Мәдениет - "Хабар" телеарнасы
EXPO 2017 в Астане
Сейсенбі, 27 Маусым 2017 18:21

Елбасы «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында туған жерге деген құрмет арқылы қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға терең мән берді. «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – халықтың генетикалық кодының негізі», – деп атап көрсетті Президент.

Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданындағы Әсет Найманбайұлының мұражай үйі қызметкерлері де «Туған жер» бағдарламасынан зор үміт күтіп отыр. Қазір мұнда ақынның 150 жылдық мерейтойына қызу дайындық жүріп жатыр.

Осыдан 25 жыл бұрын ашылған мұражайда алғашқы кезде 300 ғана жәдігер болыпты. Қазір оның саны 1500-ден асып жығылған. Жақында ғана ақынның ұрпақтары оның бойтұмары мен дұғалық кітаптарын өткізіпті. Қарқаралыда туып, Мақаншы өңірінде өсіп өнген Әсет Найманбайұлы жыр-дастандарынан бөлек, қазақтың музыка өнеріне өлшеусіз мұра қалдырды. «Інжу-маржан» әнінің өзі неге тұрады?

Ләззат Әсетова, мұражай қызметкері, ақынның немересі:

-Бұл кісінің «Інжу-маржан» әнін орындадым. Атаның әнін орындау өте қиын. Жоғарғы дауыспен басталып, сол дауысты жоғарғы деңгейде ұстап тұру керек. Ол үшін сіздің деміңіз де, бүкіл әншілік өнеріңіз де өте мықты болу қажет. Қазіргі таңда жай тұрып, Әсет атаның әнін орындау мүмкін емес.

Қазақтың бас ақыны Абайдың мектебін көрген Әсет ақынның жырлары –тұнып тұрған лирикалық толғаулар. Туған жер, адалдық, махаббат тақырыбындағы өлеңдерін әнге қосып, халықты әлдилеген. Бүгінде оның 70-ке жуық әні белгілі. Дегенмен зерттелмей жатқан дүние көп.

Әбен Разуев, Әсет Найманбайұлының әдеби-мемориалдық мұражайы меңгерушісі:

-Біздің рухани жағымыздан бүгінгі даму деңгейімізге пара-пар келеміз бе, міне, осы жағдайды Елбасымыз өте көрегендікпен айтып өтті.  Әсет бабамыздың зерттелмей жатқан дүниесін, асыл қазынасын су түбінен маржан тергендей бүгінгі дәрежеге жеткізіп, оны ары қарай аша түссек дейміз.

Осы күзде Әсет ақынның 150 жылдық мерейтойы республика көлемінде аталып өтпек. Оған өз еліміз бен Қытай мемлекетінен де ғалымдар шақырылып отыр. Бұрын жарық көрмеген жырларын да түгендеп, қайта бастыру көзделген. 

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Дүйсенбі, 26 Маусым 2017 19:09

Шын өнерді тілсіз де түсінуге болады. Дәл қазір «Астана Опера» сахнасында корейлік танымал Universal Ballet труппасы өнер көрсетіп жатыр.

Қойылым кешкі жетіде басталды. Ол Eurasia Dance Festival Халықаралық балет өнері фестивалі аясында өтіп жатыр. Бұл – корейлік труппаның Қазақстанға алғаш келуі. 

Бишілер қазіргі заманғы шоқтығы биік хореографтардың авторлық балеттерін ұсынуда. Астана тұрғындары мен қонақтары ертең де дәл осы уақытта корейлік артистердің өнерін тамашалай алады.

Ми Сон Кан, балет бишісі /Оңтүстік Корея/:

-«Астана Опера» театры біздің шабытымызды оятты. Өте әсем, сахнасы тамаша. Мен екі қойылымға қатысамын. Біздің еңбегіміз қазақстандық көрерменнің көңілінен шығады деген сенімдемін.

 Хун Сук Мун, Universal Ballet директоры /Оңтүстік Корея/:

-Балеттің тілін әмбебап тіл десе болады. Осы саланың мамандары бір-бірімен осы тілде сөйлесе алады. Біз бұл қойылым арқылы шығыс елдерінің, корей халқының мәдениетін көрсеткіміз келеді.

Ал «Астана Операның» әртістері қала қонақтары мен тұрғындарына әйгілі «Дон Кихот» балетін ұсынды. Қойылым әдеттегідей театрда емес, Бейбітшілік және келісім сарайы алдында ашық аспан астында болды. Балеттік труппа жетекшісі Алтынай Асылмұратова қойған бұл шығарма әлемдік классикаға жатады.

Дүйсенбі, 26 Маусым 2017 10:30

Елорда тұрғындары мен қонақтары ашық аспан астында «Дон Кихот» балетін тамашалады. Сахналанған көрініс Бейбітшілік және келісім сарайының алдында өтті.

«Астана Опера» театрының әртістері мұндай шараны осымен үшінші мәрте өткізіп отыр. Ал «Дон Кихот» шығармасын елордалық өнерпаздар осыған дейін орындамаған еді.

Ұжымның балеттік труппасының жетекшісі Алтынай Асылмұратова қойған бұл шығарма әлемдік классикаға жатады. Ал басты рөлдегі «Базильді» сомдаған Тайыр Ғатауов осы балетке бес ай дайындалғанын айтады.

Қазақстан және әлем жаңалықтары

Жаңалықтарға жазылу

Календарь

Әлеуметтік желілер

  1. TW
  2. FB
  3. BK

Приложение Хабар для iOS Приложение Хабар для Андроид

Хабар 24 Телеканал Kazakh TV  Телеканал ЕЛАРНА

яндекс.ћетрика

 Тумар EXPO 2017 Акорда Электронное правительство Казахстана

© 2017 «Хабар» агенттігі. Барлық құқықтары қорғалған.