ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

Данэлия Төлешева Украинаның «Голос. Діти» танымал талант-шоуының келесі кезеңіне өтті

    Сейсенбі, 05 Желтоқсан 2017 22:53

Алматылық Данэлия Төлешева Украинаның «Голос. Діти» танымал талант-шоуында тағы да жеңіске жетті.

Талғамы биік төбе билері 3 әнші қыздың арасынан жерлесімізді тағы да жеңімпаз деп жариялады. Ән байқауы әр кезең сайын күрделеніп барады. Осы жолы 100 дарынды баланың үштен бірі ғана келесі турға өтті. Өзі кішкентай болса да, даусы талайды тамсандырған алматылық жас талантты қазір көрермен қауым жақсы таниды. Бір ай ішінде оның украиналық телешоуда айтқан әнін Youtube желісінен алты млн-ға жуық адам тамашалап, 9 мыңы пікір жазып үлгерген.

Данэлия Төлешова, «Голос. Дiти» талант-шоуының қатысушысы:

– Арманым – қолға алған кез келген ісімнің маманы, сол істің шебері болу. Ән салғанда да солай, ән сөздерін жүрегіммен айтамын, жанымды саламын, тыңдап отырған көрермен мен сияқты сол әнге ғашық болуы тиіс.

«Хабар» арнасында «Тергеушілер» телехикаясы басталады

    Дүйсенбі, 04 Желтоқсан 2017 20:20

«Хабар» арнасында тағы бір отандық сериалдың премьерасы болады. «Тергеушілер» деп аталатын фильм 16 бөлімнен тұрады. Елімізде бұрын-соңды түсірілмеген қазақ тіліндегі тұңғыш детектив жанрлы сериал неміс франшизасы негізінде жасалған.

Қазақстан кинематографы тарихындағы алғашқы шытырман оқиғалар телехикаясы қарапайым азаматтарды қорғау үшін басын бәйгеге тігетін полицияның жұмысы жайлы баяндайды. Фильм қазақ тілінде түсірілген.

«Хабар» телеарнасының тапсырысымен қолға алынған сериал Алматыда түсірілді. Жобаға халықаралық команда жұмылдырылды. Фильмнің режиссері – украиналық Ахтем Сеитаблаев. Әр серияда қылмысты әшкерелеп, кінәлілерді әділетті түрде жазалау жолындағы қым-қуыт оқиғалар көрсетіледі. 

Антон Митнев, телехикаяның қоюшы режиссері:

-Менің ойымша, отандық киноиндустрияның деңгейі көтеріліп келеді. Сан сапаға ауысты. Міне, еліміздегі детектив жанрындағы алғашты сериал түсірілді. Ол көрерменге ұнайды деген ойдамыз.

Айдос Тұрысбек, «Хабар» телеарнасының бас продюсері:

-30-дан аса оқиға ұсынылған болатын. Неге 16-сы? Өйткені ол Қазақстандағы өмірге, халқының өмір салтына, тұрмысына, біздегі менталитетке, біздегі қылмыс түрлеріне сай келетін дәл осы бөлімдер ғана таңдалып алынды.

Фильмде басты кейіпкер бесеу. Олардың әрқайсысы ерекше қабілетті, өз ісіне адал, табанды  тергеуші. Кәмшат Мырзабекқызының ролін Гүлшарат Жұбаева ойнайды.

Айдос Тұрысбек, «Хабар» телеарнасының бас продюсері:

-Қазақстандық көрерменге жақын, таныс Гүлшара Жұбаева, Азамат Шарғын, Ербол Садырбаев, Гүлбахрам Байбосынова сияқты актерлар, актрисалар тартылған, бәрі кәсіби театрларда ойнаған.

Сөйтіп детектив жанрындағы алғашқы отандық туынды 5 желтоқсан күні кешкі сағат 19:30-да «Хабар» телеарнасынан көрсетіле бастайды.

Авторлары: Индира Жылқайдарова, Аманжол Байғазин

ҚР Мәдениет және спорт министрі балет артистерінің зейнеткерлік жасын төмендетуді ұсынды

    Дүйсенбі, 04 Желтоқсан 2017 19:29

Мәдениет қызметкерлерінің жалақысы келер жылдан бастап біртіндеп көтеріледі. Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы осылай деді. Сондай-ақ депутаттар балет артистері мен оркестр қызметкерлерінің зейнеткерлік жасын төмендету мәселесін көтерді.

Арыстанбек Мұхамедиұлының айтуынша, Қазақстандағы балет әртістерінің саны мыңға да жетпейді. Үрмелі аспаптар да сол шамада. Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова бұл мәселенің әзірге қарастырылмағанын айтады. Қазақстан алдағы жылдан бастап, жылына 5 мың кітап шығарады деген министр, жазушылардың қаламақысын заңмен тағайындаған депутаттарға алғысын жеткізді.

Сауытбек Абдрахманов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Әлем тілдерінде аударылатын кітаптарды қалай іріктейміз? Принципі қандай?

Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

-Бір жазушының кітабын шығарсақ, мысалы, Сауытбек Абдрахманов ағамыздың 3 жыл жазған еңбегін баспаға берген кезде алатын қаламақысы қазіргі уақытқа дейін 300-350 мың теңге болған. Қазір сіздердің арқаларыңызда заңға өзгеріс енгізіліп, гонорарды ауқымды көлемде беруге мүмкіндік туды.  

Сондай-ақ Үкімет сағаты барысында сала министрі «Қазақстанның халық артисі» атағын қайтару қажет деген пікірін де айтты. Айта кетейік, 1991 жылдан бастап «Қазақстанның халық артисі» деп аталатын атақ – музыка мен хореография, театр және кино, эстрада және цирк өнерін дамытуға айрықша үлес қосқан өнер иелеріне берілетін Қазақстанның құрметті атағы. 1999 жылдың шілде айынан бастап бұл атақты беру тоқтатылды.

Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

-«Еңбек сіңірген қайраткер» атағын әртістер де, дәрігерлер де, агрономдар да ала береді. Бәрі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері. «Қазақстанның халық артисі» және «Еңбек сіңірген артист» атақтарын қайтару қажет. Қазіргі уақытта елімізде КСРО үш халық әртісі қалды: Бибігүл Төлегенова, Асанәлі Әшімов және Әлібек Дінішев. Жақын арада сахнада мэтр мен жас талант қатар тұратын және екеуінде де бірдей «Еңбек сіңірген қайраткер» атағы болатын уақыт келеді. Яғни арасалмақ жоғалып бара жатыр.

Атырау оқушылары ұмыт болып бара жатқан ұлттық өнерді дәріптеді

    Дүйсенбі, 04 Желтоқсан 2017 12:47

Атырауда мектеп оқушылары арасында ұмыт болып бара жатқан ұлттық өнерімізді дәріптеуге арналған сайыс өтті.

Өңірлік «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі ұйымдастырған байқауға 54 оқушы қатысып, киізге ою-өрнек салу, алаша, ши тоқу, ұршық иіріп, қамшы өру және ағаш пен сүйекті өңдеу секілді қазақы қолөнер түрлерінен шеберліктерін сарапқа салды. Мақсат – жас ұрпақ санасына көркем эстетикалық талғамды қалыптастыру, балалардың логикалық ойлау қабілеттерін арттыру.

«Бастысы – жас ұрпақты ұлттық қолөнерге баулу», – дейді шараны ұйымдастырушылар.

Байқау қорытындысында жоғарыда аталған талаптарға сәйкес жеңімпаз оқушылар анықталып, дипломдармен және заттай сыйлықтармен марапатталды.