ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

«Бозой» жерасты газ қоймасында газ құрғату қондырғысы іске қосылды

«Бозой» жерасты газ қоймасында газ құрғату қондырғысы іске қосылды

Қайта жаңғыртылған «Бозой» газ қоймасында салынған газ құрғату қондырғысы іске қосылды.

Бұл нысанды да іске қосуға кешегі телекөпір кезінде Елбасының өзі пәрмен берген еді. Жоба мемлекеттің Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асты.

Қазақстандық газдың тұрақты тасымалын қамтамасыз ету үшін және оңтүстік өңірлерде газ тапшылығын болдырмау мақсатында «Бозой» жерасты газ қоймасы қайта жаңғыртылды. Ал мұндағы заманауи газ құрғату қондырғысы газдың сапасын арттырып, ылғал мен артық қоспалардан тазартып отырады. Телекөпір кезінде нысанды іске қосуға пәрмен берген Елбасы жобаның маңыздылығына тоқталды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қысқы кезде оңтүстіктегі қазақтардың бәрі тоңып-жаурап, «қайдан газ аламыз?» деп, бәріміз Үкімет, ел болып сұрап жүрдік. Мінекей, қазір содан шығу үшін бұл мәселені шештік. Мына құбыр өте қажет. Тек қана елді газдандыру емес, экспортқа шығаратын газға ие болдық. Сондықтан ел үшін өте маңызды бұл нәрсені шештіңіздер. Сол үшін сіздерге ризашылығымды білдіремін. Жақсылық тілеймін, еңбектерің табысты болсын! Жіберіңдер, қосыңдар!

Жаңа қондырғы іске қосылғалы газ өткізу көлемі тәулігіне 27 млн текше метрге дейін артты. Нысанның қуаттылығы 6 ай бойы жиналған 3 млрд текше метр газды құрғатып, өңдеуге жетеді. Жаңа жоба Ресей, Өзбекстан мен Қытайға тасымалданатын газ транзиті мен экспорттың көлемін ұлғайтты.

Мұқатай Шанбатыров, «Интергаз Орталық Азия» АҚ бас директорының бірінші орынбасары:

- Біз осы қондырғы арқылы газдың сапасын халықаралық деңгейге көтердік. Сондықтан Қытайға газ экспорттауға толық мүмкіндік алдық. Қазір енді қазан айынан бастап бірінші шарт бойынша 5 млрд-қа дейін газ экспорттаймыз.

Құрғатылған сапалы газ «Бұқара-Орал» және «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральдық газ құбырлары арқылы Ақтөбе облысы мен оңтүстік өңірлерге үздіксіз тасымалданады әрі құрғақ газ өтетін құбырлардың қызмет ету мерзімі ұлғайып, өнімділігі артты.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Болат Молдағалиев