ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

Грузия Қазақстанға 38 млн доллар қарыз

Грузия Қазақстанға 38 млн доллар қарыз

Грузия Қазақстан Үкіметіне 38 млн АҚШ долларына жуық ақша қарыз.

Бұл сома осыдан 25 жыл бұрын банктер арасында өзара есеп айырысу кезінде туындап, кейін мемлекеттік қарыз ретінде қайта бекітілген. Негізі Грузияның біздің елге таза берешегі 25 млн 480 мың АҚШ долларын құраған, қарызды қайтару мерзімі 2025 жылға дейін ұзаруына байланысты сыйақыларды қоса санағанда қарыз мөлшері 37 млн 997 мың АҚШ долларына жетіп отыр.

Бүгін Қазақстанның Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов Мәжіліске екі ел арасындағы ескі қарызды қайтадан құрылымдау туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын ұсынды. Оның айтуынша, қарыз қайтару уақыты 8 жылға ұзарады және жылдық өсімі 4%-дан аспайды. Депутаттар аталған заң жобасын мақұлдағанмен, қарыз қайтару мерзімінің тым ұзарып кеткеніне алаңдаушылық білдірді.

Жексенбай Дүйсебаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Егер осы келісімді қарап отырсақ, 2025 жылға дейін өтеу керек. Осыған байланысты менің сұрағым – неліктен осы берешек 8 жылға дейін ұзартылған?

Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі:

– Бұл берешек бұрында төленетін еді. Бірақ Грузияның экономикасында біраз қиыншылықтар болғаннан кейін жеңілдіктер беру деген ұсыныстар білдірілді. Сол жеңілдіктің бірі – келісімшартқа сәйкес беру мерзімін ұзарту 8 жылға. Бірақ 8 жылда нақты сома көрсетілген.

Үнемделген қаржы жол құрылысына жұмсалады

Сондай-ақ бүгін мәжілісмендер қарызға қатысты тағы бір құжатты мақұлдады. Бұл жолы Қазақстан мен Халықаралық қайта құру және даму банкі арасындағы келісім-хат ратификацияланды.

Жалпы «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде 12 ірі автожол жобасын іске асыру көзделген. Олардың бір бөлігі Халықаралық қаржы институттары берген займдар есебінен іске асып жатыр. Нәтижесінде Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарында 1 056 шақырым жол қайта салынған.

Бүгін Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек үнемделген 359 млн АҚШ долларын «Күрті-Бурыл-Байтал» және «Ұзынағаш – Отар» учаскелерін қайта салуға жұмсалатынын жеткізді.