Мәдениет

Алматыда «Қария» телехикаясының премьера алдындағы көрсетілімі өтті

Алматыда «Қария» телехикаясының премьера алдындағы көрсетілімі өтті

«Хабар» телеарнасының тапсырысы бойынша түсірілген драма 12 сериядан тұрады.

Сериалда негізінен қарияларды қастерлеп, ата-ананы қадірлеу мәселесі баяндалады.

Сценарий бойынша әйелінің ығынан шыға алмаған Ербол егде тартқан әкесі Әбілғазыны қарттар үйіне өткізеді. Бірақ ол жердің жазылмаған өз заңы барын ақсақал білмейді. Мекеме жетекшісі өктем де, қатал Гүлсім Әбілғазы мен өзге қарияларға күн көрсетпейді. Осылайша түртпекке төзбеген ақсақалдар Гүлсімге қарсы шығып, оның заңсыз әрекеттерін әшкерелеуге тырысады.

Бауыржан Қаптағай, актер, Әбілғазы рөлінде:

-Әбілғазының рөлі шынымен де өте ауыр. Шын мәнінде сондай қарттардың өздері еш уақытта бала-шағаларын, келін-кепшіктерін, неге осында келгенін, не үшін осында өткізгенін бәрін айтпайды. Айтқан күнде де еш уақытта балаларын кінәламайды.

Фильмнің режиссері – Асқат Мұсабай. Басты рөлді кино және театр актері Бауыржан Қаптағай ойнайды. Кейбір эпизодтық рөлдер мен көпшілік көріністерге қарттар үйінің тұрғындары тартылған.

Асқат Мұсабай, «Қария» телехикаясының режиссері:

-Қиындық туды әрине. Мысалы бір кісілер: «Керісінше бізді түсірмей-ақ қойшы, бізге өте ауыр тиеді мұны көрсеткен», – деп, ал кейбір кісілер керісінше: «Сабақ болсын, ел көрсін» – деп өздері түсіргенімізді қалады.

Биыл «Хабар» телеарнасы 14 төл телесериалын ұсынып отыр. Жыл басынан бері бірнеше премьера өтті. Ал күзгі маусымдағы әлеуметтік телехикаялар топтамасын «Қария» драмасымен бастағалы отыр.

Ринат Кертаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма төрайымының орынбасары:

-Әлеуметтік тақырыпты алудағы басты мақсат – әрбір қазақстандықтың өмірінде, әрбір қазақ отбасында болып жатқан дүниелерді экран арқылы көрсету. Сол арқылы жалпы көрермен қауымға, өсіп келе жатқан ұрпаққа отбасылық құндылықтардың, дәстүрлі қазақы болмыстағы дүниелердің қашан да маңызды екендігін, онсыз біздің алысқа бармайтынымызды көрсету.

Фильмде басты кейіпкердің тарихымен бірге бауыр еті балаларынан теперіш көріп, қарттар үйіне түскен өзге де адамдардың тағдыры суреттеледі. «Қария» телехикаясының алғашқы сериясы ертең кешкі сағат сегізден 10 минут кеткенде «Хабар» арнасында көрсетіледі.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Сержан Жұмабаев