Сұхбат

Белгілі продюсер Ысқақ Егембердиев: Ақпарат – журналистің басты қаруы

Белгілі продюсер Ысқақ Егембердиев: Ақпарат – журналистің басты қаруы

Орыс публицисті Николай Михалковский: «Журналистика қоғаммен бірге өмір сүріп, қоғаммен бірге тыныстайды», – дейді.

Расымен де солай. Қазір осы қоғамдағы өзекті мәселелердің тобықтай түйінін тарқатуды көздеген тілшілер қатары да артты. Осы ретте ақпаратты басты қаруы санайтын «Хабар» арнасындағы «Біздің назарда», «Арнайы хабар» секілді бағдарламалар мен арнайы деректі фильмдердің шығармашылық ұжымы туралы айтпасқа болмас. Олар әлеуметтік қана емес, мемлекеттік, ұлттық, тіпті жаһандық проблемаларды көтеріп, ел назарына ұсынады. Ал мұндай тақырыптағы репортажды жасау қажырлы еңбекті, табандылықты қажет етеді.

Аталмыш жобаларды дайындау барысы жайлы толығырақ «Хабар» Агенттігінің бағдарламалар продюсері Ысқақ Дүйсенбайұлынан сұрап білдік. Ендеше сүбелі сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

 

«Біздің назарда» бұқарамен тығыз қарым-қатынас ұстайды

- Ысқақ Дүйсенбайұлы, Сізді қалың жұртшылық «Хабар» Агенттігінің әлеуметтік жобалар продюсері ретінде жақсы таниды. Шырылдаған халықтың шыр-пырына құлақ түріп, түйткілдің түйінін тарқатуды мақсат тұтып келесіздер. Жалпы осыған атсалысып жатқан шығармашылық ұжым жайлы айта кетсеңіз.

Ысқақ Егембердиев, «Хабар» Агенттігінің бағдарламалар продюсері:

- Осыдан екі жыл бұрын дүниеге келген «Біздің назарда» бағдарламасы алғашқыда қандай бағыт ұстанды? Естеріңізде болса, 2006-2007 жылдары «Хабар» Агенттігінде қоғамдағы жан-жақты мәселелерді таразылап беретін «Таразы» бағдарламасы шыққан. «Біздің назарда» соның бір жалғасы іспеттес. Кез келген мәселенің жай-жапсарын таразылап береді. Бұл – қоғамда бар жанр. Бағдарлама ашылған сәттен бастап біздің жоспарымыз – әлеуметтік, тұрмыстық, отбасылық мәселелерді жан-жақты журналистік зерттеу арқылы беру. Ондағы әр сюжеттің ұзақтығы 2-3 минуттан аспайды. Соның шеңберінде көрсетілген мәселені жан-жақты таразылап беруіміз керек.

Айталық, қазір жиі ұшырасатын мәселе – ЖКХ, КСК (ред. ТКШ, ПИК). Кез келген тұрғын ай сайын тиісті қызмет түрі үшін төлейді. Ал қазір бізде тұрғындар әлі күнге дейін өз құқықтарын қорғай алмайды. Мысалы, 5 600 теңге ай сайын не үшін төлейді? Оның ішіне не кіреді? Қандай қызмет түрлерін ұсыну керек? Мысалы кіреберісті жуудан бастап үйіңізге кіретін жарыққа дейінгі жұмыстардың барлығын солар шешу керек. Ал пәтер иесі әлі күнге дейін осы қызмет үшін адамды қосымша жалдайды. Негізі ол жалдамау керек. Міне, осындай мәселелер.

«Біздің назарда» бағдарламасындағы тағы бір ерекшелік. Бізде бұқарамен тығыз қарым-қатынас ұстайтын екі айдарымыз бар. Біреуі – «Халықтық репортаж». Яғни кез келген көрермен немесе тұрғын кез келген аймақтан өзі көрген мәселені қолындағы ұялы телефоны арқылы бейнеге түсіріп, редакциямызға жібере алады. Біз оның мән-жайын зерттеп, таразылап, ары қарай жай-жапсарын анықтап, тиісті тараптардың жауап беруін талап етіп, эфирге береміз. Тиісінше сондай көптеген мәселе шешімін тапты.

Мысалы осыдан екі ай бұрын Қызылорда облысында бұрынғы Туберкулез диспансері, жұқпалы аурумен науқастар жататын жерді олар емханаға айналдырған. Осы мәселе бойынша біз дереу көрсеттік. Содан кейін бірден жергілікті әкімшілік арнайы комиссия тағайындап, соңында ол жерді емханаға айналдырмайтын жағдай жасады. Демек, біз секілді журналистердің арқасында қоғамдағы осындай келеңсіз мәселелер шешімін тауып жатыр.

Екіншісі, біздің редакцияның арнайы телефоны бар. Оған Whatsapр арқылы видео жіберіп, болмаса телефон арқылы мәселесін айтса болады. Сол арқылы журналистер барлық ақпаратты алып, ары қарай зерттеп, эфирге дайындап береді.

Қоғамда күн сайын әр адамның басында мәселе көбеюде. Біздің ең басты мақсатымыз – кез келген адам өзінің құқығын қорғай алып, тиісінше керек кезде сол ақпараттар мен насихат жұмысының арасында алтын көпірміз.

 

«Журналист алысса алатын, жұлысса жұлатын батыр болуы керек»

- Сондай-ақ бағдарлама барысында журналистер түрлі эксперимент өткізеді. Былайша, ол төніп тұрған қауіп қой. Олар мұндайға қалай төтеп береді?

Ысқақ Егембердиев, «Хабар» Агенттігінің бағдарламалар продюсері:

- Бізде тағы бір ерекшелік бар. Ол журналист бір күнін белгілеп, бір тақырыпта эксперимент жасайды. Мысалы, кешкі сағат 21:00-ден кейін ішімдік сатылмау керек. Шағын маркет, супермаркет, дүкендер болсын. Ортақ заң бар. Осы Астана қаласында бір жағдай болды. Біздің журналист Жансая тұтынушы болып эксперимент жасайды. Яғни ол сатып алушы болып дүкенге барады да, арақ-шараптарды сатып алып шығады. Сол сәтте Жансая тиісті қызметтерге дереу хабарласады. «112» нөміріне «Міне мен осындай жерден арақ-шарап сатып алдым. Заңсыздық орын алуда» деп хабарласады. Олар дереу келеді. Протокол, барлығы тағайындалып, толтырылады. Сол сәттен кейін ол жер өзінің ішімдік сатуға берілген рұқсат қағазынан айырылды.

Қауіп-қатер төнбей ме дейсіз? Әрине, төнеді. Журналист «журналист» болғаннан кейін қорықпау керек және компания да оның құқығын қорғауға міндетті. Бізде, «Хабар» Агенттігінде заңгер бар. Біз олармен ақылдаса отырып, «Мына мәселені эфирге берсе бола ма?» деп ескертеміз. Болған жағдайда қандай тәуекелдер бар? Тәуекел болса, біз журналистімізді қалай қорғай аламыз? Оның өміріне қауіп-қатер жоқ па? Осының барлығын біз алдын ала ақылдасып аламыз.

Эфир кеткеннен кейін тағы бір жағдай болды. Осы Астана қаласындағы «Әлем» базарында жаппай етті өткізетін адам жалған анықтама жасаған. Шындығына келсек, ет тексерілмеген. Яғни тонналап Астанаға әр аймақтан ет келіп жатыр, ал олардың басым көпшілігі тексерістен өтпеген. Біз осы жалған анықтама жасайтын адамдарды анықтап, эфирге дайындадық. Жасырын камера арқылы түсіріп, эфирге берген кезде журналиске небір қоңыраулар, sms-тер келген. Мен: «Ол жаза берсін, сіз жауап бермеңіз. Бір уақыты келген кезде сот арқылы бәрін анықтаймыз және осы сөздері үшін жауапқа тартамыз», – дедім. Дәлел бар. Оның қанша қоқан-лоққы көрсеткендігі, жеке бас бостандығына қол сұғатындай жағдайға жеткендігі. Бірақ ол сөз жүзінде ғана қалды, іске аспады. Демек, журналист қай жерде, қандай сөз, қандай репортаж жасалу керектігін біздің заңгерлермен ақылдаса отырып, эфирге береді. Сондықтан оның өміріне соншалықты қауіп-қатер жоқ деп ойлаймын. Ол сонысымен журналист, алысса алатын, жұлысса жұлатын батыр болуы керек.

 

Эфирге шығатын материал барлық тарапты ескере отырып қарастырылады

- Естуімізше, «Біздің назарда» бағдарламасында түйіні шешілмеген мәселе эфирге шығарылмайды екен. Бұл қаншалықты рас?

Ысқақ Егембердиев, «Хабар» Агенттігінің бағдарламалар продюсері:

- Бізде мынадай жағдай болды. «Балама нақақтан нақақ жала жабылып, темір торға тоғытылды. Осы мәселені сіздердің шешіп берулеріңізді сұраймыз» деген хаттар келеді. Біз анық-қанығын түзету мекемесімен байланысқа шығу арқылы, сот шешімін, прокуратураны, барлық тарапты ескере отырып қарастырамыз. Бұл материалды эфирге беруге жарай ма? Жарамай ма? Егер ол тек қана өзін ақтау, яғни жеке мақсатында хат жіберіп отырса, біз оған «Сіздің мәселеңізді эфирге бере алмаймыз. Негізгі жағдай былай болған екен. Ақ-қарасын анықтадық. Сондықтан түсіністікпен қараңыз» деп, ресми жауап қайырамыз.

 

«Арнайы хабар» мемлекеттік тұрғыдан бастап, кез келген қарапайым адамның өміріне дейінгі аралықты қамтиды

- Сіздің қоржыңызда «Біздің назарда» бағдарламасынан бөлек «Арнайы хабар» бар. Қазақстан үшін ауқымды тақырыптарды қозғайтын осы бағдарлама туралы айта кетсеңіз.

Ысқақ Егембердиев, «Хабар» Агенттігінің бағдарламалар продюсері:

- «Арнайы хабардың» жаңа тұрпатта шығып жатқанына 5 жылға жуық уақыт болды. Қазіргі негізгі авторлары – Мырзабек Түсіпов және Шынар Сағындықова. Ал бұған дейін «Хабар» арнасының «мен» деген журналистері көптеген репортаж жасаған. Ұзақтығы 25 минут және әр дүйсенбі сайын кешкі сағат 20:00-де эфирге шығады.

Аты айтып тұрғандай бұл – журналистік зерттеу, кез келген тақырыптың байыбына терең бару. Мысалы, браконьерлер. Жыл сайын елімізде дәл осы уақытта осындай жағдайлар орын алады. Яғни кез келген нәрсенің өзінің заңы бар. Мысалы балықты қай уақытта аулау керек, қай уақытта ауламау керек? Аңды қай уақытта ату керек, қай уақытта атпау керек? Өзінің мезгілі, уақыты бар. Сол сияқты браконьерлер кез келген уақытта олар жабайылық танытып, заңды аттап, «Қызыл кітапқа» енген балықтарды аулап, жеке пайдасын жүзеге асырады. Осы мақсатта Шынар Сағындықова зерттеу материалын жасаған.

Ерекшелігі неде? Бұл бағдарламаның ерекшелігі – тақырыпты жан-жақты ашу. Тіпті деректі фильмнің жанрына жақын деп айтсам болады. Өйткені бұл жерде мемлекеттік тұрғыдан бастап, кез келген қарапайым адамның өміріне дейінгі аралықтың барлығы қамтылады. Бүкіл 4-5 тарап қаралады. Сондықтан бұл журналистік зерттеу шамамен 10-15 күнде дайындалады. Бір репортаж 25 минут уақыт болғандықтан, ол бүгін болып, ертең бере салатын сюжет емес. Бұл деген – сүйікті нәрсе. Өйткені оның көтеретін жүгі де ауыр. Себебі сен мемлекеттік, идеологиялық мәселені қарастыра отырып, бұқара халыққа мемлекеттің жүзеге асырып отырған бағдарламаларын насихаттайсың. Сондықтан оның көтеретін жүгі де, салмағы да өте ауыр.

- Оқиға орнына барып түсіресіздер ғой?

Ысқақ Егембердиев, «Хабар» Агенттігінің бағдарламалар продюсері:

- Арнайы хабар» көбінесе іссапар арқылы жасалады. Әрине, біз мемлекеттік бағдарламалар немесе Елбасының жыл сайынғы Жолдауы дегенде тез арада, жедел түрде 1-2 күн ішінде «Арнайы хабар» жасауға тура келеді. Өйткені ол – сол күннің өзекті, маңызды оқиғасы. Сондықтан біз оған айрықша мән береміз.

 

Деректі фильмдер қоғамдағы мәселелер шеңберінде түсіріледі

- Бағдарламалардан бөлек деректі фильмдер түсіресіздер. Тұлғаларға байланысты, мысалы Әшірбек Сығай туралы, «Бағаналы бақорда» секілді. Жалпы тақырыптары қалай таңдалады? Тапсырыс арқылы ма,әлде ізденіспен түсіріле ме?

Ысқақ Егембердиев, «Хабар» Агенттігінің бағдарламалар продюсері:

- «Хабар» Агенттігі осыдан 2 жыл бұрын деректі фильмдер топтамасын түсіруді қолға алды. Ол жерде тұлғалар немесе заманымыздың заңғар азаматтары бар. Дүниеден өткен сәтте, біз сол күні, сол сәтте қай жақта болсын жан-жақты материал жинастырамыз. Мысалы, Әшірбек Сығай туралы деректі фильмді жасаған кезде де біздің Мақпал Мадиярова деген белді, беделді журналистіміз бар. Осы материалды «бір күндік» деген аты болғанымен, жедел әрі жан-жақты ізденіп, терең мәнді материал жасап бергенде біз осындай командамыздың барына қуандық. Өйткені біз сол материалды уақытында бермесек, кеш болады. Өзектілігін жояды. Ол – күннің басты жаңалығы және еліміздің басты адамы. Яғни еліміздің маңдайалды азаматы дүниеден өткен кезде, оны неге бермеске? Оған біздің басшылық, Агенттік те, компания да ерекше мән береді.

Деректі фильмдерге келсек, мысалы қаншама жастарымыз небір діни ағымдардың жетегінде кетіп жатыр. Сол сияқты әлемдік дағдарыстар, әлемдік жылыну, құндылықтардың құлдырауы. Мұндай мәселер өміршең. Олар мәңгілік тақырып. Мысалы нашақорлық, адам, бала саудасы. Бұлар – қоғамда ешқашан жазылмаған дерт. Біз оны емдеу, осы дерттен айығу мақсатында, осы мәселелер шеңберінде деректі фильмдер әзірлейміз. Оның тақырыптары 3-4 ай бұрын бекітіледі. Әрбір журналист алдын ала алып, зерттейді. 1-1,5 ай көлемінде керек болса, шетелге барады, іссапар бағыттарына қарай материал әзірленеді. Шетелге барғандықтан журналист те ерекше әсермен жасайды.

 

Тұщымды бағдарламалар – ұжымдық жұмыстың жемісі

- Журналистердің спецификасы қандай?

Ысқақ Егембердиев, «Хабар» Агенттігінің бағдарламалар продюсері:

- Салалық журналистика деген Қазақстанда соншалықты дамымаған. Батыс елдерінде біреуі спорт, біреу әлеуметтік экономикаға бағытталған. Ал бізде жан-жақты. Осы қоғамдағы әлеуметтік, экономика, қаржы секілді барлық саланы жіті зерттеп, дайындай алады. Яғни бұл біздің журналистердің әмбебаптылығы мен жан-жақтылығын көрсетеді.

Бізде журналистердің барлығы сауатты. «Хабардың» 20 жылдық тарихы бар. Қазақ телевизиясының 60 жылдығы келе жатыр. Оның ішінде «Хабар» Агенттігінің алатын орны ерекше. Өйткені идеологиялық мемлекетшілдікті халыққа насихаттау мақсатында қаншама тұщымды бағдарламаларымыз дүниеге келді. Көптеген журналист осы жолда қажырлы еңбек етті. Бір адамның ғана емес, оператордың, дыбыс режиссерінің, режиссердің, режиссер-қоюшының ассистенттің, журналистің, редактордың, одан бөлек тіпті көлік жүргізушісінің де еңбегі. Сондықтан бұл – командалық жұмыс. Осылардың жұмысқа деген махаббатымен, құлшынысымен, ниетімен жүзеге асырылып жатқан дүниелер деп есептеймін.

 

«Арманды мақсатқа айналдыру керек»

- Телевизия саласына қадам басуға түрткі болған, үлгі тұтқан ұстазыңыз кім?

Ысқақ Егембердиев, «Хабар» Агенттігінің бағдарламалар продюсері:

- «Хабар» Агенттігіне келгенге дейін біз студент болдық. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық унверситетінде білім алдым. Сонда Камал Смайыловтың бізге оқыған дәрістері ерекше еді. Қазір марқұм болып кетті. Ол кісіні мен ұстаз ретінде үлгі тұтамын деп толық айта аламын. Біз тіпті ақтық сапарына шығарып салғанша ол кісінің әрбір сөзін, айтқан ойын, ағалық кеңесін мен өмірлік ұстанымыма айналдырамын. Кейде ағаларымыз: «Журналистің басты қаруы не?», – деп айтады. Сонда біреулер «қалам» деп айтады екен. Ал шын мәнінде журналистің басты қаруы – қалам емес, ақпарат. Сол сияқты ол кісі осындай қарапайым дүниеден үлкен нәрсе шығаратын. Журналистикада менің алдымдағы барлық ағаларымды үлгі тұтамын. Нұртілеу ағамызды, Зейін Әліпбек ағамызды, кезінде үлкен мүмкіндік берген Серік Абас-Шах ағамызды. Барлығын дерлік журналистикаға сіңірген еңбегі ұшан-теңіз.

- Сіз нені армандайсыз?

Ысқақ Егембердиев, «Хабар» Агенттігінің бағдарламалар продюсері:

- Ешбір адамда арман таусылмайды, арман аласармайды. Арманды меніңше мақсатқа айналдыру керек. Арман не болуы мүмкін, не болмауы мүмкін. Ал мақсат ол – айқын нәрсе. Менің мақсатым – журналистика саласында қандай да бір өзіндік қолтаңбамды қалдыру. Кейін осындай жасалып еді ғой деп, көп демей-ақ қояйын, бірен-сараң адам қараса, біздің еңбегімізді еске алса, соның өзі біз үшін үлкен баға, зор байлық деп есептеймін.

- Сіздің ойыңызша заманауи журналист қандай болу керек?

Ысқақ Егембердиев, «Хабар» Агенттігінің бағдарламалар продюсері:

- Меніңше, кез келген журналист қазіргі заман талабына, сұранысқа сай болуы керек. Қатып қалған нәрсе жоқ. Өмірдің заңдылығы күнде өзгеріп жатыр. Қазір ғаламтор озды дейді. Иә, солай. Қазір интернет ақпарат беруде бірінші орында. Демек, оған жол бермеуіміз керек. Бірақ оны мойындау арқылы оның игіліктерін өзімізге сіңіруіміз керек. Қазір көшедегі адамдар жаңалықты қайдан алады? Интернеттен алады. Таңертең ояна сала өзінің телефонынан елде, әлемде не болды екен деп қарайды. Демек, интернеттің мүмкіндігі зор және сіздің уақытыңызды үнемдейді. Кез келген уақытта сіз қалаған дүниеңізді қарай аласыз. Біз сол интернетпен санаса отырып, өзіміздің телевизиямызды дамытуымыз керек.

- «XXI ғасыр – ақпарат пен технологияның заманы» дейді. Ал XXII ғасыр қандай болады деп ойлайсыз?

Ысқақ Егембердиев, «Хабар» Агенттігінің бағдарламалар продюсері:

- Бұл күрделі сұрақ екен. Менің ойымша, ол кезде адамның қиялындағы нәрселер жүзеге асады.Осыдан 20 жыл бұрын мүмкін емес деген нәрселер қазір мүмкін болды. Мысалы Халыққа қызмет көрсету орталығы. 20 жыл бұрын осындай болады деп ойладық па? Қазір бір мезетте біздің 4-5 жұмысымыз аяқталады. Қағазбастылықтан арылу. Қазіргі сандық технологияға өту, сандық стратегия, осының бәрі мүмкін емес еді. Қазір мүмкін. Енді 20 жылдан кейін қазіргі жеңіл автокөліктер әуеде ұшып жүреді десе, мен таңғалмаймын. Ол – біздің заманымыздағы талас тудырған дүние. Қазіргі біздің жастарымыздың да қызығушылығы соған ауды. Робототехника, жаңа космостық қажеттіліктер. Соған мүмкіндіктер туып, қызығушылықтар артты. Мысалы Назарбаев Университетінде қазақ жастары робототехника мамандығы бойынша білім алуда. Олар ертең еліміздің дамуына серпін, серпіліс береді деп ойлаймын.

- Ысқақ Дүйсенбайұлы, сұхбатыңызға үлкен рахмет! Сізге толағай табыстар тілейміз!

Авторлары: Перизат Саденова, Дәурен Жұрхабаев