Хабар телеарнасы

«Хабар» телеарнасы: «Аға» телехикаясы түсіріліп жатыр

Жаңа телехикая бойжеткендердің сұлулығын саудалап, өрімдей қыздарды ұрлап, шетелге сатумен айналысатын қылмыстық топтың әрекеті жайында. Балалар үйінде тәрбиеленіп, өжеттігінің арқасында Ішкі істер саласында қызмет етіп жүрген Боран қарындасы Ұлпанды қылмыскерлердің қолынан құтқару үшін бөрілердің тобына өз еркімен енеді.

Ерік Хамидоллаев, актер:

-Кейіпкерімнің характері негізі менің характеріммен сәл келеді. Енді өзгерістер бар. Ол өте тұйық, көп сөйлемейтін, іспен ғана бәрін істейді, дәлелдейді. Қарындасымды алып кеткеннен кейін құтқару үшін әртүрлі әрекеттер істейді.

Тың тақырыпқа түрен салған режиссер Алмас Фазыл актерлер құрамында ерекше талаппен таңдапты. Балалығы жетімдер үйінде өткен Ұлпанның үркек әрі тым сақ мінезін ойнауды Назерке Маратқызына сеніп тапсырған.

Алмас Фазыл, режиссер:

-Менің іздеген кейіпкерім ол табиғи сұлулығымен ерекшеленуі керек болған. Әлі аузынан бала сүті аңқыған дейді ғой. Күзде ол қызды арнайы үш ай іздеп жүріп, өзім таптым. Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының колледжінен кездестірдік.

16 бөлімнен тұратын «Аға» телехикаясы «Хабар» телеарнасының күзгі маусымында көрермендер назарына ұсынылатын болады.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Эдуард Кон