07:00 Әрі қарай эфирде: ҚР Әнұраны
+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

Қазақстан астанасының ауысқанына 20 жыл толды

Қазақстан астанасының ауысқанына 20 жыл толды Фото: Elorda Aqparat

Астанаға – 20 жыл. 1997 жылы 10 желтоқсанда Нұрсұлтан Назарбаев астанамыз Ақмолаға ауысқанын халыққа ресми түрде жариялаған еді.

Жалпы бас қаланы көшіру идеясын Елбасы сонау 1994 жылдың 6 шілдесінде көтерген. Әу баста бұл бастаманы көпшілік бірауыздан қолдай қойған жоқ. Соңғы нүкте тек араға үш жыл салып, 1997 жылдың желтоқсанында қойылды.

Алғашқылардың бірі болып Ақмолаға мемлекет қызметкерлері келді. Көне кадрларға көз салсаңыз, Мәжіліс депутаттарының арқаға табан тіреп, арқа-жарқа боп жатқанын көресіз.

Жұмыс бабымен елордаға ауысқан Астананың қазіргі құрметті азаматы сол кезде елеусіз қалғанын еске алады.

Төлеген Мұхамеджанов, композитор, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Астана қаласы әкімінің орынбасары (1998-2004):

Өзім сасып қалдым, қап-қараңғы түн, ызғар жел, қайда барам, қайда қонам.

Бойды кернеген ыстық қайрат барда аяздың не қауқары бар дейсіз. Елбасының елдік мұратынан жылу алған жүректер арқаға ағылды. Ақмоланың өзінде ұлы тойға қызу дайындық жүрді.

1997 жылдың қараша айы. Жел азынаған Ақмола көшелеріне жылылық орнай бастады. Бірден 24 көшенің атауы қазақыланды. Мысалға, Ленин көшесіне Абайдың есімі берілді. Карл Маркс Кенесары, Авдеев Уәлиханов, Делегатская Сарыарқа болып өзгерді. Бір айдың ішінде облыс орталығы болған шағын қаланың келбеті қазақ тарихындағы таңдаулы тұлғалардың есімімен ерекшеленді. Жаңа астананың алғышарты осылай қалыптасты.

Ал 10 желтоқсан күні ел Президенті жаңа резиденциясынан күллі халыққа тіл қатты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– С сегодняшнего дня, 10 декабря 1997 года, столица Казахстана - город Акмола. Все важнейшие решения будут приниматься здесь. Мы государство мирное, говорим о своих мирных намерениях всем нашим соседям и мы обращаемся ко всему казахстанскому народу, мы прибыли сюда для того, чтобы служить нашему народу и его будущему благополучию.

Тарихи шешім паш етілгеннен кейін Қазақстанның мемлекеттік рәміздері мен президент байрағы салтанатты түрде жаңа астана төріне орнатылды. Ақсақалдар Елбасына батасын беріп, қала кілтін табыс етті.

Төлеген Мұхамеджанов, композитор, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, 1998-2004 жж Астана қаласы әкімінің орынбасары:

Көштердің ішіндегі ең ұлы көш болды. Себебі біз алғашқы болып, егеменді ел болып, өзіміздің астанамыздың қайда болатынын шештік. Біздің алдымызда біресе Қызылорда, біресе Орынборда, біресе Алматы болды, оны әрдайым Мәскеу шешкен, ал мынау алғаш рет біз өзіміз халық болып, мемлекетіміздің туын тіктік.

Елбасы Астананы жариялаған күмбез зал осы. Өзгеріссіз сол қалпы сақталған. Бүгінде музейге айналған алғашқы резиденция сол тарихи сәттен сыр шертеді.

Жадыра Әубәкірова, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы музейінің сарапшысы:

– Алтын залда орналасқан үстелдің басында Астана қаласының бас құрылыс жоспары талқыланған болатын. Яғни екі рет үлкен конкурс өткізіліп, екінші конкурста атақты жапон архитекторы Кисе Куракаваның жобасы жеңіп шыққан болатын.

20 жылда бағанағы айтқан ескі көшелерге жаңа көшелер қосылып, қала өсті. Сол жағалауда жаңа әкімшілік аудан бой көтерді. Халық саны артты. 1997 жылы мұнда 300 мыңға жетер-жетпес адам болса, қазір миллионнан асады. Көш әлі жалғасуда. Қала басшылығы астаналықтар 2 миллионға жетеді деп жаңа жоспар құруда.

Авторлары: Гүлназ Қабидоллақызы, Айдос Меделбеков, Ерсін Мұханбеталин