12:00 Әрі қарай эфирде: Жаңалықтар
+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

«Хабар» Агенттігінің Алматыдағы ғимараты ерекше қорғауға алынады

«Хабар» Агенттігінің Алматыдағы ғимараты ерекше қорғауға алынады

Алматыда сәулеті соны бірнеше ғимарат тарихи-мәдени мұралар тізіміне енеді.

Ерекше стильде салынып, қала ажарын айшықтап тұрған нысандардың қатарында «Хабар» Агенттігінің ғимараты да бар.

Іргесі осыдан 35 жыл бұрын қалаған кешен құрылысын отандық сәулетшілер жобалаған. Мұнда әлі күнге көзі қарақты көрермен сүйіп көретін тың жобалар әзірленіп, мұқым жұртқа жол тартады.

Дастан Сейілханұлы, тілші:

- Бұл баспалдақ шыңға біткен шынарға беттейді. Телевизиялық орталық жобасын әзірлеген сәулетшілер «Хабардың» әйгілі ғимаратына алып баратын жолды тап осылай суреттеген еді. Шынында, қабырғасы әйнекпен қапталып, бағаналары гранит тастармен бекіген нысан қаладағы биік жерлердің біріне салынған. Бұл ғимаратты қала тұрғындары мұздықтарға да ұқсатады. Өйткені мұнараға ілінген оюлы тастар алып құрылысты құдды мұзбен қаптап тұрғандай.

Аппаратты-студиялық кешен – отандық телевизия тарихында хабар тарату орталығы болып құрылған алғашқы нысандардың бірі әрі бірегейі. Ғимарат кескінін отандық сәулетшілер жобалаған. Ал технологиялық жабдықтарды Мәскеудегі байланыс институтының қызметкерлері орнатқан. Орталықта телевизиялық бағдарлама түсіруге арналған бірнеше үлкен студия бар. Одан бөлек, мұнда дыбыс жазатын арнайы цех жұмыс істейді.

Александр Коржемпо, «АСК-2» жобасының авторы:

- Телевидение бұл өнер. Ол өмір айнасы. Сондықтан біз ғимарат қабырғасын әйнектерден тұрғыздық. Шыны нәзік материал көрінгенімен, өте берік келеді. Кейін оларды гранит тастармен қаптадық. Бұл жобаны ойластыруға ұзақ уақытымызды жұмсаған едік. Нәтижесінде сәулеті ешбір ғимаратқа ұқсамайтын тың туынды әзірлеп шықтық.

Әйгілі ғимарат жуырда Алматыдағы тарихи-мәдени мұралар тізіміне енеді. Қала басшылығы шаһардың ажарына көрік қосқан нысанды ерекше қорғауға алып, арнайы мәртебе береді. Тарихи-мәдени мұралар тізімі жақында тағы 5 нысанмен толықпақ. Олардың қатарында Тұңғыш Президент атындағы саябақ, «Алматы Арена» мұз кешені, Өмірбек Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайы, Алматы технология және бизнес университеті, Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтының ғимараты бар.

Карл Байпақов, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі:

- Еліміздегі тарихи-мәдени құндылықтарды көздің қарашығындай қорғауымыз керек. Олар өткен күннен белгі береді. Комиссия мүшелері қаладағы көне нысандарды іріктейтін кезде ең бірінші олардың тарихи маңызы мен сыртқы кейіптеріне мән береді. Сондай-ақ ғимараттың танымалдылығы ескеріледі.

Қазір Алматыда 100-ден аса нысан тарихи-мәдени мұралар тізіміне енген. Оған қоса 31 ескерткіш мемлекеттік қорғауға алынған. Мамандар: «Аталған ғимараттарды жөндеу жұмыстары құзырлы орындардың рұқсатымен ғана жүргізіледі», – дейді. Ал сыртқы кейпін өзгертуге мүлдем тыйым салынған. Өйткені қала тарихынан сыр шертетін бұл нысандар бағзы қалпын сақтап қалуы тиіс.

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Кенже Амраев