ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

Елбасы Жарлығымен Ақмола облысына қарасты Еңбекшілдер ауданының атауы өзгертілді

    Бейсенбі, 14 Желтоқсан 2017 18:32

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Ақмола облысына қарасты Еңбекшілдер ауданының атауы өзгертілді.

«Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» 1993 жылғы 8 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

  1. Ақмола облысының Еңбекшілдер ауданы Біржан сал ауданы болып қайта аталсын.
  2. Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев

Астана, Ақорда, 2017 жылғы 13 желтоқсан, № 605

Ақпарат көзі: akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев: Қазақстан БҰҰ белгілеген Иерусалимнің ашық мәртебесін сақтауды қолдайды

    Бейсенбі, 14 Желтоқсан 2017 07:48

Ыстамбұлда Таяу Шығыстағы ахуалдың шиеленісуіне байланысты Ислам ынтымақтастық ұйымының кезектен тыс саммиті өтті.

Алқалы жиында Иерусалим қаласының құқықтық мәртебесі талқыға салынды. Саммит аясында сөз сөйлеген Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев «екі халық үшін екі мемлекет» қағидатына сәйкес Таяу Шығыс мәселесін реттеу бойынша келіссөздер процесін жеделдету қажет», – деді. Түркия Президенті, Ислам ынтымақтастық ұйымының қазіргі төрағасы Режеп Тайип Ердоған Израильдің басқыншылық әрекетін қатаң сынға алды. Жиын қорытындысы бойынша коммюнике қабылданды. Құжатта ұйымға мүше мемлекеттер әлем елдерін Шығыс Иерусалимді Палестина астанасы деп тануға шақырды.

Режеп Тайип Ердоған, Түркия Республикасының Президенті:

- АҚШ-тың заңсыз әрекетін Иерусалим топырағына басқыншылықпен кірген Израиль ғана қолдады. Қалған мемлекеттерге бұл заңсыз қарарды қолдамағаны үшін алғысымды айтамын. Біз ислам елдері басқыншылық езгісінде қалған Иерусалим қаласын Палестина мемлекетінің астанасы деп мойындауға шақырамыз.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Иерусалим – әлемдегі негізгі үш дін үшін де қасиетті шаһар. Осы қала үшін талас орта ғасырлардан басталды. Енді сол соғыстың одан әрі жалғасуына жол бермеуіміз керек. Иерусалим бүкіл адамзаттың құндылығы екенін ескерген абзал. Бұл ретте Қазақстан БҰҰ белгілеген Иерусалимнің ашық мәртебесін сақтауды қолдайды.

Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы байланыс нығая түспек

    Сәрсенбі, 13 Желтоқсан 2017 19:59

Ұлыбританияның Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан-Британ дипломатиялық қарым-қатынасының 25 жылдығы және «ЭКСПО-2017» көрмесінің сәтті аяқталуына байланысты салтанатты қабылдау өтті.

Онда екі ел байланысының бүгіні мен келешегі сөз болды.

Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Ерлан Ыдырысов пен Ұлыбританияның Халықаралық сауда министрі Грег Хендс салтанатты қабылдауға жиналғандар алдында қос мемлекет екіжақты қарым-қатынастар тарихында жаңа сатыға көтеріліп жатқандығын мәлімдеді. Әсіресе «ЭКСПО-2017» көрмесі сауда және іскерлік байланыстарды нығайтып, жаңа технология және «жасыл» энергетика салаларында соны көкжиектерге жол ашып отыр.

Чарльз Хендри, «ЭКСПО-2017» Ұлыбритания ұлттық павильонының комиссары:

- ЭКСПО біз үшін үлкен тәжірибе болды. Қазақстан Үкіметінің бұл бағытта жасаған ауқымды жұмыстары жаңа әріптестіктер орнатуға үлкен мүмкіндік берді.

Қос елдің сауда-экономикалық байланысы да нығайып, Қазақстан британиялық бизнес үшін инвестициялық тұрғыда тартымды мемлекетке айналып отыр.

Хольгер Вифель, ЕҚДБ-ның Қазақстанда және Моңғолияда шағын бизнесті қолдаудың өңірлік бағдарлама басшысы:

- Өткен жылы біз Қазақстан экономикасының инфрақұрылым, агросектор, транспорт, шағын және орта бизнес сияқты түрлі саласына 1 млрд еуродан артық инвестиция құйдық. Біз бұл бағытта әлі де жұмыс істей беретін боламыз.

Экономикалық өрлеуге жетелеген және халықтың әл-ауқатының жақсаруына сеп болған Қазақстандағы маңызды реформалар туралы Британ-қазақ қоғамының басшысы айтып берді. Айтпақшы, қоғам бүгінде 15 жылдық мерейтойын атап өтіп жатыр.

Руперт Гудман, Британ-қазақ қоғамының басшысы:

- Қос мемлекет бизнесті дамыту, экономиканы цифрландыру, жоғары технологияларды пайдалану сияқты негізгі секторларда тығыз байланыс орнатып келеді және біз мұны мақтан тұтамыз.

Шара соңында Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Рысқали «Көңіл толқыны» күйі мен Битлздың «Yesterday» шығармасын домбырада ойнап, көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Қазақстан-Британ пианисі, халықаралық конкурстардың лауреаты Айжан Нұркенова да қазақстандық авторлардың шығармаларын тамылжыта орындады.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Түркия Иерусалимді Палестина астанасы етіп мойындауға шақырды

    Сәрсенбі, 13 Желтоқсан 2017 19:37

Бүгін Ыстамбұлда Таяу Шығыстағы ахуалдың шиеленісуіне байланысты Ислам ынтымақтастық ұйымының кезектен тыс саммиті өтті.

Алқалы жиында Иерусалим қаласының құқықтық мәртебесі талқыға салынды.

Қазақстан БҰҰ Бас Ассамблеясы мен Қауіпсіздік кеңесінің Шығыс Иерусалим Палестина мемлекетінің ажырамас бөлігі ретіндегі мәртебесіне қатысты белгілі қарарын барлық елдің қатаң сақтауын жақтайды. Саммитте сөз сөйлеген Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің ұстанымын осылайша жеткізді.

Отырысқа қатысушылар БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде еліміздің осы мәселеге қатысты ұстанымына айрықша мән берді. Ашылу салтанатында сөз алған Түркия Президенті Реджеп Тайып Ердоған Израильдің басқыншылық әрекетін қатаң сынап, Иерусалимді Палестина мемлекетінің астанасы деп жариялауға шақырды.

Реджеп Тайып Ердоған, Түркия Республикасының Президенті:

- АҚШ-тың заңсыз әрекетін Иерусалим топырағына басқыншылықпен кірген Израиль ғана қолдау білдірді. Қалған мемлекеттерге бұл заңсыз қарарды қолдамағаны үшін алғысымды айтамын. Біз, ислам елдері басқыншылық езгісінде қалған Иерусалим қаласын Палестина мемлекетінің астанасы деп мойындауға шақырамын.