ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

Қазақстанның органикалық өнімдерді өндіруге мүмкіндігі мол

Қазақстанның органикалық өнімдерді өндіруге мүмкіндігі мол

Бірақ біздің шаруалар табысы көп болғанымен, талабы жоғары бұл өндіріске бет бұруға құлықсыз көрінеді.

Бүгін Алматыда органикалық азық-түліктер өндірісін дамытуға арналған форум өтті. Сол жиында саладағы қордаланған мәселенің барлығы айтылды.

Жыл өткен сайын экологиялық таза өнімдерге сұраныс артып келеді. Бұған қарамастан, әлемде органикалық өндіріс көлемі тек 1 пайызды ғана құрайды. «Тұтынушыны қоспасыз, сапалы өніммен қамтамасыз ету үшін жер мен өнімді баптаудан бөлек әлемдік стандарттарға сай сараптамадан өту қажет», – дейді мамандар.

Нағима Таванова, шаруашылық жетекшісі:

- Химиялық тыңайтқыштарды қолданғанда өнім тез өседі. Сәйкесінше, табысқа да тез қол жеткізуге болады. Ал органикалық өнім өндірудің талабы жоғары. Дегенмен нарыққа кірген соң, таза өнім өндірушінің пайдасы бірнеше есе көп болатыны жасырын емес.

Қазақстанда 350 мың гектар жерде органикалық өнім өндіріледі. Бұл еліміздің жалпы егіс алқаптарының 1,5 пайызы ғана. Ғалымдар өнім көлемін арттыру үшін жаңа технологияларды меңгеру қажеттігін айтады.

Тілектес Есполов, ҚазҰАУ ректоры:

- Әлемдегі жаңа технологияларды, инновацияларды, жаңа идеяларды тартуымыз керек. Ауылшаруашылық өнімдерін жаңа технологиялар арқылы жаңа органикалық өнім өндіріп, оны сертификация жүргізу керек. Біз сол өнімді әлем стандартының талаптарына сай келтіруіміз керек.

Қазақстанда «Органикалық өнім өндіру туралы» заң 2015 жылы қабылданған. Мемлекет экоөнім шығарушыларға қолдау көрсетеді. Ал қазақстандық таза өнімдерге Қытай мен Ресей қызығушылық танытып отыр.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Ермек Абдрахманов