ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

Елбасы отандық туризмді дамытуға терең мән беру керектігін айтты

Елбасы отандық туризмді дамытуға терең мән беру керектігін айтты

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Хабар» Агенттігіне берген сұхбатында айтылған терең ойлар қоғам тарапынан қолдау тапты.

«Рухани жаңғыру», «Нұрлы жол» және EXPO көрмесінің тиімділігі жайлы айтылған пікірлерді қалың көпшілік қызу талдап жатыр. Сұхбат барысында Президент отандық туризмді дамытуға терең мән беру керектігін баса айтты. Еліміздің туризм индустриясын жан-жақты дамытуға барлық мүмкіндіктер бар. Сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалардан тыс, туристік әлеуетті дамыту үшін инвестицияларды тартып, оларды тиімді пайдалану қажет.

Еліміз туризм саласын дамытуға ден қойды. Ол үшін 6 аймақтық-туристік кластер құру көзделген. Бұл жұмыс географиялық жағынан тұтас Қазақстанды қамтиды. Туристердің қызығушылығын арттырып, келушілерге жағдай жасау – басты міндет. Арнамызға берген сұхбатында Мемлекет басшысы саланы дамытудың перспективалары туралы айтып берді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Туризм барлық дүниежүзілік экономиканың 10%-ын құрайды. Бұл – өте үлкен көлем. Бізде өте аз әлі. Біз енді 2025 жылға дейін экономикамыздың 8%-ын туризмнен аламыз деп отырмыз. Ол үшін өте көп жұмыс істеу керек. Жаңағы Рухани жаңғыру мәселесі, «Нұрлы жол», инфрақұрылым, барлығы осыған байланысты. Қазақстанда да көретін, баратын жерлер өте көп. Даланың, таудың өзі басқа елдер үшін өте қызықты. Көрсете білуіміз керек.

Заман түбегейлі өзгеріп бара жатыр. Бұрын жағажайда демалғанды жөн санайтын шетелдіктер қазір киелі мекендерді, тарихи орындарды аралауды дәстүрге айналдырды. Бұл жерде Ұлы даланың мүмкіндігі зор. Ұлан-ғайыр атырап – тұнған тарих. Мәселе оған турист тартып, пайда көруде.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Ішкі туризмді алдымен дамыту керек. Қазір кеңдік болғаннан кейін біз жер шарын шарлап, анда-мұнда барамыз. Бір қазақтан сұрап көрсең, «Сен осы қазақтың барлық жерін аралап шықтың ба?» деп, ондай аз. Мен енді дүниедегі адамдар демалатын жерлердің бәрінде болдым. Көріп шыққан адаммын. Замандастарыма, жастарға, бәріне айта аламын. Мен қазір демалысқа ешқайда барғым келмейді. Мына Бурабайда отырмыз. Мұндай керемет жерді ешқайда көрмейсің. Табиғаты сақталған, әдемі, жердің жәннаты сияқты.

Елбасының жазиралы Бурабайдың тұмса табиғатын өзгелерден асқақ атауы бекер емес. Президент оның туристік әлеуетін дамыта отырып, экологиялық тазалығын сақтап қалуға шақырды. «Өз құндылықтарымызды қастерлеу жер байлығын, сай-саласы мен өзен-көлін бағалаудан басталады. Бұл отандық туризмнің дамуына жол ашады», – дейді жазушы Дулат Исабеков.

Дулат Исабеков, жазушы:

-Мына Бурабайға жететін еш нәрсе жоқ. Біз өз еліміздің әдемілігін, әсемдігін, сұлулығын кейде бағаламайтын сияқтымыз. Міне Президенттің осылай айтқаны жақсы болды. Өйткені біз шетелге тұра қашамыз. Анталия, Мадагаскарға барамыз. Әйтеуір Қазақстаннан шығып кету. Ал шын мәнінде өзім де бұрын ойлап жүретінмін, осы Қазақстаннан сұлу жер жоқ. Бәрі бар. Жазы да бар, бораны, мамыражай көктемі, бұдан артық не керек? Енді сол Бурабайды қолға алып жатса, құп болар еді деп ойлаймын.

Орденбек Мазбаев, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры:

-Ішкі туризмді жандандырған жағдайда біз елдегі ауылды елді мекендердің тұрақты даму қағидасына өзгеріс енгіземіз. Мысалы, Марқакөлдің жағасын көтеруге болады. Балқаштың маңайындағы елді мекендерді жағдайларын жақсартуына, жұмыссыздықты азайтуға, жастарды елге қайтаруға мүмкіндік тудыратын механизмі жасауға болады.

Туристік тартымдылықты күшейтетін бірден-бір фактор – инфрақұрылым. Әуежай, вокзал, қонақ үй, жол. Мұның барлығы қолға алынған. Бір ғана Астанада ашылған инфрақұрылым нысандарын айтпағанда «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында салынған жолдардың өзі туристерге жайлы жағдай тудырды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Туризмді дамытудың негізгі шарты – осы. Егер келген адамдар Қазақстанды шарлап жүре алатын болса, мынадай жолмен жүрудің өзі қандай рахат адамға, шыны керек. Қандай машинаң болса да 150 км қойып қоясың да, жүресің. Сол жолдың бойында неше түрлі пайда болады: қонақ үйлер, шағын бизнестер. Ел байқамай да қалды. Біз 2 жылдың ішінде Қытайдан бастап Жезқазған, Жезқазғаннан Каспийге дейін 1 500 шақырым теміржол салық. Ен далада қазір стансалар, тұрғын үйлер, ауылдар пайда болды. Су, тамақ ішетін жерлер, көлік тоқтайтын жерлер, стансалар пайда болды. Бетпақдалада өмір пайда болды.

Туристердің қазақтың кең даласын шарлауына жағдай жасалды. Ендігі мәселе – оларға сапалы қызмет көрсету.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Қазірдің өзінде жұрттың келетіні Алматы, Астана. Неге? Қонақ үйлер, жататын жерлер, көретін нәрселер бар. Оның үстіне Бурабай, үшінші-төртінші Шығыс Қазақстан, БҚО, Түркістан, Маңғыстау, Атырау. Барлық жерде осындай нысандарды дүние жүзіне, елге, жұртқа көрсететін біздің киелі жерлерімізді дайындап, сол жерде қонақ үй, жайлы жағдай жасап, олар келген сайын айтып жүретін болады.

Енді шетелдік меймандарды қазақтың сұлу жерлерін туристерге танытып, ішкі бағыттарды дамытумен арнайы құрылған ұлттық компания айналысатын болады. Туристік әлеуетті ілгерілетіп, инвестиция тарту да солардың мойнында. Тұтас туристік индустрия қалыптастыру үшін кешенді жұмыс басталды. Демек, көздеген межелер алыс емес.

Авторы: Мұхтар Ыбырайым