Хабар телеарнасы

Ардагер Сантыбаев: «Ғашықтар» – бірнеше буынға арналған телехикая

- Қайырлы күн, Ардагер! Істеріңізге сәттілік тілеймін! Қолға алған жаңа телехикаяларыңыз жайлы айтып өтсеңіз. Қанша сериядан тұрады? Негізгі идеясы қандай?

Ардагер Сантыбаев, продюсер:

- Біздің қолға алған телехикаямыз «Ғашықтар» деп аталады. Ілияс Есенберлиннің романы бойынша түсіріліп жатыр. Биыл осы романға 50 жыл толып отыр. Сондай-ақ елордамыз Астананың 20 жылдығы болған соң, осы екі мерекеге орай «Ғашықтар» телехикаясын түсіру идеясы туды. 12 сериядан тұрады. Ал ұзақтығы 30-40 минут болады.

- Телехикаяның кейіпкерлері жайлы сөз қозғасақ. Романнан қаншалықты айырмашылығы бар?

Ардагер Сантыбаев, продюсер:

- Роман 1968 жылы жазылғандықтан Кеңес Одағының уақыты, менталитетінің иісі болды. Сондықтан біз романды қазіргі заманға келтірдік. Яғни ремейк жасадық. Ал кейіпкерлерге келер болсақ, сценарийдің 90 пайызы роман бойынша жазылды. Аттары да еш өзгермеді. Шерубай, Жантас, Аяужан, Ұлболсын, Әбілқас, Базаркүл. Романды бұрын ата-аналарымыз оқыған, оларға сол кейіпкерлер жақын. Сондықтан бастапқы қалпында қалды. Образдары, мінездері, барлығы роман желісімен. Тек заман мен қала ғана өзгерді. Мысалы «Ғашықтар» романы бойынша оқиға желісі Мыстау қаласында өрбиді. Ал біз Астананың өркендеп, өсіп жатқанын көрсетеміз.

- Қандай қалаларда түсіресіздер?

Ардагер Сантыбаев, продюсер:

- Негізгі түсірілім Астана, Алматы қалаларында.

- Ал актерлерді таңдағанда неге мән бердіңіздер?

Ардагер Сантыбаев, продюсер:

- Ең бастысы тәжірибесі бар және романға образ, мінез жағынан келетіндей актерлер үшін кастинг өткіздік. Астана, Алматы қалаларынан, «Жастар», Ғ.Мүсірепов, М.Әуезов театрларының актерлерін қарастырдық. 3-4 аптаға жалғасты. Кастинг нәтижесі бойынша лайықты актерлерді таңдап алдық. Жантастың рөлін Азат Тұрарбеков есімді жас актер сомдайды. Оның тәжірибесі болғанымен басты рөлде көп ойнамаған. Жаңа есім. Ал Шерубайдың рөлінде – отандық танымал актер Азат Сейітметов.

- Бұл сіздің қолға алған нешінші телехикаяңыз?

Ардагер Сантыбаев, продюсер:

- Компаниямыз бойынша қолға алған екінші жоба. Ал бірінші жобамыз «Арман жолында» болды. Жастарға арналған спорттық телехикая. Биыл осы «Ғашықтар», махаббат туралы сериал. Негізінде осы салада жұмыс істеп келе жатқаныма 12 жыл. «Қазақфильмнің» «Біржан сал», «Атажұрт» секілді көптеген кинокартинасы бойынша да жұмыс жасадым. Ал бұл жолы телехикаяны «Хабар» арнасымен бірлесіп түсіріп жатырмыз.

- Осыған дейінгі жобаларыңыздың ішіндегі өзіңізге ең жақыны, ыстығы қайсы?

Ардагер Сантыбаев, продюсер:

- Ең ыстығы «Арман жолында» деп айта аламын. Себебі идея авторы – өзім және үш сценаристің біреуі мен болдым. Жақын дейтінім, ол жастарға арналған және спорттық тақырыпта. Сондай-ақ бір қызығы, сериалда әдетте пәтер-пәтерде жүріп түсіріледі, сөйлейтін адам көп болады. Ал «Арман жолында» күрделі түсірілімдерге толы болды. Сондықтан бұл сериал өте ыстық.

- «Арман жолында» көрермендер тарапынан да оң көзқарасқа ие болды. Сүйікті сериалға айналды. Ал «Ғашықтардан» не күтеміз? Қалай қабылдайды деп ойлайсыз?

Ардагер Сантыбаев, продюсер:

- Менің ойымша, бұл – бірнеше буынға арналған телехикая. Себебі әке-шешеміз осы романды оқып өскен. Жастық шақтарын еске алады. Біз де студенттік кезде оқыдық. Оны бірнеше жылдан кейін осылай экранға шығарамыз деген ой да болған жоқ. «Ғашықтардың» беретін тәрбиелік мәні – қазіргі замандағы махаббат пен ғашықтық сезімдерін ажырата білу және досқа, сүйіктісіне деген адалдық. Тағы айтарым, адамдарға ностальгия сыйлайды.

- Бұл сериалдың да сценарийін өзіңіз жаздыңыз ба?

Ардагер Сантыбаев, продюсер:

- Жоқ. Мұның сценарийін Бекболат Шекеров жазды. Ол кісі – белгілі сценарист, Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» редакторы.

- Түсірілім барысында қандай қиындықтар кездесті? Сериалдағы қызықты немесе сүйікті эпизодыңыз қандай?

Ардагер Сантыбаев, продюсер:

- Түсірілімді енді бастадық. Сондықтан қиындықтар және қызықты оқиға болды деп айта алмаймын әзірге. Бірақ жуырда құрылыста өте күрделі түсірілім болады. Себебі сценарий бойынша Аяужан отырған кран құлайды. Ол эпизодта компьютерлік графика, дублер жасайтын каскадер қолданамыз. Қалай түсіреміз деп кішкене уайымдап, ойлап жүрміз. Сол сахна ең күрделі және ең қызықты болатын шығар деп ойлаймын.

-  Кино түсірерде ұстанатын наным-сенімдеріңіз бар ма?

Ардагер Сантыбаев, продюсер:

- Ең басында біз Ілияс Есенберлиннің ұлы Қозы Көрпеш Есенберлиннің алдынан өтіп, батасын алдық. Ол кісі сәттілік тіледі. Бұл роман осы заманға дейін оқылып, танымал болғанымен, біз бүгінде жаңғыртқымыз келді. Ұмытылған шығарманы экранға шығару үшін батасын алдық. Өзі 60-тан асқан үлкен кісі.

- Ол кісінің сериалға қосары болмады ма?

Ардагер Сантыбаев, продюсер:

- Қосары болды. Ілияс Есенберлиннің сүйікті әні болған Ақан Серінің «Қараторғайын» сериалдың саундтрегі ретінде қолданғанымызды қалады. Біз қалауын орындадық. Композиторға сондай шарт қойдық. Ақан Серінің «Қараторғайына» жақсы аранжировка жасатып, негізгі саундтрек ретінде қолданамыз.

- Кім орындайды?

Ардагер Сантыбаев, продюсер:

- Музыкалық болады. Композитор – Арман Мұқатай деген жігіт.

- Тағы қай жазушының шығармасын экранға шығарғыңыз келеді?

Ардагер Сантыбаев, продюсер:

- Негізінен жазушылардың емес, қазақтың «Сырттан» деген аңызы бар. Сол бойынша псевдо-тарихи, яғни жартылай аңыз, жартылай ертегі болған соң, оны экрандасақ деген ой бар. Сценарийін де бастадық. Бірақ биыл немесе келесі жылы көре жатармыз. Халық аңызына негізделген тарихи шығарма болмақ.

- Қазір отандық телехикаялар қатары көбейіп келе жатыр ғой. Өзіңіз жаңа бастаған режиссер, продюсерлерге қандай кеңес бересіз?

Ардагер Сантыбаев, продюсер:

- Оларға кеңес беру қиын шығар. Әр адамның өзінің тәжірибесі, кәсіби өткен жолы бар. Айтарым, телехикаяларды асықпай, мұқият және салмақты болса, яғни осы 3 шартпен жүрсе.

- Өзіңізге кино әлемінде не ыстық? Бұл саладан кету керек болса, нені қимайтын едіңіз?

Ардагер Сантыбаев, продюсер:

- Ең бастысы – түсірілім тобы. Біз әртүрлі жерлерде боламыз. Кейде үлкен қалаларда, кейде тарихи киноларда шамы, ешқандай жағдайы жоқ жерлерде тұрамыз. Сондай да жағдайлар болған. Түсірілім тобымен ерекше достық қатынаста боламыз. Сондықтан осындай қызықты, қиын шақтардағы сәттерді қимаймын.

- Басқа мамандық таңдай керек болса, қайсын таңдар едіңіз?

Ардагер Сантыбаев, продюсер:

- Негізінен мамандығым – продюсер. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын бітіргенмін. Экономикаға байланысты мамандықты таңдар едім. Бірақ шынымды айтсам, ол салада да жұмыс істеп көрдім, ұнамады.

- Сөз соңында, Астананың 20 жылдығы келе жатыр. Көрермендерімізге ізгі тілегіңізді айтсаңыз.

Ардагер Сантыбаев, продюсер:

- Алматы қаласының тұрғындарымыз. Дегенмен Астанаға жиі келеміз. 20 жылда әр ай, жыл сайын үлкен өзгерістер орын алуда. Аспанымыз ашық, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

- Ал 20 жылдан кейін Астана қандай дәрежеде болады деп ойлайсыз?

Ардагер Сантыбаев, продюсер:

- Айтуға қиын. Осы заманда бәрі жылдам өзгереді. Бірақ әлемге танымал ерекше қалаға айналады деп ойлаймын. Елорданың өзінің ерекшелігі бар. Ол – өзені. Париж, Лондон секілді үлкен, әдемі қалалар өзен жағасында өсіп-өркендеп келеді. Сондықтан Астана да әлемге танымал қалаға айналатынына сенімдімін.

- Сұхбатыңызға үлкен рахмет!