×

Warning

JUser: :_load: Unable to load user with ID: 154
+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

«Хабар» Агенттігінің белді қызметкерлері Еуразия ұлттық университетінде шеберлік дәрісін өткізді

«Хабар» Агенттігінің белді қызметкерлері Еуразия ұлттық университетінде шеберлік дәрісін өткізді

Құрамына 4 бірдей республикалық арнаны біріктірген «Хабар» Агенттігі қазақ телевизиясының 60 жылдығын атап өтуге өзіндік үлес қосып жүр.

Бүгін іргелі ұжымның белді қызметкерлері Еуразия ұлттық университетінде шеберлік дәрісін өткізді. «Хабардэй» атты шарада аға ұрпақ пен кейінгі буын арасындағы сабақтастықтың жарқын үлгісі паш етілді.

«Хабар» Агенттігі акционерлік қоғамы қазақ телевизиясының 60 жылдығына арналған игілікті іс-шараларын елордадағы Еуразия ұлттық университетінен бастады. Іргелі оқу орнының журналистика факультетінде 700-ге тарта студент білім алады. Болашақ бакалавр, магистрант, доктаранттарға бұл жиын саланың қыр-сырын тереңінен түйсінуге бірегей мүмкіндік ұсынды.

Ринат Кертаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрайымының орынбасары:

– Бұл шараның басты мақсаты – жас мамандарға «Хабар» Агенттігі тарапынан шығармашылық қолдау жасау, осы жас журналистердің біразы болашақта біздің агенттіктің қызметкерлері болатындығына сенімдіміз. «Хабар» Агенттігі биылғы қазақ телевизиясының 60 жылдығына арнап бірнеше шара жоспарлаған. Соның бірі – бүгін өтіп жатқан «Хабардэй» шеберлік сағаты.

Шеберлік дәрісіне агенттіктің құрамына кіретін 4 арнаның бірқатар белді қызметкері қатысты. Ерлан Игісінов, Саят Жөкенұлы, Лаура Жақыпова, Өркен Кенжебек, Нұрсұлтан Құрман сынды журналистер толымды тәжірибелерін ортаға салып, түрлі тақырыпта әңгіме өрбітті. Мәселен, «Хабар» арнасының директоры Ерлан Игісінов сала жұмысының ерекшеліктерін түсіндіріп, сұхбат алуға қатысты өзіндік құпияларымен бөлісті.

Аяжан Қабыханова, студент:

– Дәріс әрбір студент үшін маңызды. Себебі қазіргі талқыланып жатқан тақырыптар журналистика, саясаттану саласындағы үлкен мәселелерді қарастырып жатыр. Ашық сұхбат болып жатыр. Студенттер қалаған сұрақтарын қойып, еркін пікірталас болып жатыр.

Қайрат Сақ, Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті журналистика және саясаттану факультетінің деканы:

– Осы арқылы табыстың кілті табылып тұр ғой деп ойлаймын. Және бұл жүздесуде шын мәнінде біздің спикерлеріміз болашақ ізбасарларын, өздерінің іні-қарындастарын өте сыйлайтындарын білдіріп, өздерінің жеке шеберлік құпияларын ашуда. Ол жанашырлық деп ойлаймын.

Бұл – қазақ телевизиясының 60 жылдығына орай агенттік қолға алған игілікті істердің бір парасы ғана. Алдағы уақытта сала ардагерлерін ұлықтайтын мазмұнды шара өткізу жоспарда бар. Одан бөлек, журналистикаға бет бұрған жас ұрпақ өкілдері үшін эсселер байқауы жарияланған болатын. Айта кетейік, «Хабардэй» шеберлік дәрісі келер аптада Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жалғаспақ.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Ержан Қанапияұлы