Астанада 20-ға жуық жүргізуші ұялы телефон арқылы сөйлескені үшін айыппұл төлейді

    Сәрсенбі, 31 Қаңтар 2018 13:22
Фото: spokoino.ru

Астана қаласы ІІД-нің қызметкерлері «Автобус» жедел алдын алу шарасын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Автомобиль жолдарындағы жол апаттарын төмендету, жүк және жолаушыларды тасымалдайтын көлік жүргізушілері арасындағы тәртіптің сақталуын арттыру, жол қозғалысын қадағалауды күшейту мақсатында жүргізіліп жатқан «Автобус» шарасының аясында полиция қызметкерлері жолаушыларды тасымалдайтын 155-тен астам автобустың жүргізушілері ЖЖЕ бұзғанын анықтады.

«Жол ережелерін бұзу оқиғаларының 19-ы – көлікті басқару кезінде телефонды қолданған, 20-ға жуығы – маневр ережелерін, 14-і – техникалық тексеріс ережелерін бұзған. Сонымен қатар, «Автобус» жедел алдын алу шарасы барысында жолаушыларды тасымалдайтын қоғамдық көлік жүргізушілерінің кінәсінен 3 ЖКО болды. Абырой болғанда, құрбандар мен зардап шеккендер жоқ», – деп жазылған ведомство таратқан хабарламада.

«Автобус» жедел алдын алу шарасы 18 ақпанға дейін жалғасын табады.

Н.Нығматулин: Ауылдық және қалалық үкіметтік емес ұйымдарға өз ерекшеліктеріне қарай жағдай жасау қажет

    Сәрсенбі, 31 Қаңтар 2018 12:17
Фото: parlam.kz

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өтіп жатқан Палатаның кезекті жалпы отырысында коммерциялық емес ұйымдардың қызметі мәселелеріне түзетулерге арналған заң жобасын бірінші оқылымда талқылау барысында Мәжіліс Спикері мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс стандарттарына айрықша назар аударды.

Ауылдағы үкіметтік емес ұйымдардың деңгейі мен ірі қалалардағы ұйымдар деңгейінің айырмашылығы бар екеніне баса көңіл бөлген Н.Нығматулин арнайы конкурстарда ауылдағы үкіметтік емес ұйымдардың грантты да, мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты да жеңіп алуы қиын екенін алға тарта келіп: – Шынында да әлеуметтік стандарттар дайындалған кезде міндетті түрде ауылдың жағдайын ескеру керек. Себебі ауылдың да, қаланың да өз ерекшелігі бар. Сондықтан стандарттарды енгізгенде осы ерекшеліктерге қарай тиісті жағдай жасау қажет, – деді.

 Бұл заң жобасының мақсаты мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асырудың тиімділігі мен ашықтығын арттыру арқылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс саласындағы заңнаманы жетілдіру болып табылады.

Г.Әбдіқалықова Словакияның Қазақстандағы елшісі Петер Юзамен кездесті

    Сәрсенбі, 31 Қаңтар 2018 11:53

Ақордада Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова еліміздегі дипломатиялық миссиясы аяқталып жатқан Словакияның төтенше және өкілетті елшісі Петер Юзамен кездесті.

Басқосуда тараптар екі жақты сауда-экономикалық байланысты талқылап, нақты көрсеткіштерге тоқталды. Гүлшара Әбдіқалықова словак елшісіне 4 жылдан бергі нәтижелі қызметі үшін алғыс білдірді. Айта кетейік, Қазақстан мен Словакия арасында экономикалық һәм инвестициялық әріптестік қарқынды дамып келеді. Қос елдің дипломатиялық қарым-қатынасы 25 жыл бұрын орнаған. Еуроодақ мемлекеті - қазақстандық шикізат өнімдерін тұрақты тұтынушы. Оның үстіне, былтыр елордада өткен ЕХРО көрмесіне Словакия жоғары технологиялы туындыларын әкеліп, ұлттық павильоны безендірілуі жағынан екінші орынға лайық деп танылған.

Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Мемлекеттік хатшысы:

-Сіз елші ретінде қызмет еткен жылдары екі жақты әріптестік айтарлықтай дамыды деп айта аламын. Өткен жылы Словакия халықаралық ЭКСПО көрмесінде белсенділік танытты. Сіздің еліңізден мемлекеттік орган өкілдері мен саяхатшылар көп келді. Бұған қоса парламентаралық байланысымыз да жоғары деңгейге көтерілді. Сондықтан сізге айрықша алғыс білдіремін.

Петер Юза, Словакияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі:

-Қазақстанда атқарған қызметім нәтижелі болды. Заңнамалық тұрғыда қос елдің жеткен жетістіктері көп. Былтыр Экспо көрмесінде Словакияның баламалы қуат көзі саласындағы жаңашылдықтарын паш еттік. Енді бір ғана үлкен мәселе қалды деп есептеймін. Ол Қазақстан мен Словакия арасында тікелей әуе рейсінің жоқтығы. Алдағы уақытта түйткілдің түйіні тарқайды деп сенемін.

Facebook криптовалюта жарнамасына тыйым салды

    Сәрсенбі, 31 Қаңтар 2018 11:28
Фото: rt.com

Facebook желісінде криптовалюта және бинарлық опциялардың жарнамасын жариялауға тыйым салады.

Бұл туралы ТАСС агенттігі әлеуметтік желінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

«Біз пайдаланушыларды жаңылыстыратын қаржылық өнімдер мен сервистердің, бинарлық опциондар мен криптовалюта секілді алдамшы технологиялардың жарнамасына тыйым салатын жаңа қызмет саясатын енгізіп жатырмыз», – делінген хабарламада.

Сервис, сондай-ақ пайдаланушыларды жаңа ережелерді бұзатын жарияланымдар туралы хабар беріп отыруға шақырады. Бұған дейін Facebook пайдаланушыларға туыстары мен достарынан көбірек жаңалық алып отыруға, компаниялардың, брендтердің және БАҚ-тардың постары сияқты жарнамалық контентті азайтуға қатысты өзгерістер енгізгенін жариялаған болатын.

Ақпарат көзі: ҚазАқпарат