ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

Маңғыстау облысында автожол құрылыстары қарқынды жүріп жатыр

Маңғыстау облысында автожол құрылыстары қарқынды жүріп жатыр

Маңғыстау облысында «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы қарқынды жүзеге асып жатыр.

Күні кеше мұнайлы түбекті еліміздің өзге өңірлерімен жалғайтын жалғыз автожол «Ақтау-Шетпе» жолы пайдалануға берілді. Бұл – «Астрахань – Түрікменстан шекарасы» халықаралық транзиттік дәлізінің бір бөлігі.

Қазір аймақта «Жетібай-Жаңаөзен» тасжолын жаңғырту жұмыстары басталды. Жол апаты жиі болатын бұл жолдың жөнделуі жолаушы қауіпсіздігі үшін аса маңызды.

Ақтаудан Шетпеге дейінгі автожол құрылысының аяқталуын аймақ жұртшылығы асыға күтті. Себебі бұл – Маңғыстауды еліміздің өзге өңірлерімен байланыстыратын жалғыз тасжол. Жолды толық жаңартып, кеңейту жұмыстарына ел қазынасынан 36 млрд теңге жұмсалды. Енді осы көлік дәлізі арқылы Ақтау мен Құрық теңіз порттарына жүк тасымалданып, Каспий маңы аймағының дамуына ықпал етпек.

Ералы Тоғжанов, Маңғыстау облысының әкімі:

- Бұл біздің адамдардың, азаматтардың өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз етумен тікелей байланысты. Бұл біріншіден. Ал екіншіден, осы жолдың бойында қаншама адам өз кәсібін ашып, бизнестің орталықтары пайда болып жатыр. Ол іс жүзінде азаматтардың үлкен жұмыспен қамтамасыз етуде. Үшіншіден, осы жолдың бойында қаншама азамат өздерінің жұмыс орындарын тапты.

Аймақта тағы бір жолдың құрылысы басталды. Тозығы жеткен «Жетібай-Жаңаөзен» тасжолы қайта жаңғыртылмақ. Төрт жолақты жол салынып, ені 9 метрге кеңейеді. Құрылыс жұмыстарына 600-дей адам мен 250 техника тартылды. Құрылысшылар: «Жолды екі жылға жетпей қолданысқа береміз», – деп отыр.

Мұрат Зинабилов, мердігер компания өкілі:

- Мына қолайлы жерде, Ақтаудың басында битум шығады. Шетпеден қиыршық тастар шығады. Жергілікті материалдардан жол салынады. Мына көпір салынатын материалдар Алматыдан келетін болады.

«Жетібай-Жаңаөзен» жолы – аймақты Түрікменстан шекарасымен жалғайтын автожолдың бір бөлігі. «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында көрші елдермен қарым-қатынас нығая түспек.

Келер жылы Өзбекстанға жаңа автожол ашылады. Қазір Бейнеуден Өзбекстан шекарасына дейінгі ескі тасжол жөнделіп жатыр. Аталған жолдар іске қосылған соң, Маңғыстау облысы арқылы жылына 20 млн тоннадан астам жүк тасымалданбақ.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев, Сұңғат Төлебаев