Головкинге екінші жекпе-жекте Альвареспен қалай жұдырықтасуы керек екені айтылды

    Сәрсенбі, 17 Қаңтар 2018 13:16

Boxingnews24.com порталының шолушысы Шон Джонс орта салмақта WBA (Super), IBO, WBC және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы қазақстандық боксшы Геннадий Головкинге (37-0-1, 33 КО) мексикалық Сауль «Канело» Альвареспен өтеді делінген екінші жекпе-жекте қандай әдіс-тәсіл қолдану керектігін өз мақаласында жазды.

«1. Қашуына кедергі жасау.

2. Жақын аралықта болу. «Канелоның» қашып жүруі» үшін кеңістік бермеу. Бірінші кездесудегі Головкиннің қателігі – ол Альвареспен қашықтықта жүріп жұдырықтасты. Бұл «Канелоға» канаттармен сырғып, қысымнан қашуға мүмкіндік берді.

3. «Канелоны» тек қорғаныста болуға мәжбүрлеу (әр раундтың үш минутында да).

4. «Канелоның» контр-панчтарынан сақ болып, өз соққыларын жұмсау. Осы кезде «Канело» үдетуін тоқтатып, бұрышқа тығылады не қашуға кіріседі», – дейді автор.

Осыған дейін Абель Санчес бірінші жекпе-жектегі қателіктермен жұмыс істеп жатқаны жайлы және мексикалықпен өтуі тиіс екінші кездесуден не күтетінін айтқан еді.

Головкин мен Альварестің командалары екінші жекпе-жек өткізу үшін келіссөздерді бастап кетті. Олар 2018 жылы 5 мамырда шаршы алаңда қайта кездесуі мүмкін.

Айта кетейік, 16 қыркүйекте Лас-Вегаста өткен жекпе-жек қорытындысы бойынша Головкин мен Альварес тең түсіп, қазақстандық боксшы барлық титулын сақтап қалды.

Ақпарат көзі: kaz.vesti.kz

Танымал футболшы Роналдиньо спорттағы мансабын аяқтады

    Сәрсенбі, 17 Қаңтар 2018 10:15
Eurosport

Бразилияның танымал футболшысы Роналдиньо спорттағы мансабын аяқтады.

Бұл туралы футболшының ағасы Роберто Ассис хабарлады. - Роналдиньо футболдағы мансабын аяқтады. 2018 жылғы әлем чемпионатынан кейін түрлі жоспарларды жүзеге асырғымыз келеді. Бразилия, Еуропа мен Азияда футболшы мансабына қатысты түрлі іс-шаралар ұйымдастырмақ ниеттеміз. Сондай-ақ Бразилия құрамасымен де ойын өткізетін боламыз, – деді Ассис Globo Esporte басылымына берген сұхбатында.

37 жастағы футболшы соңғы рет ресми ойынға 2015 жылдың қыркүйек айында «Флуминенсе» командасы сапында алаңға шықты. Ал спорттық мансабында «Керетаро», «Атлетико Минейро», «Фламенго», «Милан», «Барселона», «Пари Сен-Жермен» және «Гремио» клубтарында ойнаған.

«Барселона» футбол клубының сапында (2003-2008 жылдар аралығы) екі рет Испания чемпионы және бір рет Чемпиондар лигасында жеңімпаз атанды. 2005 жылы «Алтын допты» иеленді. Бразилия құрамасы сапында Америка кубогын (1999 ж), әлем чемпионаты (2002 ж.) мен Конфедерация кубогын (2005) жеңіп алды. ФИФА таңдауы бойынша екі рет жылдың үздік футболшысы атанды.

Ақпарат көзі: kaz.vesti.kz

Қарағандылық жеңіл атлеттер Азияның рекордын жаңартты

    Сейсенбі, 16 Қаңтар 2018 23:21
vksport.kz

15 қаңтар күні Өскеменде өтіп жатқан Қазақстан чемпионатында Қарағандының эстафета құрамасы Азияның үздік нәтижесін тіркеді.

Николай Барсановтан тәлім алатын Виталий Земс, Владислав Григорьев, Вячеслав Земс, Давид Ефремов 4х200 метрлік эстафетаға жүгірген болатын. Бұл төрттік аталған қашықтықты 1:26:70 минутта жүгіріп өтті. Сөйтіп Азияның үздік көрсеткішін орнатты. Бұған дейінгі рекорд Жапония құрамасына тиесілі еді. Олар 1991 жылы 200 метрді 1:27:04 минутта кесіп өткен. Қарағандылық атлеттердің осы нәтижесін ҚР Жеңіл атлетика федерациясы Азия жеңіл атлетика қауымдастығына жіберетін болады.

Айта кететін жайт, Қазақстан кубогымен салыстырғанда чемпионатта ерлер арасындағы эстафетада қатысушылар саны артқан. Кубокта бар-жоғы 2 құрама өнер көрсетсе, бұл жолы медаль үшін 8 команда таласты. Ол кезде Павлодар спортшылары топ жарған еді, осы жолы керекуліктер екінші орынмен шектелді. Үздік үштікті Ақмола облысының эстафеташылары қорытындылады.

Әйелдерден екі команда жарыс жолына шықты. Александра Залюбовская, Роксана Оспанова, Вероника Брославская, Валентина Степанковская бастаған Павлодар құрамасы Шығыс Қазақстан қыздарынан жылдам болып шықты.

Ақпарат көзі: kazathletics.kz

Пхенчхан-2018: Қазақстан құрамасының спорттық киімі таныстырылды

    Сейсенбі, 16 Қаңтар 2018 17:05
vesti.kz

Ақпанның 9-ы күні Оңтүстік Кореяда ХХІІІ Қысқы Олимпиада ойындары басталады.

Төрт жылда бір рет өтетін жаһандық додаға 80-нен астам елдің 5 мыңға жуық спортшысы қатысады. Қазақстан Ақ Олимпиадада спорттың 9 түрінен сынға түспек. Бүгін елордада толағайларымыздың Пхенчхандағы жарыста киетін киімдері салтанатты түрде таныстырылды. Бұл жолы спортшылардың формасын тігу әйгілі жапониялық компанияға сеніп тапсырылған. Киімдерді тігу барысында ыңғайлылығы мен Оңтүстік Кореяның ауа райы да ескеріліпті. Спорттық форманың түсі көк байрағымыз секілді және ұлттық ою-өрнектермен көмкерілген.

Жігер Әзберген, Ұлттық Олимпиада комитетінің ресми өкілі:

- Жүзден астам спорттық киім әзірленді. Қазіргі таңда біз толықтай лицензия алып болған жоқпыз. Әлі де спортшыларымыз Еуропада, Америкада әлем кубоктарында Олимпиадаға жолдама үшін таласып жатыр. Бірнеше киім үлгісінен тұрады. Тек қана парадтық форма емес. Сондай-ақ жаттығуға арналған, спортшылардың бос уақытында жүріп-тұруына арналған киімдер әзірленді.