Хабар телеарнасы

«Өз үйім» телехикаясының түсірілім алаңы

«Өз үйім» телехикаясының түсірілім алаңы

«Хабар» телеарнасында эстрада жұлдыздарының қатысуымен жаңа телехикая көрермендерге жол тартады. «Өз үйім» деп аталатын жаңа жобада қазақ музыка өнерінің майталмандары Қанат пен Айткүл Құдайбергеновтер, сондай-ақ Жанболат пен Жәзира, Бүркіт пен Аиша және Арман Қоңыров пен Аша Матай басты рөлдерді сомдайды.

Оқиға желісі бойынша, үлкен шаңырақ астында үш ұлы, келіндерімен отбасы өмір сүреді. Үйдің иесі – қатал әке. Бұрын әскери адам болған. Әр сөзі қатып қалған заң, міндетті түрде орындалуы керек.

Үш ұлдың лауазымды қызметі бар, әрқайсы өр мінезді, айтқандарынан қайтпай қалған, бірақ әкелерінің алдында жуас, момақан болып қалады.

Ал, келіндердің үлкендері бейбіт өмір сүріп жүргенде, кіші ұлдың келіншегі қалыптасқан ережелерге бағынғысы келмей, қыңыр мінез танытып жүреді.

Әкенің рөлін Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі Қанат Құдайбергенов сомдайды. Оның айтуынша, кәсіби актер болмағандықтан арасында қиындықтар да болады екен. «Сценарийдегі кейбір сөздердің орнын ауыстыруға тура келеді. Бізде таза актерлік тәжірибе болмағаннан кейін, кейбір көріністер жылдам түседі, кейбірін бірнеше дубльмен түсіріп жатамыз», - дейді Қанат Құдайбергенов.

Режиссердің айтуынша, әншілердің қатысуымен телехикая түсіру идеясы бұрыннан болған. «Жалпы көрерменге жұлдыздардың жеке өмірі қашанда қызық қой. Сол себепті олардың қалауын ескеріп, шоу бизнес өкілдерінің күнделікті тіршілігін көрсетуді жөн көрдік», - дейді Әнуар Матжанов.

Сценарийді алғаш жазған кезде авторлар киноға қай жұлдызды жұптарды шақыратындығын нақты біліп, мәтінін соларға арнайы жазған.

Яғни, Қанат Құдайбергенов қатал әке болса, Айткүл Құдайбергенованы от анасы, шаңырақтың тұтқасы кейіпінде көрсетуді мақсат еткен.

Үш ұлы мен келіндерді ойнайтын адамдар да еш іріктеусіз басынан-ақ анық болған.

Отбасының үлкенін Жанболат пен Жазира, ортаншы Бүркіт пен Аиша, ал кішісін Арман Қоңыров пен Аша Матай ойнайды.

Режиссер Әнуар Матжанов: «Әншілердің уақыттары тығыз, съемкалары көп, актерлық мамандыққа қатысы жоқ болғандықтан, басында кішкене қиналдық. Дегенмен қазір олар өз образдарына еніп, жақсара түсті. Қызықты сәттер өте көп, кейбір тұстарында өздері импровизация жасап кетеді. Сондықтан қойылған міндеттерін жоғары деңгейде орындауда», - дейді.

Сонымен қатар киноға Абай Бегей, Рамазан Стамғазиев, Заир Бегалы, Медеу Арынбаев, Әділ Сламхан, Ақжол Мейірбеков сынды шоу бизнес өкілдері де шақырылған.

Бұл жанұяда сан алуан оқиғалар болады. Бірақ татулық пен бірлік, достық пен ынтымақ – үйдің беріктігін ұстап тұрған басты қасиеттер.

Олай болса, 27 наурыздан бастап 21:30-да «Хабар» арнасынан жұлдызды жұптар туралы жаңа картинаны өткізіп алмаңыздар!