ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

БҚО-да мектеп оқушылары жаппай астан ұшынды

    Сейсенбі, 21 Қараша 2017 12:08

Батыс Қазақстан облысының Ақсай қаласында балалар жаппай астан ұшынып, дәрігер жәрдеміне жүгінді.

Кеше түс ауа сағат 16:00 шамасында Қызылтал орта мектебінің 6-7-ші сыныбында оқитын оқушылар өздерін жайсыз сезінетінін айтқан.

Барлығы 22 науқас аудандық ауруханаға жатқызылды. Тиісті ем-шаралар мен зерттеулерден соң бүгін таңертеңнен 17 бала үйлеріне қайтарылды. Бесеуі дәрігердің бақылауында. Қазір мектеп асханасы тексеріліп, аурудың неден шыққаны анықталуда.

Қанат Төсекбаев, БҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Ауруханада қалған 5 науқастың үшеуіне гастрит, екеуіне фарингит деген диагноз қойып жатырмыз. Сонымен қатар қосымша облыстың бас инфекционисті науқастарды кеше кеште қараған болатын және СЭС-тың мамандары бірге жұмыс істеп жатырмыз. Зерттеу нәтижелерін бүгін түске таман болады деген ойдамыз. Бірақ алдын ала айтқанда науқастардың жалпы жағдайы бойынша инфекциялық не басқаша қоздырғыштар табылмаған.

Ақтөбеде мұнай ұрлығына қатысты сот отырысы басталды

    Сейсенбі, 21 Қараша 2017 08:47

Ақтөбеде мұнай ұрлады деген айыппен тергеу абақтысына жабылғандарға қатысты сот отырысы басталды.

Тұтқындалғандардың арасында «Төрт ағайынды» деген атаумен белгілі болған атышулы қылмыстық топ мүшелері бар. Темір торға қамалған 17 күдіктімен бірге Ақтөбеден кетпеуі туралы қолхат табысталған 9 азамат та жауапқа тартылуда. Оларға ұйымдасқан түрде жергілікті мұнай өңдеу зауытынан қара алтын жымқырды деген айып тағылған. Айыптаушы тарап мүгедек арбасына таңылған Еркіз Ізбасаровты қылмыстық топтың басшысы деп есептейді. Одан бөлек экс-полицей де сот алдында жауап бермек. Іс Ақтөбе облыстық мамандандырылған қылмыстық ауданаралық сотында тергелуде.

Анар Айтжанова, Ақтөбе облыстық соты баспасөз қызметі жетекшісінің міндетін атқарушы:

- 2014-2016 жылдар аралығында Ақтөбе облысы аумағында мұнай ұрлады деген айыппен 26 азаматқа қатысты қылмыстық іс қаралуда. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің ұйымдасқан қылмыстық топ құру, қару-жарақты заңсыз сатып алып сақтау және біреудің затын аса ірі көлемде жымқыру баптары бойынша айыпталуда.

Қазақ-қырғыз шекарасында фитосанитариялық сертификаты жоқ тауарлар анықталды

    Жұма, 17 Қараша 2017 19:01

Қырғызстаннан Қазақстанға бет алған 1 мың 464 тонна көкөніс пен жеміс-жидек кері қайтарылды.

Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері хабарлады. Көлікке тиелген алма мен алмұрттың, лимон мен құрманың және кептірілген жемістердің фитосанитариялық сертификаты жоқ болып шықты. Сондай-ақ ветеринарлық бақылау инспекторлары Еуразиялық экономикалық одақ талабына сай келмейтін өсімдік тасымалының 159 дерегін анықтаған. Өнім сапасын растайтын құжаттың жоқтығына байланысты 11 дерек әшкереленіп, 431 мың теңге айыппұл салынды. 12 тоннаға жуық өнім жойылды. Атап өту керек, осындай заңсыздықтармен күресу мақсатында Жамбыл облысында 4 мобильді топ құрылды.

ОҚО-да терроризмді насихаттау және діни алауыздықты қоздыру күдігі бойынша 11 тұрғын ұсталды

    Бейсенбі, 16 Қараша 2017 16:40
V-kurse.ru

16 қарашада ҰҚК Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті ішкі істер органдарын қатыстырумен операцияны іске асырды.

Оның шеңберінде терроризмді насихаттау және діни алауыздықты қоздыру күдігі бойынша Сайрам ауданы мен Шымкент қаласының 11 тұрғыны ұсталды.

Көрсетілген адамдар «Whatsapp», «Telegram» мессенджерлерінде және Интернет әлеуметтік желілерінде «ДАИШ» және басқа да халықаралық террористік ұйымдардың экстремистік идеологиясын насихаттайтын материалдарды жүйелі түрде таратқан.

Экстремистік материалдар жалпы саны 400-ден астам қатысушысы бар 24 желілік қоғамдастыққа орналастырылған.

Тергеу және өзге де іс-шаралар жалғасуда.

Ақпарат көзі: ҚР ҰҚК баспасөз қызметі