ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

«Мерейлі отбасы-2014»

«Мерейлі отбасы-2014»

ӨНЕГЕЛІ ОТБАСЫ – ЕЛДІҢ ТҰТҚАСЫ! ЖАРАСЫМДЫ ЖАНҰЯ МЕН ІЗГІЛІКТІ ҚАСИЕТТЕРГЕ ТОЛЫ ӘУЛЕТ ҚАШАН ДА КӨПКЕ ҮЛГІ БОЛУЫ ТИІС. ОСЫ МАҚСАТТА 2013 ЖЫЛЫ ЕЛБАСЫ ЖАРЛЫҒЫМЕН «МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫ» ҰЛТТЫҚ БАЙҚАУЫ ЖАРИЯЛАНҒАН БОЛАТЫН.

Байқау шарты бойынша әр аймақта алдымен аудан-қалаларда іріктеу кезеңі өтті. Мұнан соң облыстық шарада өңір намысын қорғау үшін бір ғана үміткер республикалық ақтық мәреге жолдама алды.

Елордамыз Астана төрінде өткен ұлттық байқауда Қазақстан аймақтарынан келген 16 отбасы бақ сынады. Олардың әрбірі де үкілеген үмітті арқалап, жеңіс үшін аянып қалмады. Ал ордалы Оңтүстіктің бәйгеге қосқан Бимаханбетовтар әулеті жеңімпаз атанып, Мемлекет басшысы мерейі үстем болған отбасына өз қолымен  шағын әмбебап автобустың кілтін табыстаған болатын.

Өткен жылы байқаудың алғаш рет ұйымдастырылғанына қарамастан республиканың әр өңірінен 1298 отбасы қатысуға өтініш білдірген. Биыл да бұл игілікті шара өз жалғасын тапты. Бүгінде әр облыс бойынша мерейлі отбасы иелері анықталуда. Ұлттық комиссия өңірлік комиссиялардың ұсыныстарын қарағаннан кейін 10 күн ішінде лауреат атағына үміткер отбасылар туралы бағдарламалар циклын әзірлеу үшін материалдарды жолдайды. Жеңімпаздарды іріктеуге SMS-­хабарламалар және интернет-­ресурс арқылы интерактивті дауыс беру жолымен елдің барлық тұрғындары белсенді түрде қатыса алады. Интерактивті дауыс беру 2 қыркүйекте басталады және 11 қыркүйекте аяқталады.

Шаңырақ шаттығы мен ұлттық тәрбиені ұлықтайтын бұл байқаудың маңызы ерекше. Отбасы – береке-бірліктің қайнар көзі. Ендеше әрбір жанұя мерейлі, мәртебесі биік болса, қазақ елінің де абыройы асқақ болары анық.