Жаңалықтар

АҚШ-тағы түрлі сала өкілдері Астананың 20 жылдық мерейтойымен құттықтады

    Сейсенбі, 26 Маусым 2018 09:25

АҚШ-тағы түрлі сала өкілдері қазақ елін елордамыздың 20 жылдық мерейтойымен құттықтап жатыр. Олардың ішінде екі ел арасындағы қарым-қатынастарды нығайтуға зор үлестерін қосқан мәдениет қайраткерлері бар.

Джон Эгамо, Нью-Йорктегі Ұлттық өнер клубының президенті:

- Мен сіздерді Қазақстанның елордасы Астананың 20 жылдығымен құттықтағым келеді. Нью-Йорк Ұлттық өнер клубы үшін бұл – өте үлкен шара, осы мейрамды сіздермен бірге атап өтпекпіз. Сол себепті Әбілхан Қастеев атындағы өнер мұражайының көрмесін ұйымдастырып, туындыларын зор мақтанышпен жұртқа көрсетіп отырмыз. Бұл Қазақстан мен АҚШ-ты жалғаған тағы бір көпір болды.

Лауренс Мосс, америкалық композитор:

- Қазақстан астанасын 20 жылдық мерейтойымен құттықтаймын! Әртістеріңіз бен музыканттарыңызға таңғаламын және астаналық шеберлердің өнеріне әрдайым сүйсініп жүремін.

Михаэль Колеман, пианист:

- Қазақстанды өте жақсы көремін. «Екінші отаным» деп те атаймын. Астанаға барғанда, уақытым керемет өтеді, музыкалық тәжірибе жинап келемін. Барша қазақстандықты Астананың 20 жылдығымен құттықтаймын! Елдеріңіз ертегідегідей тамаша. Қайта баруды армандап жүрмін.

Астана еліміздің туристік орталығына айналып келеді

    Сейсенбі, 26 Маусым 2018 08:22

Бүгінде Астана еліміздің туристік орталығына айналуда. Әсем қаланы тамашалауға былтыр өткен EXPO көрмесі аясында 3,5 млн-нан астам адам келген. Бұл – небәрі үш айдың көрсеткіші. Елорданың 20 жылдық мерейтойына орай келушілердің қатары биыл да артады деп күтіледі. Шаһардың көрікті жерлерін қызықтайтын шетелдіктердің дені Қытай, Ресей, Германия, Ұлыбритания және Корея елдерінен келеді.

Жанар Әлиакбарова, Шымкент қаласының тұрғыны:

- Біздің Астанаға келгенімізге бір апта болды. Астананың барлық жерін, яғни «Ханшатыр», «Бәйтерек», «Думан» ойын-сауық орталығын көрдік. Балаларымызбен өте жақсы әсер алдық.

Геннадий Кравчук, турист /Израиль/:

- Мен бұл қалада соңғы рет 37 жыл бұрын болған екенмін. Астана – шынымен әсем шаһар. Зәулім-зәулім ғимараттар. Мұның барлығы «Бәйтеректен» анық көрінеді.

Назерке Шапшадинова, Қызылорда облысының тұрғыны:

- Мен Астана қаласына алғаш рет келіп тұрмын. Астананың әдемі жерлерінің барлығын аралап көрдім.

«Астана – ұлы даланың інжу-маржаны» көшпелі фотокөрмесі Ресейдің Астрахан қаласына жетті

    Дүйсенбі, 25 Маусым 2018 19:21

«Астана – ұлы даланың інжу-маржаны» атты көшпелі фотокөрме Ресейдің Астрахан қаласына жетті. Еуразияның кіндік қаласына айналған ару шаһар жайлы фотошежіре ресейліктер тарапынан үлкен қызығушылыққа ие болды.

Арыстанбек Кенже, тілші:

- Фотокөрмемен астрахандықтар облыстық тарихи өлкетану музейінде танысуда. 1838 жылы іргетасы қаланған бұл ғимарат көне Астрахандағы ең көне тарихи жәдігерлердің қатарына жатады.

Астанамыздың алтын тәжі сынды айбарлы Ақорда  қайталанбас сәулеттік шешімі жөнінен жер жүзіне танымал. Орталық Азияда баламасы жоқ ғимарат – «Ханшатыр», ел тәуелсіздігінің шынайы бейнесіне айналған – «Бәйтерек» пен әлемдегі ынтымақ пен татулықтың тал бесігіндей – «Келісім» сарайы. Фотокөрмедегі әр сурет жас қаланың қарышты қадамы мен сәулет өнерінің қайталанбас үлгілерін көпшілікке паш етті.

Елена Забирник, Астрахан қаласының тұрғыны:

- Сөз жоқ керемет! Әр ғимарат сәулеттік жаңа шешім жөнінен бір-бірін толықтырып тұрғандай әсер қалдырады екен. Маған «Ханшатырдың» кескіні ұнады. Жолым түссе, міндетті түрде барып тамашалайтын боламын.

Бұл көрме Тұңғыш Президент қоры мен Қазақстанның Астрахандағы консулдығының қолдауымен өтіп жатыр. «Мақсат – елорданың мерейін көтеріп, Қазақстанның аз жылда қол жеткізген жетістіктерін алыс-жақын шетелдерге таныстыру», – дейді шараны ұйымдастырушылар.

Әлия Қайшарова, ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы қорының атқарушы директорының кеңесшісі:

- Біздің Астанамыздың жарқырап тұрғанын әлем біледі. Астанамыздың осындай дәрежеге жеткенін көріп, таңғалады.

Астананың 20 жылдығына арналған көшпелі фотокөрмені тамашалауға астрахандықтар көп келді. Салтанатты шараны ашқан Астрахан губерниясының басшылығы қазақстандықтарды Астананың 20 жылдық мерейтойымен құттықтады.

Александр Жилкин, Астрахан облысының губернаторы:

- Астана Еуразияның кіндік қаласына айналды. Президент Нұрсұлтан Әбішұлының төл перзенті саналатын елорда – заманауи технология мен жүйрік ойдың жемісі. Әсіресе қаланың кіре берісіндегі «Астрахан» ауданы көңілімізге жылылық пен мақтаныш ұялатады. Ол біздің Қазақстанмен арадағы тағы бір алтын көпірі іспетті.

Астрахан облысында 150 мыңнан астам қандасымыз тұрады. Еліміздің батыс шекарасында үш облыспен шектесіп жатқан аймақ Қазақстанмен тарихи-мәдени және экономикалық қатынасты нығайтты. Демек, елорда мерейтойына астрахандықтардың бей-жай қарамауы заңды. Оған көрме кезінде көз жеткіздік. Бұған дейін Санкт-Петербор мен Мәскеуде өткен көшпелі көрме Астраханда екі апта аялдап, Қазан қаласына бет алады.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин

Астанада 2019 жылдың соңына дейін Есіл өзені арқылы өтетін жаңа көпір салынады

    Дүйсенбі, 25 Маусым 2018 19:20

2019 жылдың соңына дейін елордада Есіл өзені арқылы өтетін жаңа көпір салынады. Жалпы қаланың бас жоспарына сәйкес 2030 жылға қарай Астанада барлығы 30 көпір салу жоспарлануда. Соның бірі – қазір құрылысы қызу жүріп жатқан Самал ауданы мен Амфитеатрды байланыстыратын жаяу жүргіншілер көпірі.

Бірлік Берікұлы, тілші:

- Ағысы жылдам, қарқыны күшті, қоршаған ортаға қуат берген тіршілік нәрі секілді Елорда да қарқынды дамып, айналасына дем беріп келеді. Жалпы Астана Еуропа мен Азияны жалғайтын көрікті көпірге айналып үлгерді. Айтпақшы «көпір» демекші, елордадағы әрбір көпір көздің жауын алады.

Алғаш болып Есіл өзенінде «Тұлпар» көпірі салынды. Ізін ала қос жағалауды байланыстыратын бірнеше көпір бой көтерді. Оның ішінде автокөлік және жаяу жүргіншілер көпірі де бар. Ал мына көпір жаяу адам мен велосипедшіге арналған.

Бірлік Берікұлы, тілші:

- Жаңа көпірдің табалдырығын Астана қаласының тұрғыны ретінде мен бірінші болып аттайын деп тұрмын. Әрине, қуаныштымын! Айтып өтерлігі, сырттан қараған кезде көпірдің көрінісі мүлдем басқаша. Ал ішіндегі көрініс өзгеше. Құрылысшылардың айтуынша, жұмыс аяқталуға шақ қалды. Сондықтан төніп тұрған қауіп жоқ. Ендеше жақын барып құрылыс жұмысы қалай жүріп жатқандығын көрейік.

Құрылыс қызу жүріп жатыр. Аяқталуға аз қалды. Көркемдігі көз тартар көпірдің ерекшелігі де бар. Мәселен, мұнда 3 мыңнан асатын темір жапырақтар орнатылған. Көлемдері бір-біріне мүлдем ұқсамайды.

Серік Төлебаев, құрылыс компаниясының дирекция басшысы:

- Бір жағында 3 метрден аса велосипедпен жүретін, бір жағында 7 метр, ортасында 15 метр жаяу жүретін көпір болып есептеледі. Бұл – Атырау облысының Астанаға беріп отырған сыйлық. Өте күрделі көпірлердің бірі болып есептеледі. Мұндай көпір Қазақстанда жоқ.

Иә, әдемілігі бір бөлек. Ал салмағы 2 500 тоннаны құрайтын мына көпірді су астына қалай орнатқандығын біреу білсе, бірі білмес.

Серік Төлебаев, құрылыс компаниясының басқарма директоры:

- Мұның технологиясы өте күрделі болып есептеледі. Судың ағысын тоқтатпас үшін әуелі дамбы салынып, ортасына турба қойылады. Сол дамбының үстіне қорғандары көтеріліп, осындай көпірдің мүсіні шығады.

Сұлу сұлбасы түзілген көпірге көпшілік тамсана қарап жүр. Құрылысы аяқталса, аяңдауды асыға күтеді. Тіпті алыстан арнайы атшаптырып келгендер де бар.

Блиц:

- Бұл көпір әдемі ғой. Әрі-бері өткенде марқайып өтесің.

- Соны көру үшін сонау Ақтау қаласынан келіп тұрмыз Астанаға.

- Шырайлы Шымкент қаласынан Астананың 20 жылдығына қонақ болып келіп отырмыз. Астана 3-4 жыл бұрын мұндай емес еді. Қазір өте әдемі, көркейіп жатыр. Елімізге тыныш болсын! Елорданың көркемдеп жатқанын көре берейік.

- Жақсы, әсіресе балаларға велосипед тебуге ыңғайлы. Үйдің жанында, үнемі серуендеуге осында келеміз енді.

Бұл көпірді Атырау облысы Астана қаласының 20 жылдығына арнайы тарту етті. Сондықтан болар, көпірдің сыртқы пішіні Атыраудың символын айшықтайтын балыққа ұқсайды.

Авторлары: Бірлік Берікұлы, Аманжол Байғазин