ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

93 бас жылқы ұрлаған барымташылар құрықталды

    Сейсенбі, 17 Қазан 2017 13:13

Қарағанды облысының Нұра ауданына қарасты Ахмет ауылынан ұрланған жылқылар табылып, иесіне қайтарылды.

Барымташылар осыдан он шақты күн бұрын 93 бас жылқыны жайылымнан айдап кеткен. Жедел іздестіру шаралары кезінде ұрланған мал Ақмола облысының Аршалы ауданынан табылды. Бірақ қолды болған 93 бас жылқының тек 73-і аман, қалғаны жоқ. Қазір осы қылмыс бойынша төрт күдікті қамауға алынды. «Олардың басқа да мал ұрлығына қатысы болуы мүмкін», – дейді тәртіп сақшылары.

Дархан Мадин, Нұра аудандық ІІБ ТБ аға тергеушісі:

– Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. 4 күдікті адамды біз Нұра ауданы уақытша ұстау изоляторына қамадық. Сонымен қатар жетіспейтін жылқыларды қайда жіберуі мүмкін екенін анықтап, жауап алу жүргізіп жатырмыз.

ШҚО-да жер сілкінісі болды

    Дүйсенбі, 16 Қазан 2017 10:12

ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің «Сейсмологиялық тәжірибелік әдістемелік экспедициясы» мемлекеттік мекемесінің сейсмикалық станциялар желісі 16 қазан күні 07 сағат 51 минут 36 секундта жер сілкінісін тіркеді.

Табиғи апаттың ошағы Алматыдан солтүстік-шығысқа қарай 574 км қашықтықта, Шығыс Қазақстан облысының аумағында болды. Жер сілкінісінің энергетикалық қуаты 8,7. Магнитудасы MPV 4.2. Зілзала ошағының координаттары 47.83° с.е. 80.17°ш.б. Кіндігі 10 шақырым тереңдікте болған.

kazinform

Көлік полицейлері тоғыз айда 41 мың құқық бұзушыны жазаға тартты

    Сенбі, 14 Қазан 2017 09:23
Фото: inform.kz

13 қазан күні Шымкент қаласында ҚР ІІМ Көліктегі ІІД-нің кеңейтілген көшпелі кеңесі өтті.

Бұл туралыаталған департаменттің баспасөз қызметі хабарлады. Басқосу барысында ведомствоның 2017 жылғы 9 айда атқарған жұмыстары талқыланып, алдағы уақытта атқарылар міндеттер айқындалды. Кеңеске департаменттің басшылық құрамы мен желілік бөліністердің басшылары қатысты.

Басқосуды ашқан департамент бастығы полиция полковнигі Аманжол Жайғалиұлы Қабылов республиканың теміржол және әуе көлігі нысандарындағы құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға, қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жұмыстардың тиімділігін арттыруға басты назар аударды. Сондай-ақ ол қызмет көрсету аумағындағы азаматтардың қауіпсіздігіне қатысты бірқатар мәселелерді атап өтті.

Ағымдағы жылдың есепті кезеңі ішінде департаменттің қызмет көрсету аумағында 1985 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген, оның 1289-і қылмыс пен 696-ы қылмыстық теріс қылықтар.

Жүргізілген жедел-профилактикалық шаралардың нәтижесінде қылмыстар санын 11,2 %-ға, оның ішінде ауыр қылмыстар санын 18,6 %-ға, орташа ауыр қылмыстар санын 25,5%-ға төмендетуге қол жеткізілді. Сондай-ақ есепті кезең ішінде қылмыскерлерді іздестіру бойынша нақты жұмыстар атқарылып, соның нәтижесінде ІІО-нан жасырынып жүрген 19 қылмыскер құрықталған.

Есірткінің заңсыз айналымының 67 фактісі анықталды, оның 11 фактісі есірткі контрабандасына қатысты. Есірткінің заңсыз айналымынан 188 келі түрлі есірткі заттары тәркіленіп алынды. Сондай-ақ айтулы кезең ішінде 41947 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жедел кеңесте желілік бөлініс басшыларының есептері тыңдалды.

Сондай-ақ кеңес барысында департамент жеке құрамы арасындағы тәртіп пен заңдылықты, жауынгерлік-қызметтік даярлықты нығайту, жемқорлық құқықбұзушылықтарының алдын алу барысындағы кадрлық саясат мәселелері де талқыланды.

Ақпарат көзі: ҚазАқпарат

«АрселорМиттал» компаниясында газдың жануынан 6 адам зардап шекті

    Бейсенбі, 12 Қазан 2017 16:22

Теміртау қаласындағы металлургиялық комбинатта төтенше жағдай болды.

№1 газ құбырын жөндеу кезінде кенеттен от шығып, 6 адам күйіп қалған. Оның 4-уі газ цехының, біреуі кокс цехының және біреуі құтқару қызметінің жұмыскерлері екені анықталды. Қазір 3 адамның жағдайы өте ауыр. Тамақтары күйіп қалған, аппаратпен демалып жатыр. Ал қалған үшеуінің сырқаты орташа, саусақтары күйген. Оларға Мақажанов атындағы клиникада дәрігерлік көмек көрсетілуде. Қазір бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ал апаттың неден болғанын арнайы құрылған комиссия анықтайтын болады.

Видади Джамаледдинов, облыстық травматология және ортопедия орталығы қабылдау бөлімінің меңгерушісі:

– Бір науқастың денесін 10 пайызға, ал екі науқастың денесін 6 пайызға күйік шалған. Әсіресе барлығының саусақтары қатты күйген. Қазір олардың жағдайы тұрақты. Дәрігерлер қолдан келген көмекті көрсетіп жатыр.

Андрей Маркин, «Арселор Миттал Теміртау» АҚ еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік директоры:

– Бұл құбырлар 1994 жылы орнатылған. Кепілдік мерзімі 35 жылдан 50 жылға дейін. Сондықтан техникалық апат деуге келмейді. Қазір арнайы құрылған комиссия қайғылы жағдайдың себеп-салдарын анықтап жатыр. Сол бойынша тиісті шаралар қолданылады. Ал зардап шеккендерге компания тарапынан барлық көмек көрсетіледі.