ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

Атажұртқа ат басын бұрған қандастарымыздың саны артып келеді

Атажұртқа ат басын бұрған қандастарымыздың саны артып келеді

Елбасы бастамасымен елімізге оралған қандастарымыздың саны бір миллионнан асты.

Бүгінде түрлі салада қызмет атқарып, кәсіптерінен нәсіп тауып отыр. Мемлекеттік бағдарлама тарапынан көрсетілген көмек өз жемісін беруде. Нәтижесі айтарлықтай жақсы.

Құндызай Ерімбетова, Мемлекеттік тарихи институтының жетекші ғылыми қызметкері:

- Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде, 1991 жылы 31 желтоқсанда Президент «Қазақ радиосынан»: «Қымбатты отандастар, қадірлі ағайын, қандастар, бауырлар», – деп, бүкіл шетелдік қандастарымызға мәлімдеме жасады.

Осы мәлімдемеден кейін жырақта жүрген 983 отбасы атамекенге ат басын бұрды. Атажұртқа келгендердің алғашқы легін Елбасы өзі қарсы алды. Тарихи үрдіс әлі де жалғасып келеді. Мәселен, Азамат Жайкенұлы атақонысқа 1992 жылы табан тіреген. Қазір Астана іргесіндегі Қоянды ауылында тұрады. Ата кәсібін дөңгелетіп отыр.

Бірлік Берікұлы, тілші:

- Жайкеновтер әулеті жылқы шаруашылығымен айналысуды қолға алып, бейнеті көп істің зейнетін көріп жатыр. Қазіргі таңда бұл жерде 400-ге жуық жылқы бар. Мінсең – көлік, жесең – ас, ішсең сусын болатын төрт түліктің берері көп. Азамат ағамыз алдағы уақытта жылқы басын 400-ден мыңға дейін жеткізуді көздеп отыр.

Азамат Жайкенұлы, жеке кәсіпкер:

- Мемлекеттік бағдарламалардың арқасында ана жақта қалған ағайындарды шақырту жеңілдей түсіп жатыр қазір. Елбасының арқасында қуанып, елімізге келдік.

Ұлы көштің мұратын арқалаған ағайындарымыздың саны бүгінде бір миллионнан асты. Олардың көбі еңбекке жарамды. 18 жасқа дейінгі жастар саны 20 пайыздан асады. Қаршадайынан Қазақстанға келіп, білім алғандардың қатарын Ұлан Дауылұлы да толықтырған. Бүгінде жеке Білім орталығын ашып, ұстаздық етіп жүр.

Бірлік Берікұлы, тілші:

- 2016 жылдан бастап Білім беру орталығы бүгінде 150-ге жуық шәкірт тәрбиелеп отыр. Бірінші сыныпқа дейінгі даярлау сыныбынан бастап 11-сыныпқа дейінгі оқушылар мектептен тыс уақытта осы жерге келіп дәріс алады. Ал қазір қасымызда отырғаны – 6 жасар әріп үйреніп, сауат ашып жүрген балалар.

Ұлан Дауылұлы, Білім беру орталығының жетекшісі:

- Елбасым айтпақшы, «Болашақ бүгіннен басталады» дегендей, әрбір баланы осы қабілеттілікке үйрету керек. Бізде қазақ елін әлемге танытатын ұрпағымыз бар. Осы орталық арқылы оларды тәрбиелеп, қазақ елін әлемге танытсам деген ойым бар.

Осылайша еліміздің қарыштап дамуына сүбелі үлесін қосуға ниетті азаматтар қатары артып келеді. Сөзсіз, мұның бәрі – Елбасының сарабдал саясатының мәуелі жемісі.

Авторлары: Бірлік Берікұлы, Аманжол Байғазин