18:55 Әрі қарай эфирде: «Жаһандық саясат» бағдарламасы
+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

«Қыз Жібек» операсы 80 жылдан кейін Мәскеуде қайта сахналанды

«Қыз Жібек» операсы 80 жылдан кейін Мәскеуде қайта сахналанды

«Астана мюзикл» және Республикалық неміс драма театры Мәскеуде өнер көрсетіп, Еуропа бойынша гастрольдік сапарын аяқтады.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Ұлы дала театры» жобасына еліміздің Мәдениет және спорт министрлігі мен «Қазақконцерт» қолдау көрсеткен.

Қазақтың алғашқы ұлттық «Қыз Жібек» операсы Мәскеу халқына алғаш рет 1936 жылы ұсынылған болатын. Жұрт оны зор қошеметпен қарсы алды. Енді араға 80 жыл салып, «Астана мюзикл» әртістері бұл операны мәскеулік сахнада орындады. Кезінде Жібектің рөлін Күләш Байсейітова сомдаса, бұл жолғы құрмет Инабат Ризабековаға бұйырған.

Инабат Ризабекова, Жібектің рөлін сомдаушы:

– Үлкен бақыт маған бұйырып отыр. Абыроймен алып шығуға барымды салып жатырмын. Қазақ қыздарының қандай болу керектігін, парасаттылығын, инабаттылығы мен сыпайылығын, сұлулығын, ең бастысы қазақ қызының адалдығын көрсету үшін дайындалып жатырмын. Қойылымымыз жоғары деңгейде өтеді деп ойлаймын.

Евгений Брусиловский музыкасы мен Ғабит Мүсіреповтің либреттосын интерпретациялаған – режиссер Асхат Маемиров.

Асхат Маемиров, «Астана мюзикл» театрының көркемдік жетекшісі:

– Қыз Жібектің бойында біздің бүкіл рухани құндылықтарымыз сақталған. Ән-жырлар, ұлттың болмысын танытатын дүниелермен Еуропа халқын таныстыру – тәй-тәй басып келе жатқан театр үшін үлкен сынақ. Әртістеріміз осы сынақтан өтті деп ойлаймын.

Ал мәскеулік көрермендер өнерпаздарға қошемет көрсетіп, біразға дейін сахнадан жібермей қойды.

БЛИЦ:

– Қойылым керемет болды. Соңғы рет 10 жыл бұрын театрда көз жасыма ерік берген шығармын. Соңында тіптен өксігімді баса алмай, ұзақ жыладым.

– Тілін түсінбесем де, керемет әсерге бөлендім.

«Астана мюзикл» театры Еуропа елдерінің астаналары бойынша жоспарланған гастрольдік сапарын аяқтады. Мәскеуге дейін отандық әртістеріміз Берлинде, Париж, Брюссель мен Венада өз өнерлерін көрсеткен болатын.

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Дана Нұржан, Александр Любителев