудасы қызып тұр

Осы жылдың он айындағы есеп бойынша 1,1 миллиард теңгеге автокөліктің ерекше нөмірлері сатылған.

Ал жаңа жылдан бастап олар тағы қымбаттайды. Мысалы, «010», «020», «050» секілді нөмірлер кемі –  135 мың теңге. Егер осы нөмірлерді үш бірдей әріппен алғыңыз келсе 274 мың теңге төлейсіз. Қазір темір тұлпарына көз тартар нөмірлерді аттай қалап алатындар көбейген. Әсіресе Алматы, Астана қалалары мен оңтүстіктің тұрғындарынан сұраныс көп.

Айбар Төлжанұлы, тілші:

– Әдемі иә? Көлікке көрік беретін нөмірлерді сатып алу қазір трендке айналды. Қалтаңыз көтерсе, қалағаныңызды алыңыз. Биылдың өзінде вип нөмірлердің 32 мың данасы сатылған. Енді жаңа жылдан бастап халыққа қызмет көрсету орталығына бармай-ақ, сүйікті нөміріңізге онлайн тапсырыс бере аласыз. 

Яғни қазіргідей табаныңыздан таусылып, сатып алған нөміріңізді екі сағат күтіп жүрмейсіз. Ақшасын онлайн төлеп, онлайн тапсырыс беріп, дайын кезде алып кетесіз. Бұл жүйені қазір ішкі істер министрлігінің мамандары дайындап жатыр.

Ирина Лукьянина, ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ресми өкілі:

– Ондай нөмірлер Қазақстан Республикасының салық кодексімен  және халықтың сұранысымен анықталады. Жаңа жылдан бастап қымбат нөмірлердің қатарына 010-нан 090-ға дейін және 707, 077 де қосылады.

Астанада күніне 8-10 нөмір сатылады. Айына кемі 40 миллион теңге табыс түседі. Қымбат көлігіне қымбат нөмір таққысы келетіндердің көбісі ер азаматтар екен. Біреуі ырымдап таңдайды, біреуі туған күнінің датасымен бірдей қылады.

Ал Ержас Байзілдә «ауди-100» маркалы көлікпен жүреді. Нөмірін соған сәйкес қылып сатып алмақ.

Ержас Байзілдә, Астана қаласының тұрғыны:

– Менің көлігім ауди-100. Байқасам, мұнда «COT» деген сериялы нөмір бар екен. Жаңа барып бағасын білдім, қатты қымбат емес екен. Ақшасын төлесең болды, артық қағаздарды толтырудың керегі жоқ. 

Ақшасын төлесем болды, қалағанымды алам деген әңгіме жоқ. Кез келген цифрды таңдауға болады. Бірақ кез келген әріпті таңдай алмайсыз. Тек бірдей әріптерге тапсырыс беруге болады. Мамандар келесі жылы да VIP нөмірдің дәурені жүретініне сенімді. «Тек дараланамын деген ниет дарақылыққа айналып кетпесе», – дейді.

Авторлары: Айбар Төлжанұлы