«Самұрық-Қазына» алдағы 5 жылда қаражатты технологиясы дамыған компанияларға инвестициялауға ниетті

«Самұрық-Қазына» алдағы 5 жылда қаражатты технологиясы дамыған компанияларға инвестициялауға ниетті

«Самұрық-Қазына» ұлттық қоры басшылығының айтуынша, нақты құндылықтарға негізделген мәдениет қалыптастырмағанша, табысқа қол жеткізу мүмкін емес.

Астанада «Самұрық-Қазына» ұлттық қорының қызметкерлері жиналып, 5 жылды қорытындылап, алға жаңа мақсаттар қойды.

Әріптестік, құрмет, интеграция, меритократия және мінсіздік – «Самұрық-Қазына» ұлттық қорының бес құндылығы. Президент тапсырған трансформация бағдарламасының шеңберінде компанияда соңғы 5 жылда жаңа корпоративтік жүйе құрылды. Бүгінгі таунхолл, яғни ұжымдық жиналыс – жаңа корпоративтік мәдениеттің бастауы.

Өмірзақ Шөкеев, «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы:

– Біздің өндірістегі немесе кеңседегі қарым-қатынас пен мәдениетті алып қарасақ, батыстық дамыған компанияларға қарағанда үлкен алшақтық бар. Сол алшақтықты жою үшін біз жаңа мәдениет қалыптастыруымыз керек.

«Самұрық-Қазына» үшін биылғы жыл табысты болды. Қор компанияларының жиынтық таза пайдасы 540 миллиард теңгеге жуық болады деп күтілуде. Бұған қоса ұлттық қорды елдегі жаңашылдықтың елшісі деуге әбден болады.

Арман Евниев, Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы:

– Халықтың ой-санасын өзгерту үшін алдымен агенттер немесе елшісі болуы керек. Осы елшінің рөлін «Самұрық-Қазына» соңғы 4-5 жылда жақсы атқарып жатыр. Бұл жерде «мен бастықпын, сен менің қарамағымда істейсің, менікі дұрыс» деген форма болмайды. Оны біз өзгертуіміз керек.

Алдағы 5 жылда «Самұрық-Қазына» ұлттық компаниялардағы үлесін азайтып, қаражатты технологиясы дамыған компанияларға инвестициялауға ниетті. Сөйтіп жаһандық ойыншылардың біріне айналмақ.

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Әлібек Әлиев