Астана ХҚО елімізге 5 миллиард АҚШ долларын тартады

    Сәрсенбі, 31 Қаңтар 2018 16:12

Астана халықаралық қаржы орталығы алдағы 5 жылда кемі 5 миллиард АҚШ долларын тартады.

Ал он жылдан кейін 40 млрд долларға жетпек. Бұл туралы қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов мәлімдеді. Айтуынша, орталыққа үш жыл мемлекет бюджетінен жылда 20 миллиард теңге бөлінеді. Орталық «ЭКСПО» көрмесінің ғимаратына әлі толық көшкен жоқ. Ресми тұсаукесері 5 шілдеде өтеді.

Қайрат Келімбетов, «Астана» Халықаралық қаржы орталығының басқарушысы:

- Халықаралық қаржы орталығының биржасы 3-5 жылдың ішінде өз-өзін ақтайтын дәрежеге жетеді деген жоспар бар. Содан бастап бюджеттен бөлінетін ақша біртіндеп азаяды. Қазір біздің штат 100 адамнан аспайды. Олардың 90 проценті Қазақстан азаматтары. Көбісі жастар, олардың барлығы кем дегенде, ағылшынша еркін сөйлейді. Көбісі бірнеше тілді меңгерген. Ал xалықаралық қатынастар департаментінің мамандары қытай тілін де біледі.

Мәжілісте коммерциялық емес ұйымдардың қызметі мәселелеріне арналған заң жобасы мақұлданды

    Сәрсенбі, 31 Қаңтар 2018 15:15
Фото: parlam.kz

Бүгін Парламент Мәжілісінің Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті.

Онда депутаттар коммерциялық емес ұйымдардың қызметі мәселелері бойынша түзетулерге арналған Заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Отырыс барысында Мәжіліс Спикері ауылдық жерлердегі үкіметтік емес ұйымдар мен ірі қалалардағы ұйымдар деңгейінің айырмашылығы бар екеніне баса назар аударып, арнайы конкурстарда ауылдағы үкіметтік емес ұйымдардың грантты да, мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты да жеңіп алуы қиын екеніне алға тартты.

«Шынында да әлеуметтік стандарттар дайындалған кезде міндетті түрде ауылдың жағдайын ескеру керек. Себебі ауылдың да, қаланың да өз ерекшелігі бар. Сондықтан, стандарттарды енгізгенде осы ерекшеліктерге қарай тиісті жағдай жасау қажет», – деді Н.Нығматулин.

Заң жобасы нормаларын әзірлеу барысында ең озық тәжірибелер есепке алынып, Ұлыбритания, Канада, АҚШ, Польша, Франция мен Хорватия сияқты елдердің халықаралық тәжірибесі зерделенген. Заң жобасын әзірлеушілердің айтуынша, біріншіден, заң жобасында мақсатты топтардың қажеттіліктеріне талдау жасау, зерделеу және үкіметтік емес ұйымдар ұсыныстары негізінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыру процесінің бірыңғай тәсілдері белгіленген. Екіншіден, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс нәтижелерін бағалауды енгізу жоспарлануда, ол халыққа көрсетілген қызмет сапасына қанағаттану деңгейі мен жоба тиімділігін анықтауға мүмкіндік береді. Үшіншіден, үкіметтік емес ұйымдар көрсететін мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың сапасына, шарттарына, мазмұнына бірыңғай талаптар немесе стандарттар, сондай-ақ әлеуметтік жобаларды бағалау критерийлерін енгізу ұсынылады. Төртіншіден, сыйлықақыларды және гранттарды беру механизмі жақсарып келеді. Бесіншіден, мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асыру, гранттарды ұсыну және сыйлықақыларды беру бағыттары нақтыланады. Жалпы бұл заң жобасының мақсаты – мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асырудың тиімділігі мен ашықтығын арттыру арқылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс саласындағы заңнаманы жетілдіру. Заң жобасымен жұмыс істеу барысында депутаттар қосымша Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске және 3 заңға – «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы», «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» және «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына түзетулер енгізді. Сонымен қатар отырыс барысында 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Қырғыз Республикасының қосылуы туралы 2014 жылғы 23 желтоқсанда қол қойылған шарттың жекелеген ережелерін қолдану туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заң жобасы депутаттар тарапынан қолдауға ие болды. Заң жобасы 2017 жылғы 11 сәуірде Мәскеуде жасалған Хаттаманы ратификациялауға бағытталған. Хаттамада Еуразиялық экономикалық одаққа мүше әрбір мемлекет үшін кедендік әкелу баждарының сомаларын бөлудің жаңа нормативтеріне қатысты ережелер қамтылған.

Айта кету керек, Одаққа Армения мен Қырғызстанның кіруіне байланысты, Еуразиялық экономикалық одақтың әрбір мүше мемлекетіне кедендік кіріс баждарының сомаларын нормативке сәйкес үлестіруге арналған Хаттаманы ратификациялау бүгін қаралып отырған заң жобасының басты мақсаты болып табылады. Заң жобасы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың шеңберінде біздің мемлекетіміз алған бірқатар міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету үшін қажет. Заң жобасымен ұсынылып отырған хаттама экономикадағы интеграциялық үдерістерді дамытуға және қатысушы мемлекеттердің араларында өзара тиімді серіктестік қарым-қатынастарды орнатуға мүмкіндік жасайды. Жалпы отырыс соңында халық қалаулылары бірнеше депутаттық сауалдар жолдады. Олар – Г.Бижанова, К.Абсатиров, К.Мұсырман, А.Құрманова, М. Магеррамов, Т.Сыздықов, Р.Ким, Д.Еспаева, А.Платонов, Б. Оспанов.

Елімізде уақытша тіркеуді SMS арқылы ұзарту қызметі енгізіледі

    Сәрсенбі, 31 Қаңтар 2018 14:24

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басшысы Абылайхан Оспанов жаңа қызметтің іске қосылатыны туралы мәлімдеді.

Оның сөзіне қарағанда жақында уақытша тіркеуді SMS-хабарлама арқылы ұзарту қызметі енгізіледі. Аталған шешім ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында қабылданды.

«Уақытша тіркеудің аяқталуына бір күн қалғанда тіркеуді ұзарту туралы SMS-хабарлама жіберіледі. Адам өз келісімін берсе, уақытша тіркеу ұзартылады. Бұдан бөлек дәл сондай хабарлама үйдің иесіне де жіберіледі. Ол да уақытша тіркеуді ұзартуға өз келісімін беруі керек. Ақпараттық базада үй иесінің меншік құқығы расталғаннан кейін уақытша тіркеу автоматты түрде ұзартылады», – деп жазды А.Оспанов Facebook желісіндегі жеке парақшасында. 

Айта кетейік, жаңа қызметті пайдалану үшін уақытша тіркеуді ұзартатын адам да, үйдің иесі де мобильді азаматтар базасында тіркелуі тиіс. Ал жеке сәйкестендіру нөмірін мобильді телефонмен байланыстыруды Egov порталының жеке кабинетінде, я болмаса, кез келген халыққа қызмет көрсету орталығында жасап алуға болады. 

Ақпарат көзі: ҚазАқпарат

Астанада 20-ға жуық жүргізуші ұялы телефон арқылы сөйлескені үшін айыппұл төлейді

    Сәрсенбі, 31 Қаңтар 2018 13:22
Фото: spokoino.ru

Астана қаласы ІІД-нің қызметкерлері «Автобус» жедел алдын алу шарасын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Автомобиль жолдарындағы жол апаттарын төмендету, жүк және жолаушыларды тасымалдайтын көлік жүргізушілері арасындағы тәртіптің сақталуын арттыру, жол қозғалысын қадағалауды күшейту мақсатында жүргізіліп жатқан «Автобус» шарасының аясында полиция қызметкерлері жолаушыларды тасымалдайтын 155-тен астам автобустың жүргізушілері ЖЖЕ бұзғанын анықтады.

«Жол ережелерін бұзу оқиғаларының 19-ы – көлікті басқару кезінде телефонды қолданған, 20-ға жуығы – маневр ережелерін, 14-і – техникалық тексеріс ережелерін бұзған. Сонымен қатар, «Автобус» жедел алдын алу шарасы барысында жолаушыларды тасымалдайтын қоғамдық көлік жүргізушілерінің кінәсінен 3 ЖКО болды. Абырой болғанда, құрбандар мен зардап шеккендер жоқ», – деп жазылған ведомство таратқан хабарламада.

«Автобус» жедел алдын алу шарасы 18 ақпанға дейін жалғасын табады.