Хабар телеарнасы

«Хабар» арнасының жаңа маусымы жаңалықтарға толы

«Topjarǵan», «Zerde», «Online». Тың жобалар мұнымен шектелмейді. Сан түрлі бағдарламалар мен ток-шоулардан бөлек 10-нан астам телехикая көрерменге жол тартпақ.

Өздеріңіз байқағандай, көрермен қауымның көзайымына айналған майталман тележүргізуші Зейін Әліпбек эфирге қайта оралды. Айгүл Мүкей, Марат Мұхамедсалиев сынды жүргізушілерміз де жаңа маусымда көрермендерімен қайта қауышады. Айгүл 3 қыркүйектен бастап «Давайте говорить» қоғамдық-әлеуметтік бағдарламасының тізгінін ұстады, Марат жаңалықтардағы қызметін жалғастырады. Қазақ тіліндегі қорытынды жаңалықтар бүгіннен бастап 20:00-де.

Қорытынды жаңалықтардан кейін 20:30-да «Online» ток-шоуы көрерменге жол тартпақ. Жүргізушісі – Ерлан Игісінов. Аптасына 3 рет болатын тікелей эфирдегі бағдарламаға қоғамдағы өзекті мәселелер арқау болмақ.

Бұл – «Topjarǵan» бағдарламасының алғашқы түсірілімі. Халықаралық ән байқауына қызығушылық жоғары. Іріктеудің өзіне 600-ден астам үміткер қатысып, тек жүзі тележобада өнер көрсетуге жолдама алған.

Николай Подошва-Захаров, қоюшы режиссер:

- Қатысушылар 17 мен 35 жас аралығында. Біз солардың ішінен қазақстандықтарға жаңа таланттарды танытсақ, жаңа жұлдыздарды шығарсақ дейміз. Ол үшін олармен режиссерлардан бастап, хореографтар, вокал бойынша педагогтер, стилистер жұмыс жасауда.

Бағдарламаның жүргізушісі – әнші Мәдина Сәдуақасова. Байқауда қазақ эстрадасының үш буын өкілдері қазылық етеді. Олар: халық әртісі Роза Рымбаева, музыкант-композитор Ринат Гайсин және жастардың арасында кеңінен танылған музыкант Baller есімді рэппер. Тележоба 23 қыркүйектен бастап эфирге шығады.

15 қыркүйектен әр сенбі сайын қазақ тілінде «Миллион кімге бұйырады?» бағдарламасы шығады. Көпшіліктің көңілінен шыққан шоудың жүлде қоры биыл екі есеге артты. Яғни студияда 15 сұраққа мүдірмей жауап берген ойыншы 10 миллион теңгені иеленеді. Бағдарламаның жүргізушісі – журналист Досымбек Өтеғалиев.

Сондай-ақ жуырда «Хабар» арнасында «Zerde» деп аталатын интеллектуалды ойындарға негізделген телебағдарлама көрсетіледі. Әлемнің 100-ден астам елінде ВВС форматында көрсетілетін жобаға биыл 45 жыл. Жаңа маусымда тың бағдарламалармен қатар10-нан астам телехикаяның тұсауы кесілмек.

Айдос Тұрысбек, «Хабар» телеарнасының бас продюсері:

- Тарихтан сыр шертетін фильмдер бар. Тұлға тануды тұғыр еткен ғұмырнамалық фильмдер бар. Бүгінгі қоғамның шынайы көрінісін көрсететін мелодрама, детектив, комедия жанрындағы көптеген фильм бар. Соның алғашқысының тұсауы бүгін кесіледі. Бірнеше күн бұрын Алматыда оның алдын ала көрсетілімі болды. Өзінің жылы бағасын алды. Сериал «Тағы да сүй» деп аталады.

«Тағы да сүй» романтикалық телехикиясы жастардың өмірінде жиі кездесетін шынайы оқиғаларға негізделген. Режиссері – Асхат Мұсабай. Туындыда ата-анаға құрмет, достық пен махаббатқа адалдық сынды өмір құндылықтары насихатталады.

Авторлары: Гүлмайра Қуатбайқызы, Болатбек Табалдиев