10:45 Әрі қарай эфирде: «Мечты сбываются» программа
+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

Астана 20 жылда экономикалық өсімнің үлгісіне айналды

    Сәрсенбі, 20 Маусым 2018 19:10

Астана 20 жылда Қазақстанның елордасы ғана емес, экономикалық өсімнің үлгісіне айналды. Қолынан іс келетін кәсіпкерлер мен берекелі бизнесмендер Астанаға жиналып, жаңа жұмыс орындарын ашты. Есесіне салықтан түскен табыс елорда мен елдің дамуына септігін тигізді. 20 жылда салық түсімі 70 есе артып, былтыр қаланың қоржынына 1 трлн теңге түскен.

Сіз жылына қанша жұп шұлық сатып аласыз? Бізге күнделікті білінбегенмен, дәл осы шұлық өндірісі пайданың шын көзі екенімен келіспеске болмайды. Енді келесі сұрақ. Сіз киіп жүрген шұлық қай жақта өндірілген? Қытай, Қырғыз әлде Ресей ме? Мамандар: «Отандық шұлық өндірісін шұғыл ширату қажет», – дейді.

Динара Ибраева, кәсіпорынның өндірістік директоры:

- Бізге шұлықтардың 80-90%-ы шет елден келеді. Ал олардың құрамын сараптағанда, тек 20 пайызы мақта өнімі, қалғаны синтетика екенін анықтадық. Бұл – тұтынушыны алдау. Біз 2017 жылы қазақстандық табиғи шұлық шығаруды қолға алдық.

Бұл – Қазақстанда шығарылған шұлықтар. Табиғи таза материалдан тоқылады. Астанадағы кәсіпорын жылына 1,8 млн жұп шұлық шығарып, осылайша импортты ығыстырмақ. 2010 жылдан бері әскери киім мен жабдықтар тігетін кәсіпорын енді халыққа қажет отандық тауарлардың түрін көбейтуге кіріскен. Кәсіпорын қаланың қоржынына былтыр 31 млн теңге салық төлепті. Астанамен бірге өсіп келетін өндірісте 62 адам жұмыс істейді.

Хайрниса Әбдіразақова, тігінші:

- Өрт сөндірушілердің костюмін тігіп отырмыз. Жалақысын уақытында беріп тұрады, былай ауыр деуге болады. Бірақ кәсібімізге үйреніп қалдық.

Астана – тек мемлекеттік қызметкерлердің ғана емес, кәсіпкерлердің де ордасы. Екі онжылдықта иен дала бизнес мегаполиске айналды. Қазір елордада 100 мыңнан аса шағын және орта кәсіп иесі тіркелген. Ал 1997 жылы небәрі 4,5 мың болғанын ескерсек, нәтижесі таңдай қақтырады. 2017 жылы Астанада салық түсімі 1 трлн теңгеге жетті, үштен бірі – осы бизнестің үлесі. Сол 1 трлн теңгенің 78%-ы республикалық бюджетке бағытталды. Яғни салықтан түскен табыс елорданың да, елдің де пайдасына жаратылуда.

Қанат Әділбаев, Астана қаласы мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары:

- Егер қалалық бюджетке былтыр 240 млрд теңге салық түскен болса, соның 57,4-і – тек қана шағын және орта бизнестен түсіп отырған салық көлемі. Қазірдің өзінде шағын және орта бизнеске Елбасының тапсырмасымен әртүрлі жеңілдіктер қарастырылуда. Биылдан бастап жаңа салық кодексі күшіне енді. Кәсіпкерлердің ставкасы былтыр 2 пайыздан 1 пайызға төмендеді, әлеуметтік салықтардың 9,5%-11% болып отыр.

Астана – кәсіпкерлік үшін қолайлы қала. Тәуекелге барсаң, мыңдаған мүмкіндік ашылады. Қала билігі де «бизнес бастаймын» дегендерді қолдауға әзір.

Рыскүл Қауғабаева, Астана қ. инвестиция және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары:

- Былтырдан бері кәсіпкерлікті енді қолға алғандар үшін жаппай кәсіпкерлік және нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы іске қосылды. Берілетін қарыз көлемі 18 млн теңге, кәсіпкерліктің түрі мен жас мөлшеріне шектеу жоқ. Астананың 20 жылдығына біз жақсы көрсеткіштермен жеттік. Елорда кәсіпкерлік үшін ең қолайлы қалаға айналып келеді.

Елорда магнит секілді. Инвестиция үшін тартымды орталыққа айналды. Былтыр елордаға тартылған инвестиция көлемі 945 млрд теңгеге жеткен, оның 200 млрд теңгесі тікелей шетелдік инвестициялар.

Алп Малазгирт, инвестор /түркия/: 

- Елде инвесторларға үлкен жеңілдіктер жасалған. Біздің холдинг Қазақстанда 2014 жылдан бері жұмыс істейді. Осы уақытта мыңдаған жұмыс орнын аштық, салықты үзбей төлейміз. Сенімге негізделген ортада жұмыс істеуге де ынта болады.

20 жылда Астана миллионнан астам тұрғыны бар мегаполиске айналды. Енді елорда 2050 жылға дейін әлемнің үздік 10 қаласының бірі атанбақ. Оған жетудің бір ғана жолы – еңбек. Адамның еңбегі пен мемлекеттің ұмтылысы ұштасқанда, ұлы міндеттер оңай орындалмақ.

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Ерсін Мұхаметалин, Есбол Жамшитов

Астанада алтын көпір салынады

    Дүйсенбі, 18 Маусым 2018 19:06

Жақында елордамызда Ұлы Жібек жолының алтын көпірі салынады. Бұл – әйгілі Қытай сәулетшісі Шу Юннің жобасы. Бұл көпірдің негізгі ерекшелігі 20 мың кәріптас кірпіш болмақ. Онда Жібек жолы бойындағы елдердің ұлттық түстері бейнеленеді.

Жанетта Ескенова, Жібек жолы қалалары мэрлерінің жаһандық форумының ұйымдастырушысы:

- Ұлы Жібек жолы көпірінің бойындағы  әр кірпішке белгілі бір елдің нышаны іспеттес гүл қойылмақ. Олардың жалпы саны – 53, яғни Жібек жолы елдерінің 53 ірі қаласын бейнелейді.

ОҚО-да елорда мерейтойына орай 20 нысан ел игілігіне беріледі

    Бейсенбі, 14 Маусым 2018 19:36

«Астананың 20 жылдығына – 20 нысан». Оңтүстік Қазақстан облысында елорда мерейтойына арнап әлеуметтік және кәсіпорындардан 20 нысан ашылып, ел игілігіне беріледі. Солардың бірі қаладағы зообақ қайта жөндеу жұмыстарынан кейін жаңа кейіппен халыққа қызмет көрсетуді бастады. Зообақтың сондай-ақ Африка елінің стиліндегі «Сафари» атты жаңа бөлігі келушілерді қуанышқа бөлеуде.

Өткен жылы зообақты тамашалағандар саны 400 мыңнан асып жығылған. Ендігі меже 2020 жылы келушілер санын бір миллионға жеткізу жоспарда. Сондай-ақ бұл күні облыс орталығындағы абаттандыру жұмыстары жүргізілген Қошқар ата өзенің жағалауы ел игілігіне пайдалануға берілді. Өзеннің екі жағасы 10 метрге дейін кеңейтілуде.

Қайрат Нұртай, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары:

- Хайуанаттар бағын қалпына келтіру кезең-кезеңімен жүзеге асады. Міне Африка аумағы пайда болды. Бұдан соң террариум ашылады. Сосын көлдің жобасы бар. Ал Қошқар ата өзенінің маңы жаңа келбетке ие болуда. Мақсат қала тұрғындарына демалуға қолайлы жағдай жасау.

Үздік дәрігерлерге «Алтын шипагер» сыйақысы табысталды

    Бейсенбі, 14 Маусым 2018 19:10

Бүгін Астанада ақ халатты абзал жандарға арнайы алғашқы «Алтын шипагер» премиясы табысталды.

Үздік эпидемиолог, үздік жедел жәрдем бригадасы, мамандығына адалдық секілді 10 аталым бойынша жеңімпаздардың әрқайсысына 1 млн теңге көлемінде қаржылай сыйлық берілді.

Сыйға берілген «Алтын шипагер» мүсіншесі алтын Канн сыйлығындағыдай пальма бұтағынан және лавр жапырағынан жасалған. Лавр денсаулық пен ұзақ ғұмыр нышаны екені белгілі. Тағы бір қуанышты жаңалық, медицина қызметкерлерінің төл мерекесі қарсаңында Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев 6 бірдей маманға баспана кілтін табыстады. «Жылдың үздік дәрігері» номинациясында «Алтын шипагер» премиясын жеңіп алған қызметкер де қала әкімінің қолынан марапат алды.

Гүлмира Мұхамадиева, №1 қалалық аурухана орталығының меңгерушісі, «Жыл дәрігері» номинациясының жеңімпазы:

-Шынын айтқанда, өзім сыйақы алатынымды ойлаған жоқпын. Бәріне де тілейтінім, осындай дәрежеге жетсін. Дәрігер болу деген өте қиын. Күні-түні жұмыс істейтін адамдар да бар. 1992 жылы Целиноград медициналық университетін бітіргеннен кейін 25 жыл болды сол бір жерде жұмыс істейміз.