17:00 Әрі қарай эфирде: ҚР Әнұраны
×

Warning

JUser: :_load: Unable to load user with ID: 143
+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

Елордада халықаралық балалар және жасөспірімдер фестивалі өтеді

    Жексенбі, 24 Желтоқсан 2017 11:21
Toogeza.com

Алдағы жылы Астанада «Таланттар отшашуы» жобасы аясында «Шабыттың кеңістігі» халықаралық балалар және жасөспірімдер фестиваль байқауы өтеді.

Бұл туралы елорда әкімдігінің медиа орталығы хабарлайды.

Фестиваль жас таланттарды анықтап қоймай, ұстаздардың кәсіби біліктілігін жетілдіруді көздейді. Байқаудың міндетті бағдарламасына шығармашылық байқаудан бөлек, кеңейтілген туристік бөлім бар. Оның аясында жас әртістер мен олардың ата-аналары және ұстаздары Астананың айшықты жерлерін аралап, елорданың туристік әлеуетімен танысады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, шара барысында қатысушылар мен педагогтарға шеберлік сыныптары мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылады.

Айта кетейік, «Таланттар отшашуы» шығармашылық бірлестігі Ресей, ТМД, Еуропа және Азияның бірқатар елінде өткен беделді балалар және жасөспірімдер байқау-фестивальдарын ұйымдастырған болатын.

Түркиядағы Ыстамбұл университетінде «Қазақстанды таныстыру» кеші өтті

    Жексенбі, 24 Желтоқсан 2017 09:36

Түркияның ең үздік жоғары оқу орындарының бірі Ыстамбұл университетінде «Қазақстанды таныстыру» кеші өтті.

Айтулы шара оқу ордасының қабырғасында тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. «Кештің  Қазақстанға арналуының өзіндік себебі бар. Өйткені біз қазақ елінің тәуелсіздігін ең бірінші болып мойындап, саясатта да, мәдени, рухани салада мызғымас ынтымағымыздың жарқын үлгісін көрсетіп келеміз», – дейді халықаралық студенттер бойынша үйлестіруші Фарук Ташчы.

Кеште Түркияда білім алып жүрген қазақстандық жастар еліміздің жетістіктерін кеңінен паш етті. Олар Қазақстанның тарихи орындары мен туристік орталықтарын және елордамыздың сәулетін айшықтаған арнайы бейне роликтерді көпшілік назарына ұсынды. Шетелдік студенттер әсіресе, «EXPO 2017» көрмесі жайлы тамсана тамашалады. Сондай-ақ шара аясында  қазақтың әсем әні мен тәтті күйі орындалып, барлық қатысушы ұлттық тағамымыздан ауыз тиді.

Өнербек Шайхаден, Ыстамбұл сауда университетінің студенті:

- Ыстамбұл университетінде Қазақстанды таныту алғаш рет ұйымдастырылып жатыр. Дегенмен шараға көп халық жиналды. Оның басым көпшілігі шетелдіктер. Олар біздің стэндке келіп, қызығушылық білдірді. Біз де Қазақстанды бар қырынан танытып жатырмыз. Қазақстанның жетістіктерін көрсетудеміз. Шетелдіктер де Қазақстанға келгісі келеді, біз де оларға қажетті мағлұматтарды бердік деп ойлаймын.

Қорқыт ата атындағы халықаралық байқаудың жеңімпаздары марапатталды

    Сенбі, 23 Желтоқсан 2017 12:34
Фото: trt

Қазақстандық жазушы Ахметжан Аширидің «Шарбақ» атты шығармасы бірінші орын алды.

Түркі әлемінің ең беделді сыйлықтарының бірі ретінде қабылданған және биыл екінші рет ұйымдастырылған Халықаралық Қорқыт Ата атындағы көркем шығармашылық конкурсында жүлдегерлерге сыйлықтары табыс етілді.

Мәдениет және туризм министрлігі авторлық құқық жөніндегі бас басқарманың жазбаша мәлімдемесіне қарағанда, конкурс бас басқарманың қолдауымен Еуразия жазушылар одағы тарапынан өткізілді.

«Үздік көркем шығарма» категориясында қазақстандық жазушы Ахметжан Аширидің «Шарбақ» атты шығармасы бірінші орын алды.

Ашириге сыйлығын «Әділет және даму партиясы» депутаты Наби Авжы табыс етті.

Аталған категорияда екінші орын «Тұғрыл бидің түсі» атты шығармасымен Түркиядан Лүтфи Шехсуароғлуға, үшінші орын болса «Арасты асып түседі» атты спектаклімен әзербайжандық Первин Нұралиеваға берілді.

Түркиялықтар қазақстандық жас режиссердің фильмін тамашалады

    Сенбі, 23 Желтоқсан 2017 10:37

Ыстамбұлдың Vita art көрме орталығында қазақстандық жас режиссер Алина Мұстафинаның қысқаметражды фильмінің көрсетілімі өтті.

Туынды осыдан екі жыл бұрын болған Ресей мен Түркия арасындағы «ұшақ дағдарысындағы» оқиғаны суреттейді. Бір ғана кикілжің қос елдің көп жылдық дипломатиялық, саяси және экономикалық салаларын әп-сәтте тоқыратты. Ал ақпарат құралдары жаңсақ хабар таратып, жағдайды тіпті ушықтыра түсті. Соған қарамастан бұл келеңсіздік халықтардың бір-біріне деген сый-құрметіне сызат түсіре алмады. «Яғни көрермен қауымға осы оқиғаның мысалында саясат пен әлеуметтің аражігін ашып көрсетуге тырыстым», – дейді режиссер. Фильм Ыстамбұл қаласында түсірілді. Алайда қаржының тапшылығына орай туындыға кәсіби актерлер емес, қарапайым азаматтар тартылыпты. Ал шығармашылық топ украиналық, мексикалық, мысырлық, ливандық және түркиялық мамандардан құралған. Көбі бұл картинаға ерікті түрде қатысып, еңбектің жарық көруіне бір кісідей атсалысыпты.

Алина Мұстафина, режиссер:

– Сол уақыттағы оқиғаны ақпарат құралдары әр қырынан таратты. Алайда теледидардағы үгіт-насихат пен шынайы өмірдегі жағдай арасында көкпен жердей айырма болды. Фильмде осы айырманың аражігін көрсетуге тырыстым. Сол арқылы көрерменге әр нәрсеге көзсіз сеніп, жалған насихаттың жетегінде кете бермей, кез келген дүниенің ақ-қарасын танып-білуге шақырамын.

Дуйгу Ышык, көрермен:

– Фильм көңілімнен шықты. Арқау етіп алған тақырыбы да, оқиға желісі де өте өзекті. Туындыны тамашалай отырып, түріктер түсірген екен ғой деген ойда қалдым. Алайда оным бекер екен. Өйткені түсірілім тобы кілең шетелдіктерден құралған. Демек олар фильмге кіріспес бұрын Ыстамбұлдың көрікті орындары мен жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсы зерттеген болып тұр. Шығармашылық ұжымға алғысымды айтамын және кезекті туындыларын асыға күтетін боламын.