Жаңалықтар

Астанадағы Байқоңыр ауданында ғарышкерлер саябағы салынады

    Бейсенбі, 28 Маусым 2018 19:12

Астана енді орталық аумағын ғана көркейтпей, тұтас түлеуге, толық түрленуге ден қойды. Есілдің бойына қоныс тепкен еңселі елордамыз, өзінің 20 жылдық мерейтойы қарсаңында өрісін кеңейтіп, төртінші ауданмен толықты.

Бірлік Берікұлы, тілші:

- Мәселен, мына тұрғын үйдің кіреберісіне су жаңа домофон орнатылған. «Ерекшелігі не?» дейсіз ғой. Ол күні-түні кім келіп-кеткенін камерадан бақылай аласыз. Яғни смартфонға орнатылған арнайы бағдарлама арқылы кілтіңізді ұмытып, үйге кіре алмай жүрсеңіз, смартфон арқылы есігіңізді аша аласыз.

Байқоңыр Астананың көне әрі жаңа ауданы болып есептеледі. Тұрғын үйлердің көбі 70-80-ші жылдары салынғанымен, ауданның өзі бірнеше ай бұрын ғана құрылған. Биыл аудандағы 73 аула мен 38 көше ретке келтіріледі.

Ерлан Каналимов, Байқоңыр ауданының әкімі:

- Біз ауданға қатысты барлық мәселені реттеудеміз. Осы жолы 73 алаңның жөндеу жұмыстарын аяқтаймыз. Он екісінде жұмыс жүріп жатыр. Ал он бірі қала күніне дейін аяқталады.

Аудан көшелерінің біріндегі шлагбаумдар мен шамдарға «ақылды жүйе» енгізіледі. Барлығы 30 инновациялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Ол инвесторлар есебінен қаржыландырылмақ. Қазір 52 тұрғын үйге заманауи жабдықтар орнатылған.

Дина Шаркеева, Байқоңыр ауданының тұрғыны:

- Өте қатты ұнайды, барлығы ыңғайлы. Алыс қашықтықтан тұрып есік аша аламын. Барлығын ұялы телефон арқылы басқаруға болады. Мұндай жүйе бұл заманда өте маңызды.

Әлия Тойбаева, Байқоңыр ауданының тұрғыны:

- Біз бүгін суық және ыстық суға есептегіш құрал мен модемдер орнаттық. Барлығы онлайн жүйеде. Енді бізге электр энергиясын бақылайтын қондырғы орнатамыз деп айтты. Бұл өте маңызды.

2022 жылға дейін ауданда 4 мектеп пен 2 отбасылық дәрігерлік амбулатория және 30 заманауи аялдама салынады. Одан бөлек, Байқоңыр ауданының аты затына сай болсын деп, ғарышкерлер саябағы және обсерваториясы бар мектеп салу қарастырылған.

Авторлары: Бірлік Берікұлы, Айбын Құсанбеков, Болатбек Табалдиев

Астананың 20 жылдығына арналған «Денсаулық эстафетасы» басталды

    Сәрсенбі, 27 Маусым 2018 19:18

Жылжылмалы медициналық орталықта дәрігерлер тұрғындардың денсаулығын тексерді. Аудан орталығында шатырын жайған кешенде қанның құрамы, қант деңгейі, қан қысымы тексерілді. Сондай-ақ тұрғындар флюорография және УЗИ құрылғыларымен тексеріліп, оларға хирург, терапевт, офтальмолог, гинеколог мамандар тегін кеңес берді.

«Денсаулық эстафетасын» еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі мен Алматы облысының әкімшілігі бірлесіп өткізіп отыр. Мақсат – аудан-ауылдарды аралап, салауатты өмір салтын насихаттау.

Эстафета аясында дәрігерлер флешмоб өткізіп, аудан әртістері өнер көрсетті. Қарасай ауданынан қабылдап алған ақ туды бүгін Іле ауданы одан әрі Балқаш ауданына тапсырды. Шара облыстың үш ауданында бір уақытта басталды. Астана күніне дейін жалғасады.

Ләзиза Сүлейменова, Алматы облысы, Іле аудандық ауруханасы директорының орынбасары:

- Бұл жылжымалы медициналық кешен әр ауылды аралап шығып, 20 күнде жалпы халықтың санына қарай ауылдарда акция жүргізіліп, скрининг бойынша адамдарды қарап шығамыз.

Астананың 20 жылдығына орай «Global Silk Road» форумы өтеді

    Сейсенбі, 26 Маусым 2018 19:04

Гонконгтік компания ойлап шығарып, кейін Сауд Арабиясының азаматтығын алған жасанды интеллекті бар «София» атты робот Қазақстанға келеді.

Астананың 20 жылдығына орай өтетін «Global Silk Road» форумында «Жібек жолын» цифрландыру, экономикалық теңсіздікті төмендету, халықаралық сауда, криптовалюта сынды бірқатар маңызды мәселе талқыланбақ. «Жібек жолы» елдері қалаларының мэрлері қатысатын шарада мэрлер клубы құрылып, тиімді экономикалық келісімдерге қол қою жоспарланған. 2-3 шілде күндері өтетін форумға әлемнің 52 елінен 2 300-ге жуық сарапшы қатысуға ниет білдіріп отыр.

АҚШ-тағы түрлі сала өкілдері Астананың 20 жылдық мерейтойымен құттықтады

    Сейсенбі, 26 Маусым 2018 09:25

АҚШ-тағы түрлі сала өкілдері қазақ елін елордамыздың 20 жылдық мерейтойымен құттықтап жатыр. Олардың ішінде екі ел арасындағы қарым-қатынастарды нығайтуға зор үлестерін қосқан мәдениет қайраткерлері бар.

Джон Эгамо, Нью-Йорктегі Ұлттық өнер клубының президенті:

- Мен сіздерді Қазақстанның елордасы Астананың 20 жылдығымен құттықтағым келеді. Нью-Йорк Ұлттық өнер клубы үшін бұл – өте үлкен шара, осы мейрамды сіздермен бірге атап өтпекпіз. Сол себепті Әбілхан Қастеев атындағы өнер мұражайының көрмесін ұйымдастырып, туындыларын зор мақтанышпен жұртқа көрсетіп отырмыз. Бұл Қазақстан мен АҚШ-ты жалғаған тағы бір көпір болды.

Лауренс Мосс, америкалық композитор:

- Қазақстан астанасын 20 жылдық мерейтойымен құттықтаймын! Әртістеріңіз бен музыканттарыңызға таңғаламын және астаналық шеберлердің өнеріне әрдайым сүйсініп жүремін.

Михаэль Колеман, пианист:

- Қазақстанды өте жақсы көремін. «Екінші отаным» деп те атаймын. Астанаға барғанда, уақытым керемет өтеді, музыкалық тәжірибе жинап келемін. Барша қазақстандықты Астананың 20 жылдығымен құттықтаймын! Елдеріңіз ертегідегідей тамаша. Қайта баруды армандап жүрмін.