ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

Қостанайда индустриалды аймақ ашылды

Қостанайда индустриалды аймақ ашылды

Өндіріс алаңында инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасау үшін бірінші кезекте әкімшілік-тұрмыстық кешен салынған.

Онда келген кәсіпкерлерге банк, нотариаттық секілді бірнеше қызмет түрі көрсетіледі.

Екі жыл бұрын облыс орталығының іргесіндегі мына бір аумақ бос жатқан жазық дала болатын. Қазір бұл жерде қызу құрылыс. Мамандардың болжамынша, 3-4 жылда индустриалды аймақ тірлігі қайнаған өндіріс алаңына айналады.

Абай Нұрлыбаев, Индустриалды аймақты дамыту департаментінің директоры:

- Бүгінгі күні үш өндірістік орнын салу жоспарлануда. Оның біреуі – болт, шайба шығаратын зауыт. Екіншісі үлкен көліктерге құрал-жабдықтар шығаратын, содан кейін қағаз жәшіктерін шығаратын өндірістік кәсіпорын орналасады. Барлығы бұл жерде 50-ден астам кәсіпорын орналасуы мүмкін.

Қазір мұнда лифт құрастыратын зауыт салынып жатыр. Олар алдағы жылдың мамыр айында алғашқы өнімдерін шығара бастайды. Жедел сатыға Қазақстанда ғана емес, көрші елдерде де сұраныс зор.

Михаил Молочников, инвестор:

- Жылына мың жарым лифт шығаруды жоспарлап отырмыз. Болашақта ТМД аумағында ғана емес, алыс шетелдерге шығу ойымызда бар. Индустриалды аймақта бізге беріліп отырған жеңілдіктер бәсекелестік қабілетімізді арттыра түседі.

Архимед Мұхамбетов, Қостанай облысының әкімі:

- Инвесторларға жер телімі беріледі. Одан тыс барлық инженерлі коммуникация, автокөлік, теміржол тұйығы өткізіледі. Мұның сыртында салық жеңілдіктері қарастырылған.

Индустриалды аймақтың бірінші кезеңінің құрылысына ел қазынасынан 2,5 млрд теңге жұмсалған. Алдағы 2018 жылға да шамамен осынша қаржы қаралып отыр.

Мағауия Қалиев,тілші:

- Индустриалды аймақтың жалпы аумағы – 400 гектар. Бұл жерде екі жылдың ішінде кем дегенде оннан астам кәсіпорынды іске қосу көзделіп отыр. «Егер бұл аумақты еркін экономикалық аймаққа айналдыру ұсынысы Үкімет тарапынан қолдау тапса, инвесторлардың қызығушылығы арта түсері сөзсіз», – дейді жергілікті мамандар.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг