17:00 Әрі қарай эфирде: ҚР Әнұраны
×

Warning

JUser: :_load: Unable to load user with ID: 152
+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

Оңтүстік Кореяда шорт-тректен ел құрамасы дайындықтарын пысықтап жатыр

    Дүйсенбі, 29 Қаңтар 2018 23:32

Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында XXIII Қысқы Олимпиада ойындары басталады.

Енді аз күнде Ұлттық құраманың мүшелері де сол жаққа аттанады. Бірақ кей спортшыларымыз таңғы самал елінде өткен жылдың көктем айынан бері оңтүстіккореялық жаттықтырушылармен бірге дайындалып жатыр.

Қазақстандық спортшылар Сеул мұз сарайларының бірінде былтырғы мамыр айынан жаттығып жатыр. Олимпиада сайыстары мұнда өтпейді. Бірақ шорт-трекшілердің бейімделуі үшін бұл дайындық өте маңызды. Ал Олимпиадада осы спорт түрінен екі сайыпқыранымыз – осы елдің бұрынғы азаматы Әлия Ким мен Рудный қаласының тумасы Анастасия Крестова өнер көрсетеді. Оларды оңтүстіккореялық жаттықтырушы Юн Сын Нам дайындайды. Ол Анастасиямен ағылшынша, ал Әлиямен корейше сөйлеседі.

Юн Сын Нам, Шорт-тректен Қазақстан әйелдер құрамасының жаттықтырушысы:

- Мен Қазақстанның әйелдер құрамасын дайындауға Алматыда өткен Универсиададан соң кірістім. Қазір олар оңтүстіккореялық шорт-трекшілермен бірге жаттығады. Барлық бағдарлама Анастасия мен Әлияға арналып дайындалған. Анастасия Каннынға ақпанның 4-інде барады. Әлия сайысқа кейін түсетіндіктен, 9-ында келеді. Ал мен жаттықтырушы ретінде екі араға жиі қатынайтын боламын. Әркімнің өз ырымы бар ғой. Мысалы, мен жарыстарда үнемі бір киіммен жүремін.

Жаттығу кезінде Анастасия мен Әлияға Қазақстан құрамасының өзге де мүшелері мен Корея шорт-трекшілері көмектеседі. Кесте бойынша қыздар 2 сағат залда дайындалып, одан кейін 1 сағат мұз айдынында шеберлік шыңдайды. Анастасия қазір жүзі нидерландтық жаңа конькимен жүгіріп, бейімделіп жатыр. Өйткені ол осы конькимен ақпанның 10-ы күні жарысқа түседі. Олимпиаданың екінші күні Крестова 500 метрге жүгіреді. Жалпы ол үш қашықтық бойынша өнер көрсетеді.

Анастасия Крестова, Шорт-тректен Қазақстан әйелдер құрамасының мүшесі:

- Ұзақ қашықтыққа жақсы жүгіруің мүмкін. Ал келесі күні спринт. Нағыз сенің қашықтығың. Бірақ барлығы ойлағаныңдай шықпай қалуы мүмкін. Сондықтан бұл жерде белгілі бір қашықтыққа ғана дағдыланудың қажеті жоқ. Бұл өзіме қатысты түйген ойым. Мысалы, мен тек 500 немесе 1,5 мың метр ғана емес, үш қашықтықта да бағымды сынап көрмекпін. Бұл Олимпиада, сондықтан бар күшті салып, соңына дейін күресу қажет.

Әлия Кимнің ата-анасы Оңтүстік Кореяда тұрады. Бірақ қызын жарыс өтетін жерде емес, үйде көгілдір экран алдында отырып қолдауды шешкен. Каннынға Анастасияның да туыстары келе алмайды. Алайда өзі қазақстандықтардың қолдауын ұдайы сезінетінін айтады. 31 қаңтарда 22 жасқа толатын Анастасия өміріндегі тұңғыш Олимпиадада бағы жанатынына сенімді.

Анастасия Крестова, Шорт-тректен Қазақстан әйелдер құрамасының мүшесі:

- Мұз айдынына шыққанда туған-туыстарың, дос-жарандарың көгілдір экран алдына жиналып, сен үшін уайымдап, жан-тәнімен жақтасатынын білесің. Тіпті бұл мыңдаған шақырым алыста болса да сезіледі. Менің тұмарым отбасым, жақындарым және менің Қазақстаным.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян

Зарина Дияс пен Юлия Путинцева Тайбэйдегі турнирді жеңіспен бастады

    Дүйсенбі, 29 Қаңтар 2018 16:23
vesti.kz

Қазақстандық теннисшілер Зарина Дияс пен Юлия Путинцева жалпы жүлде қоры 225 мың АҚШ долларын құрайтын Тайбэйдегі халықаралық турнирді жеңіспен бастады.

Taiwan Open турнирінің алғашқы айналымында Қазақстанның бірінші ракеткасы Юлия Путинцева жапон теннисшісі Юнри Намигатаны  6:2, 6:4 есебімен жеңді. Келесі айналымда қазақстандық теннисші  Кай-Чен Чанмен (Тайбэй) кездеседі.

Зарина Дияс болса алғашқы айналымда ресейлік Анна Блинковадан айласын асырды. 1 сағат 29 минутқа созылған ойында отандасымыз 6:2, 7:5 есебімен жеңіске жетті. Зарина екінші айналымда румын теннисшісі Моника Никулескумен немесе тунистік Онс Жабермен жолығады.

Ақпарат көзі: vesti.kz

Қысқы Олимпиада ойындарына Қазақстаннан 46 спортшы барады

    Дүйсенбі, 29 Қаңтар 2018 13:34

Оңтүстік Кореяда өтетін Олимпиада алауы жағылуға да санаулы күндер қалды.

Еліміз 57 лицензия иеленіп, байрақты бәсекеде бақ сынау үшін 46 спортшы барады. Олар 9 спорт түрінен сынға түсетін болады. 7 ақпан күні Қазақстанның туы көтеріліп, тоғызында ресми түрде Олимпиаданың алауы жағылады. Дәл сол күні ел намысын бірінші болып қыздар арасындағы фристайл-могул шеберлері қорғайтын болады.

Олимпиадалық қалашықта алғаш болып Қазақстанның туы ілінді

    Дүйсенбі, 29 Қаңтар 2018 10:05
vesti.kz

Пхенчхан мен Каннындағы олимпиадалық қалашықтар қазақстандық спортшыларды қарсы алуға дайын.

Алғаш болып еліміздің туы ілінді.

– Олимпиаданы ұйымдастыру комитеті спортшыларымыз үшін барлық жағдай жасап қойды. Пхенчхан мен Каннындағы олимпиадалық қалашықтарда алғаш болып еліміздің туы ілінді, – деп жазады ҰОК ресми сайты.

Олимпиада ойындары екі кластерде орналасқан 12 спорт нысанында өтеді. Пхенчхан таулы кластерінде шаңғы спортынан жарыстар өтсе, жағажайдағы Каннын кластерінде коньки спортынан бәсекелер өтеді.

Олимпиада ауылына бірінші болып ақпанның бірінде біздің биатлоншыларымыз орналаспақ. Ертеңінде тау шаңғышыларымыз бен конькишілеріміз кіреді. Артынша шорт-трекшілер мен могулшылар жайғаспақ. Шаңғышылар мен тұғырдан секірушілер ақпанның бесінде ат басын бұрады. Фристайл-акробатикадан ұлттық құрама Оңтүстік Корея жеріне ақпанның сегізінде барады. Мәнерлеп сырғанаушылар жарыс өтетін жерге жеке-жеке келмек.

Айта кетейік, Пхенчхандағы Қысқы Олимпиада ойындары 9-25 ақпан аралығында өтеді. Төрткүл дүние асыға күткен доданың ашылу салтанатында Қазақстанның туын шорт-трекші Абзал Әжғалиев ұстап шығады.

Ақпарат көзі: vesti.kz