Қазақстандық қос дзюдошы Тунистегі Гран-приден қола медаль жеңіп алды

Қазақстандық қос дзюдошы Тунистегі Гран-приден қола медаль жеңіп алды Фото: fdk.kz

Тунисте дзюдодан өтіп жатқан әлемдік Гран-при кезеңінде ел қоржынына екінші қола медаль түсті.

Бұл туралы Қазақстанның дзюдо федерациясы хабарлады.

Екінші жүлдені 66 келі салмақта ел намысын қорғаған Ерлан Серікжанов жеңіп алды. Ол жұбаныш белдесуінде ресейлік Иса Исаевты иппонмен әдісімен жеңіп, жүлдегерлер қатарынан көрінді. Жарыстың алғашқы күні дзюдошылар 5 салмақ дәрежесінде өзара мықтыны анықтады. Қазақстан құрама командасынан 4 дзюдошы татамиге шығып, оның 2-еуі жеңіс тұғырынан көрінді.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін 60 келі салмақта Ғұсман Қырғызбаев қола жүлдегер атанған болатын. Аталған додада Қазақстан ұлттық құрамасы сапынан 13 татами шебері ел намысын қорғайды.