ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

Ахметжан Есімов: «Астана ЭКСПО-2017» көрмесі әлі талай ұрпақтың игілігіне жарайды

Ахметжан Есімов: «Астана ЭКСПО-2017» көрмесі әлі талай ұрпақтың игілігіне жарайды

Тарихтағы ең табысты көрме.

Халықаралық көрмелер бюросының бас хатшысы Висенте Лоссерталес Астанада өткен ЭКСПО-2017 мамандандырылған көрмесіне осындай баға берді. Бас хатшы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс хат жолдаған. Шынымен де бұл көрме тұтас ұлтты ұйыстырған жоба болды. Табысқа толы 93 күн тарих қойнауына кетсе де, оның игілігі елге қалды.

Көрмені өткізуге халық болып жұмылдық, бірақ еңбегін бөле-жарып айтуға тұрарлық тұлғалар да бар. Мәселен, ұлттық жобаны тығырықтан алып шыққан мемлекеттік менеджер Ахметжан Есімовті атауға болады. Көрме жайлы көпшілік біле бермейтін жайттарды «ЭКСПО-2017» басқармасының төрағасы біздің телеарнаға берген арнайы сұхбатында айтып берді.

Бұл көрме ең алдымен елдің имиджі үшін қажет еді. ЭКСПО-ны өткіземіз деп өрекпіп жүргенде, оны ұйымдастыруы тиіс ұлттық компанияның экс-басшыларының былығы ашылды. Сол уақытта көтере алмайтын шоқпарды белге байлағандай болған едік. Алайда көрмені өткізуді басты назарына Президенттің өзі алды. «Ұлттық жобаның» болашағын Ахметжан Есімовке сеніп тапсырды.

Ахметжан Есімов, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқармасының төрағасы:

- Елбасы мені тағайындағанда қандай қызмет болатынын білген жоқпын. Оған дейін бір де бір көрмеде де болған жоқпын. Келген соң, іске кірістік. Жағдай оңай болған жоқ. Мысалы күнделікті 40 шақты қызметке құқық қорғау органдарына шақырылып отыратын. Сондай процесс жүріп жатқан кез болатын.

Ұлттық компанияға үнем керек еді. Қазақ – ысырапшылдықты құптамайтын халық. Оның үстіне елдегі экономикалық ахуал да артық шығынды көтермейтін. Осыны түсінген Ахметжан Смағұлұлы келе сала ұлттық компанияның тұтас құрылымын өзгертті. Бұрын 14 болған басқарушы директор мен олардың орынбасарларының саны бірден беске қысқарды.

Ахметжан Есімов, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқармасының төрағасы:

- Қаражат тым көп жоспарланған екен. Әр жобаның алдында алдымен оның негіздемесі жасалады. Техникалық-экономикалық негіздеме бойынша 816 млрд белгіленген. Ол Үкіметтің шешімімен бекітілген. Оны жан-жақты талдадық. Қысқаша айтқанда, 360 млрд теңгеге қысқарттық. Көп мәселенің бағасын жоғарылатып жіберген. Сондықтан біраз кадр кетті, жаңа кадрлар келді. 2016 жылдың басында 3-4 ай дегенде ұжым тұрақталды. Сол ұжыммен алға қойған мақсатты толық шештік.

Білікті басшы, шебер ұйымдастырушы Ахметжан Есімов «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының басшылық тізгінін қолға алға сәттен бастап жұмыс жанданып жүре берді. Бас-аяғы 21 ай ішінде бес жылда атқарылатын жұмыс еңсерілді. Ең бастысы Астанада әлем ғажайыптарының санатына қосылатын ЭКСПО мұрасы бой көтерді. Ол – ұлттық бас павильон ғимараты «Нұр әлем». Көрме барысында «Нұр әлемді» 1 млн 300 мың адам тамашалаған.

Ахметжан Есімов, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқармасының төрағасы:

- Мұндай нысан дүние жүзінде жоқ. Бірінші рет салынып отыр. Егер де біз Париждегі Эйфельді алатын болсақ, 120 жылдан асса да, әлі күнге дейін қызмет етіп жатыр. Туристердің бәрі Парижге барса, соны көргісі келеді. Біз де онда болғанбыз, білеміз. Оны әрине, «Нұр әлеммен» салыстыруға болмайды. Қай жағынан алсақ та. Келешекте «Нұр әлем» халықтың игілігіне қызмет атқарады деп ойлаймыз. Тек қана біздің халық емес, шетелдіктер де оған қызығып келеді.

Көрме Қазақстан экономикасын дамытуға оң әсер етті. Шағын және орта бизнестің бағы жанды. Туристік сектор тірілді. Елорда бюджетінің бүйірі толды. Ең бастысы, әлем қазақты таныды, оның да өркениетке ұмтылған өр халық екеніне көз жеткізді. «Астана ЭКСПО-2017» көрмесі әлі талай ұрпақтың игілігіне жарайды», – дейді Ахметжан Есімов.

Ахметжан Есімов, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқармасының төрағасы:

- Мысалы, Энергетика министрлігі 100-ден астам жобаны қазір Қазақстанда қалай пайдалану керектігін ойластырып жатыр. Ол әрине, болашақта біздің экономикамызға оң әсерін тигізетіні сөзсіз. Салынған ғимараттар әрі қарай да жұмысын жалғастыра береді.

115 мемлекет, 22 халықаралық ұйым, 28 мемлекеттің басшысы Астанаға ат тіреді. Энергетика, құрылыс және инвестиция саласында Қазақстанның іскер топтарының қатысуымен 39 келісім жасалды. Елордада өткен көрмені 3 997 545 адам тамашалады. ЭКСПО-2017 көрмесінің арқасында тәуелсіз Қазақстанды төрткүл дүние таныды. Ал мұның артында әлемдік шараны ұйымдастыруда ерекше іскерлік танытқан білікті мемлекеттік менеджер Ахметжан Есімовтің ерен еңбегі жатыр.

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Бекболат Базаров, Естай Тастекеев