ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

БҚО-да донорлық қозғалыс қайта жанданады

    Бейсенбі, 14 Желтоқсан 2017 10:33

«Қан тапсырып, ажалға араша түс!»

Орал қаласында осындай атаумен қайырымдылық шарасы басталды. Батысқазақстандық белсенділер тобы аталған акция арқылы донорлар қозғалысын жандандырмақ ниетте. Жыл сайын облыстық қан орталығы 25 медициналық ұйымға 10 мың литрдей қан жөнелтеді. Бұл қажеттілік тұрақты донорлардың арқасында өтеліп келеді. Күніне орталыққа 50-ге жуық ерікті келіп, қан тапсырады. Мекеме сондай-ақ 30 шақты ірі кәсіпорынмен байланыс орнатқан.

Жасұлан Шүкіров, донор:

- Мен жылына 6 рет тапсырамын. Екі ай сайын тапсырамын. Біріншіден, денсаулығыма жақсы, қан айналып тұрады. Екіншіден, көп адамның өмірін сақтап қалып жатырмыз ғой.

Салтанат Ерғали, қан орталығының бөлім меңгерушісі:

- Әртүрлі жағдайларда, шұғыл шаралар кезінде тромб жасушаларын дайындау қажет болып жатады. Сол кезде қай уақытта хабарлассақ та, әрдайым донорлар арқасында қажетті қан компоненттерін ауруларға жеткізіп отырамыз.

Алматыда МӘМС-ке енгізілген өзгерістер түсіндіріліп жатыр

    Бейсенбі, 14 Желтоқсан 2017 10:11

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру заңына енгізілген өзгерістерге байланысты түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр.

Яғни тұрғындар 2020 жылға дейін қолданыстағы заң аясында тегін медициналық көмек ала береді. Қазір аурухана мен емханадағы емделушілерге аталған өзгерістер түсіндіріліп жатыр.

Айта кетейік, биыл қыркүйек айында Елбасының арнайы тапсырмасымен Парламент аталған заңды қайта қарап, әлеуметтік медициналық сақтандыруды қолданысқа енгізуді кейінге шегерген болатын.

Салтанат Байділдаева, Алматы қаласы №1 қалалық перзентхананың дәрігері:

- Бірінші кезекті әлеуметтік сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету 2018 жылдың бірінші қаңтарынан 2020 жылдың бірінші қаңтарына ауыстырылды. Ол – бірінші өзгеріс. Екінші өзгеріс, сақтандырылмаған халық кепілдендірілген медициналық көмек 2022 жылдың бірінші қаңтарына дейін жалғастырылады.

Қостанайлық оқушылар бизнес негіздерін оқитын болады

    Бейсенбі, 14 Желтоқсан 2017 09:50

Қазақстандағы мектеп бағдарламасына «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» атты жаңа пән енгізілді.

Әзірге тәжірибе түрінде ол еліміздегі 16 орта білім ордасында жүргізіледі. Ал келер жылдың қыркүйек айынан барлық мектептерде оқытылады. Апробацияға ұсынылған білім ошақтарының бірі – Рудный қаласындағы №3 мектеп. Ондағы 10, 11 сынып оқушылары енді кәсіпкерліктің қыр-сырын үйрене бастайды. Арнайы дайындалған оқулықтар жеткізілді. Онда қор биржасының жұмысы, бағалы қағаздар нарығы сияқты бизнес әлемінен жан-жақты мағлұмат берілген.

Сәния Иментаева, Қостанай облыстық кәсіпкерлер палатасының сарапшысы:

- Ол интерактивті пән, яғни 40 пайыз теориядан келетін болса, 15 пайызы – іскерлік кейс, 45 пайызы ойынға берілген. Бұл пән көбінесе ойын ретінде өтеді. Оқушылар екі жылдың ішінде бизнестің пайдалы және маңызды негіздерін ұғады деген ойдамыз. Мұғалімдер жайында айта кететін  болсақ, бұл пәнді гуманитарлық және экономикалық білімі бар мұғалімдер жүргізе алады.

Таразда 80 отбасы баспаналы болды

    Бейсенбі, 14 Желтоқсан 2017 09:24

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Таразда көп жылдан бері пәтер кезегінде тұрған 80 отбасы баспаналы болды.

Оларға «Қарасу» шағынауданынан «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша бой көтерген тұрғын үйден пәтерлер берілді. Жылдар бойы жаңа қонысты күткен жұртшылықтың қуанышында шек жоқ. Жергілікті әкімдік мерекеге орай алғашқы қоныстанушыларға тұрмыстық техника сыйға тартты.  Тұрғындар Тәуелсіздік күнін енді өз үйлерінде қарсы алатын болды.

Мұхит Қадырбеков, мемлекеттік қызметкер:

- Тәуелсіздік күніне сыйлық болды. 14 жыл кезекте тұрдым, пәтер жалға алып тұрдым, 4 балам бар. Бала-шаға, бәріміз қуанып жатырмыз. Ұзақ күткен пәтер еді, қолымыз жетіп, қуанышымыз қойнымызға сыймай, ел-жұртпен бөлісіп жатырмыз.