ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

Астананың орыс драма театры Халықаралық фестивальде өнер көрсетті

Астананың орыс драма театры Халықаралық фестивальде өнер көрсетті Фото:astana.gov.kz

М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры Сербияда І «Synergy#wtf» халықаралық театр фестиваліне қатысты.

Сербиялық көрерменнің назарына отандастарымыз өз репертуарындағы үздік спектакльдердің бірі «Манкурт. Вечный раб» мистериясын ұсынды.

Қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматов романының желісімен қойылған мистериядағы рөлдерді М.Горький атындағы орыс драма театрының актерлері сомдады. Қоюшы режиссері – Барзу Абдураззаков. Қойылым астаналық театр директоры Еркін Қасеновтың жетекшілігімен нағыз синергияға айналып, Орталық Азия халықтарының театр өнерінің даму деңгейін көрсетті.

Қойылым барысында серб және ағылшын тілдерінде субтитрлер жазылғандықтан залда отырған көрермендер үшін қойылымның философиясы түсінікті болды.

Спектакль басталмас бұрын астаналық театр келушілердің назарына көрме ұйымдастырды. Шара кезінде театрдың тарихы туралы айтылып, Ақмола қаласының сирек кездесетін алғашқы суреттері мен қазіргі Астананың көріністері келушілердің назарына ұсынылды. Көрме барысында жас Астана туралы әндер шырқалып, қазақ халқының күйлері ойналды. Холлда орнаған атмосфера жиналған қауымды қазақ халқының мәдениетімен етене таныстырды.

Астана қаласының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы «Манкурт. Вечный раб» қойылымы сербиялық көрерменнің жүрегін жаулап, фестивальді ұйымдастырушылар мен келушілердің оң пікірлеріне ие болды деп хабарлайды.

Сербиялық тарап астаналық театрдың фестивальге қатысуына көп көмек көрсеткенін айта кету керек. Олар спектакльге қажетті декорацияларды әзірлеген-ді.

«Горький атындағы театрдың Сербияға келуін тағатсыз күттік. Бағдарламада ұсынылған спектакль фестивальді ұйымдастырушылардың қызығушылығын оятты. Қазіргі заманғы театр өз халқының ғана емес, сонымен қатар әлемдік драматургияның да мәдени жетістіктерін паш етеді. Ал театрлардың дамуы мен ынтымақтастығы – бұл мемлекеттердің өзара ынтымақтастығының нәтижесі», – деді «Synergy #wtf» фестивалінің директоры Валентил Венцел.

Айта кетейік, фестиваль бір аптаға жалғасты, оған Венгрия, Румыния, Македония, Қазақстан және Сербия мемлекеттерінен театр ұжымдары қатысты. Шара аясында театралдар симпозиумдар өткізіп, тәжірибе алмасып, алдағы театр маусымына арналған жоспарларымен бөлісті.

Ақпарат көзі: astana.gov.kz