Нұрсұлтан Назарбаев шетел елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады

Нұрсұлтан Назарбаев шетел елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады Ақорда

Қазақстанның Швеция, Үндістан, Куба және Ұлыбритания елдерімен ынтымақтастығы тереңдей түседі.

Бүгін Нұрсұлтан Назарбаев осы төрт елдің жаңадан тағайындалған елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады. Президент дипломаттардың жұмысына табыс тілеп, оларға еліміздің даму бағдарын түсіндіріп өтті. Бүгін жарияланған Елбасының халыққа жолдауы сол дамудың діңгегіне айналмақ.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сіздердің жұмыстарыңыз қызықты, әрі жауапты кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр. Бүгінде әлем жаһандық өзгерістер қарсаңына түсті. Жаңа технологиялар мен әлем экономикасының елдерінің бәсекеге қабілеттілігін, адамның өмір салтын өзгертеді. Сондықтан кеше Қазақстан халқына «Төртінші өнеркәсіптің революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауымды жарияладым. Мен экономиканы, әлеуметтік саланы, сондай-ақ мемлекеттік саланы басқару ісін дамытудың негізгі бағыттары бойынша нақты 10 міндет қойдым. Бұл міндетті шешу заманауи технологияларды пайдалануды көздейді. Осыған орай елдеріңіздің кәсіпорындары мен инвесторларын Қазақстан экономикасындағы индустрияландыруға және цифрландыруға, инфрақұрылым бағдарламаларына қатысуға шақырамыз.

Елшілер Қазақстанмен бар саладағы байланысты нығайтуға тас-түйін дайын екендерін жеткізді. Біздің елдің БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі жұмысы аясында да әріптестікті өрбітуге ниетті. Айтпақшы, 18 қаңтарда Нұрсұлтан Назарбаев осы кеңестің «Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау: сенім шаралары» деген атаумен өтетін брифингіне қатысады деп жоспарланып отыр.

Матс Фойер, Швеция Корольдігінің Қазақстандағы елшісі:

- Қазақстан мен Швецияның ынтымақтастығы өте жоғары деңгейде. Мен елші ретінде осы қарым-қатынастардың одан сайын дамыта түсу үшін бар күш жігерімді саламын. Сіздер биыл БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етесіздер. Осындай маңызды міндетке қол жеткізулеріңізбен құттықтаймын.

Майкл Джон, Гиффорд Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің Қазақстандағы елшісі:

- Ұлыбритания Қазақстанға ең көп қаражат құйған инвесторлардың тізімінде 6-орында тұр. Біз Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері 20 млрд доллардан инвестиция салдық. Британиялық компаниялар «Астана» халықаралық қаржы орталығына ұзақмерзімді қолдау көрсететін болады. Орталықтың ағылшын құқығына негізделуі екі ел арасындағы әріптестікті одан сайын бекемдей түсті. Біз сол орталықтың қызметкерлеріне тренинг өткізуге дайынбыз.