СҚО-да мереке қарсаңында заманауи сүт фермасы ашылды

СҚО-да мереке қарсаңында заманауи сүт фермасы ашылды

Жергілікті кәсіпкер «Туған жер» бағдарламасы бойынша ауылға 1 млрд 300 млн теңге инвестиция құйып, 600 сауын сиырға арналған мал шаруашылығы кешенін салды.

Дәуіт ауылындағы бос жерлер жылдар бойы иесіз жатқан. Осы елдің азаматы Марат Шәпенов екі жылда заманауи тауарлы-сүт фермасын салып, 80 жерлесін жұмыспен қамтыды. Енді елді мекенде сүт кешені де бар.

Дәуіт ауылының сауыншылары тың технологияның тілін тапты. Сүт кешені Германияның соңғы үлгідегі қондырғыларымен жабдықталған. Тіпті сиырдың жай-күйін де білуге болады.

Баян Жарова, сүт кешенінің меңгерушісі:

– Әр сиырдың мойнында, аяғында сәйкес келетін нөмірі бар. Сол арқылы қай сиырдың қанша сүт беретінін білім отырамыз. 24 сиыр кіргізіледі. Сиырлар 7 минутта сауылып болады. Осындай ферма ашылып, бірнеше кісі жұмысты болып жатыр.

Кешен жылына 2 мың 100 тонна өнім өңдейді. Сүттің сапасы да ерекше назарда. Ол арнайы зертханада тексеріледі.

Марат Шәпенов асылтұқымды малды бұрыннан бағады. Енді сүт өңдеуге бет бұрды. Шаруа 600 семинталь мен қара ала сиырын алып, сүт фермасын ашты. «Бұл – Тәуелсіздік күнінің тартуы», – дейді ол.

Марат Шәпенов, фермерлік шаруашылық басшысы:

– Президент Нұрсұлтан Әбішұлының арқасында ауыл шаруашылығына бет бұрылып, қолдау жасалып жатыр. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша елдің көркеюіне үлес қосу үшін ферма салдым. Тұрақты жұмыс орындары ашылды.

Тауарлы-сүт фермасына 80 ауыл тұрғыны жұмысқа тұрды. Орташа айлықтары – 120 мың теңге. Енді шаруа зауыт салып, айран, қаймақ, ірімшік шығаруды көздеп отыр.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов, Руслан Әлиев және Дмитрий Рура