17:00 Әрі қарай эфирде: ҚР Әнұраны
+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

Биыл Астана аумағына 386 мың ағаш егілген  

    Сәрсенбі, 04 Шілде 2018 13:56

Оның 208 мыңы елорданың «Жасыл белдеуінде», қалған 178 мыңы қаладағы саябақтар мен гүлзарларда. Тізімде күні кеше ашылған ботаникалық саябақ та бар.

Бірлік Берікұлы, тілші:

-Жапырақ санап жүр деп ойламаңыз. Бұл ағаш саны. Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына арнайы салынып жатқан ботаникалық саябақта 95 мың ағаш отырғызылған. Бұл – елорда күніне арнайы салынған ботаникалық саябақ. Кіреберісі әдемі көпірден басталады. Астында су, түрлі түсті жарық шашқан субұрқақтар. Еріксіз, бәлкім естелік үшін суретке түсуге шақырып тұрғандай. Расында қараңызшы, қандай әдемі. Мұнда 2 жылыжай бар. Олардың бірінде тропикалық өсімдіктердің 40-тан астам түрі, екіншісінде шөлейтті өсімдіктердің 40 түрі өсіріледі. Болашақта мұнда астаналықтар ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналыстын мүмкіндік бар. Киіміме назар аудармай-ақ қойыңыздар. Спортпен айналысқым келіп кетті. Неге дейсіз ғой, ботаникалық саябақта спортпен айналысу үшін тегі барлық мүмкіндік жасалған. Атап айтқанда, велосипедпен жүріп қайтам десеңіз де, әлде жаяу жүргіншілер жолымен жүгіріп қайтамын десеңіз де. Тіпті жай ғана  серуендеп қайтам десеңіз де арнайы жолдар құзырыңызда. Жалпы ботаникалық саябақ тек серуендеп емес, спортпен шұғылданып қайтуға да таптырмас орын. Онда түрлі жаттығу алаңдары бар. Шаршасаңыз, WI-FI бар орындыққа отырып, тынығып алсаңыз да болады. Қазақстандағы ең алып айналатын дөңгелек. Елордаға келген әрбір қонақ, әрбір тұрғын, тіпті сіз болсаңыз да көрікті шаһарға көктен көз тастауды жөн деп санайсыз. Ендеше, бізде барып көрейік.

Астанаға келген әрбір адам осы алып айналатын дөңгелекке отыратыны сөзсіз. Себебі елорданың сұлулығын бір мезетте аралап көру мүмкін емес. Қандай әсем табиғат. Онымен қоса тоқтаусыз салынып жатқан құрылыс алаңдары көздің жауын алып, Астананың күннен-күнге өсіп жатқандығын білдіреді емес пе? Мың рет естігенше бір рет көріңіз.

Авторлары: Бірлік Берікұлы, Әліби Ерел

Астана күніне орай мейрамхана аспаздары да арнайы тағамдар дайындап жатыр

    Сәрсенбі, 04 Шілде 2018 13:36

Астананың 20 жылдығына өнерпаздар ғана емес, кафе, мейрамханалар да қызу дайындалып жатыр. Самалды Сарарқаның төсіне қонақтап келгендердің дені қазақтың етін аңсайды. Әсіресе шетелдіктер.

Қазір елордада ет асатын 100-ге тарта дәмхана мен мейрамхана бар.

Ас үй тек әйелдердің бөлмесі емес. Бұл мейрамханада ең дәмді тағамдардың барлығын бас аспаз Артем Канцев пісіреді. Қазы-қарта, жал-жая, сүр ет, шұжығыңызды көп қазақтан артық біледі. 20 жыл бойы «Ет асу» өнерін шыңдап келеді.

Артем Канцев, бас аспаз:

-Әр өңірдің дәмін бір қазақша етпен көрсетуге тырысамыз. Бұл тағамның философиясы осы негізі. Ол үшін бізге әртүрлі жылқының еті керек. Бордақыланған ақмолалық тайдың етін аламыз. Жамбыл облысының технологиясымен дайындалған сүр етті қосамыз. Оған солтүстікте ысталған етті аламыз. Қамырды асқабақтың сөлімен дайындаймыз. Барынша жұқа қылу үшін асжапырақты да пайдаланамыз. Бір сөзбен айтқанда, әр тағамды асқан талғаммен, өзіндік тәсілімізбен дайындаймыз.

Әне, әр өңірдің дәмін бір табаққа үйлестіре білген аспаздың өзіндік қолтаңбасы бар. Одан бөлек, еттен жасалатын тамақтың небір түрін дайындайды. Бауырсақ пен құрт, ірімшік, қымыз, шұбатыңыз да осы жерде. Хош. Бұл мейрамханаға тек тамақ ішу үшін келмейді. Есігінен төріне дейін қазақылық нышаны сезіледі. Ұлттық нақышты әр ірілі-ұсақты дүниелерден байқауға болады.

Айлина Толықбаева, администратор:

-Тек асхана үшін ғана емес, осы біздің ұлы қазақ еліміздің салт дәстүрімен танысу үшін, тарихымызды еске алу үшін де қонақтар келіп, таңғалып жатады. Әрбір қонаққа кетер алдында бізде салт бар бос қол жіберуге болмайды деген. Сондықтан біз кететін қонақтарға сарқыт береміз. Сарқыт біздің кішігірім сыйымыз болып келеді, сонымен қатар олардың үйіне де бақ-береке алып келеді.

Қазақтың ұлттық дәмін татып көремін деген қонаққа Астанада баратын жер көп. Олардың қай-қайсысы да меймандардың көңілінен шығу үшін барын салып жатыр. Ал бұл мейрамхананың аспаздары елорданың 20 жылдығына орай арнайы тағамдарды дайындауға кірісіп кетті.

Авторлары: Айбар Төлжанұлы, Аманжол Байғазин

Астананың 20 жылдығына орай жыл бойы 630 шара өткізілмек

    Сейсенбі, 03 Шілде 2018 19:31

Биыл елордамыз мәдени шаралардың халықаралық орталығына айналды. Мерекелік мәзір өте мазмұнды.

Қала тұрғындары мен қонақтары әлемнің үздік шығармашылық ұжымдары мен отандық өнерпаздар қатысатын түрлі концерт, шоуларды тамашалай алады.

Әлемге танымал поляк суретшісі Ришард Дудектың Астанаға алғаш келуі. Қылқалам шеберін ерекше тамсандырғаны – бас қаланың сәулеті. «Көркіне көз тоймайтын әсем шаһардың тұрғындары да ерекше мейірімді әрі сұлу екен», – дейді ол.

Ришард Дудек, суретші:

-Астана – керемет қала. Мен әлемнің көптеген елдерінде болдым. Алайда мұндай әсерге бөлеп, шығармашылық тұрғыдан шабыттандыратын жерлер кемде-кем. Жергілікті халық пен қаланың сұлулығын төл туындыларым арқылы жеткізуге тырыстым.

15 маусымда басталған Артфорумға Польша, Словакия, Сербия, Украина, Ресей, Грузия және Қырғызстан суретшілері қатысты. Әрқайсысы екі туындысын елордаға арнап, Астанаға тарту етті. Картиналары Бейбітшілік пен келісім сарайында өткен көрмеге қойылып, көпшілік назарына ұсынылды.

Елена Ралина, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі:

-Әрбір суретшінің өзіндік мәнері, төл стилі бар. Қалаға саяхат жасаған қылқалам шеберлерінің туындылары әрқилы. Шара аясында арнайы каталог жасалып, онда тек суретшілердің картиналары ғана емес, олардың Қазақстан және Астана туралы ойлары жарияланады.

Сондай-ақ жуырда «Астана Опера» және Қытай опера театрларының бірлесіп сахналаған «Тұрандот» опера­сының тұсауы кесілді. Қазақстандық шығармашылық ұжым қойылымға қазақы реңк беруге тырысқан. Мазмұны мен көркемдігі, сомдалуы тең түскен туынды көрерменнің жадында жатталып қалары анық. ІІ дүниежүзілік театр фестивалінде 13 мемлекеттен келген 17 театр ұжымы ұзын саны 18 қойылымды сахналады. Бұл шығыс пен батыстың өркениетін тоғыстырған бірегей шара.

Давид Асатиани, театр сыншысы:

-Фестиваль жоғары деңгейде өтті. Күнде жаңа бір әлемді ашып отырдым. Сіздердің салт-дәстүрлеріңіз бен мәдениеттеріңіз ұнады. Сондай-ақ ұлттық театрларыңыздың қойылымдары көңілімнен шықты. Өйткені олар жаныма жақын. Мұнда Арестотель үрдісі сақталған. Ал бұл – классикалық театр.

Өнерсүйер қауым үшін тағы бір маңызды жаңалық. Берлин, Венеция, Канн кинофестивальдері мен «Оскар» сыйлығының иегері Жюльет Бинош ІІ дүниежүзілік театр фестивалінің жабылу салтанатына арнайы шақырылған. Әйгілі актриса моноспектакльде атақты француз әншісі Барбараның өмірінен сыр шертетін бірнеше туындыны орындады.

Еламан Төлепберген, «Қазақконцерт» МКҰ баспасөз хатшысы:

-Бұл – үлкен театр мерекесі. Жас әртістер үшін бұл таптырмас мүмкіндік. Себебі шетелдің белгілі театрлары отандық театрлармен бірлесе жұмыс жасауы – үлкен тәжірибе.

Елорданың мерейтойына орайластырылған мәдени шаралар мұнымен шектелмейді. Жексенбіде ІІ Халықаралық қуыршақ театрларының фестивалі басталды. Бүгін «Серпер» халық аспаптар оркестрлері фестивалінің тұсаукесері. Ал «Астана самалының» ашылу салтанаты 4-ші шілдеге жоспарланған. Бас қалада күнде думан, күнде той. Астананың 20 жылдығына орай елордада жыл бойы 630 шара өткізілмек.

Авторлары: Гүлмайра Қуатбайқызы, Бекболат Базаров

Астанадағы Байқоңыр ауданында ғарышкерлер саябағы салынады

    Бейсенбі, 28 Маусым 2018 19:12

Астана енді орталық аумағын ғана көркейтпей, тұтас түлеуге, толық түрленуге ден қойды. Есілдің бойына қоныс тепкен еңселі елордамыз, өзінің 20 жылдық мерейтойы қарсаңында өрісін кеңейтіп, төртінші ауданмен толықты.

Бірлік Берікұлы, тілші:

- Мәселен, мына тұрғын үйдің кіреберісіне су жаңа домофон орнатылған. «Ерекшелігі не?» дейсіз ғой. Ол күні-түні кім келіп-кеткенін камерадан бақылай аласыз. Яғни смартфонға орнатылған арнайы бағдарлама арқылы кілтіңізді ұмытып, үйге кіре алмай жүрсеңіз, смартфон арқылы есігіңізді аша аласыз.

Байқоңыр Астананың көне әрі жаңа ауданы болып есептеледі. Тұрғын үйлердің көбі 70-80-ші жылдары салынғанымен, ауданның өзі бірнеше ай бұрын ғана құрылған. Биыл аудандағы 73 аула мен 38 көше ретке келтіріледі.

Ерлан Каналимов, Байқоңыр ауданының әкімі:

- Біз ауданға қатысты барлық мәселені реттеудеміз. Осы жолы 73 алаңның жөндеу жұмыстарын аяқтаймыз. Он екісінде жұмыс жүріп жатыр. Ал он бірі қала күніне дейін аяқталады.

Аудан көшелерінің біріндегі шлагбаумдар мен шамдарға «ақылды жүйе» енгізіледі. Барлығы 30 инновациялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Ол инвесторлар есебінен қаржыландырылмақ. Қазір 52 тұрғын үйге заманауи жабдықтар орнатылған.

Дина Шаркеева, Байқоңыр ауданының тұрғыны:

- Өте қатты ұнайды, барлығы ыңғайлы. Алыс қашықтықтан тұрып есік аша аламын. Барлығын ұялы телефон арқылы басқаруға болады. Мұндай жүйе бұл заманда өте маңызды.

Әлия Тойбаева, Байқоңыр ауданының тұрғыны:

- Біз бүгін суық және ыстық суға есептегіш құрал мен модемдер орнаттық. Барлығы онлайн жүйеде. Енді бізге электр энергиясын бақылайтын қондырғы орнатамыз деп айтты. Бұл өте маңызды.

2022 жылға дейін ауданда 4 мектеп пен 2 отбасылық дәрігерлік амбулатория және 30 заманауи аялдама салынады. Одан бөлек, Байқоңыр ауданының аты затына сай болсын деп, ғарышкерлер саябағы және обсерваториясы бар мектеп салу қарастырылған.

Авторлары: Бірлік Берікұлы, Айбын Құсанбеков, Болатбек Табалдиев