ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ: ЖАҺАНДЫҚ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

«Хабар» арнасында «Ана жүрегі» телехикаясы көрерменге жол тартады

«Хабар» арнасында «Ана жүрегі» телехикаясы көрерменге жол тартады

«Хабар» арнасы тағы бір тың туынды ұсынады. 14 қарашадан бастапқалың көрерменге «Ана жүрегі» деп аталатын телехикая жол тартады. Әлеуметтік драма қазіргі қоғамның ең өзекті проблемаларын қамтыған. Отбасы құндылықтарынан бастап, ананың үйдегі һәм қоғамдағы роліне дейін айтылған.

Ана мейірі мен махаббатынан асқан құндылық жоқ. Сериал ана болмысынан сыр шертеді. Өмірге құштарлық, балаға деген бал сезім, тар жол-тайғақ кешу мен тағдыр тәлкегі. «Ана жүрегі» картинасында мұның бәрі көрініс тапқан. 

Сценарий авторы: белгілі продюсер Гүлнұр Мамасарипова. Қоғамның өзегінен өтетін туынды түсіруге тек үздік актерлерді жұмылдырды. Олар сценарийді оқыған сәттен жүректері елжірегенін айтады. Себебі оқиға желісі шынайы өмірден алынған.

Лейло Бекназар-Ханинга, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

-Алты сериясын бірден оқып шықтым. Жас шынын айтса сондай төгілді. Көпке дейін өз-өзіме келе алмай қалдым. Тура бар ғой өзімнің басымнан өткен сияқты болды. Үлкен тәрбиелік мәні бар дүние бұл сериал. Тек жастарға ғана емес, тіпті мынау менің басты кейіпкерімнен өзім үшін мән бар.

Баласынан барын аямаған ананың ғұмыры қиындыққа толы. Өзегі өртенсе де, қайғы кешкен жанның қабырғасы қайысқан жоқ. Қазақ қыздарына тән қасиет. Алайда өмірде қателікке бой алдырып, қатігездікке жол беретіндер де жоқ емес. Сериалда бүгінгі қоғамның басты түйткілдері қозғалады.

Әлеуметтік драма 12 сериядан тұрады. Айта кету керек, бұл «Хабар» арнасы жаңа маусымда көрерменге тарту еткен төртінші туынды.

Айдос Тұрысбек, «Хабар» телеарнасының бас продюсері:

-Жанры – әлеуметтік драма. Біз қазір осы жанрға жақсылап бет бұрып жатырмыз. Мұның алдында «Қария», «Абзал жан» және «Мезгілсіз махаббат» деген фильмдер шықты. Осындай фильмдер арқылы біз қоғамда болып жатқан өзгерістерді, проблемаларды көптің көкейінде жүрген нәрсені жеткізу арқылы көрерменге ой салғымыз келеді.

Режиссерлық жұмыс жоғары деңгейде қойылған. Ал сериалға арнайы жазылған саундтректі қоңыр дауысымен Мейрамбек Беспаев орындады.

Сериал жүректі тебірентпей қоймайды. Бағасын патша көңілді көрермен береді. Көпсериалы драма 14 қарашадан бастап, эфирде көрсетіледі. 

Авторлары: Мұхтар Ыбырайым, Мейрамбек Ақмаханов