Хабар телеарнасы

«Ел Арна» телеарнасы жас таланттардың жұмысын эфирден көрсетуге дайын

Жобаның басты серіктестері – Kinopark Theatres и Kinoplexx Cinema және еліміздің Тұңғыш Президенті қоры. Жеңімпаздарға алтын мүсінді танымал актер, режиссер және ақпарат саласының өкілдері табыстады. Биыл «Ең жақсы дыбыс» аталымы бойынша алғашқы жеңімпаз да анықталды.

Өткен үш күнде қазылар алқасы 47 қысқаметражды фильмді көріп, үздікті анықтады. Жалпы конкурсқа 195 өтініш түскен. Фестивальдің бас жүлдесін Тимур Сердалиннің «Қош бол, досым» картинасы иеленді. Аталған жұмыс «Үздік режиссер» аталымында да жеңді.

«Хабар» Агенттігі тағайындаған «Үздік эксперименталды кино» номинациясына режиссер Әлібек Әбдіхалықтың жұмысы лайық деп танылды.

Арман Сеитмамыт, «Ел Арна» телеарнасының директоры:

- Қысқаметражды фильм түсіргенде режиссер өзінің авторлық көзқарасын неше түрлі тәжірибе, эксперименттер арқылы жеткізуіне болады. Сондықтан да бұл менің ойымша, өте үлкен мүмкіндік. Жастарға, жастардың кино өнеріне жол ашады деп ойлаймын.

Айта кетейік, «Ел Арна» телеарнасы жас таланттардың жұмысын эфирден көрсетуге дайын екенін жеткізді. Сарапшылардың айтуынша, кинофестивальге қатысқан жас мамандар өз жұмыстарын көрсетуге мүмкіндік алды. III «Байқоңыр» ұлттық кинофестивалі халықаралық сипат алды. Себебі конкурсқа өзге де елдерден өтініштер түсіпті.

Адай Әбілдинов, қазылар алқасының мүшесі:

- Дамытуға тұратын тұстары бар. Ол дыбыс, көркем сурет, драматургия, актерлердің ойыны, сценарий жағынан болсын, үлкен-үлкен жұмыстар атқарылу керек. Бірақ осындай фестивельдер әлі де жалғасып, дәстүрлі үрдіске айналатын болса, тек қана Қазақстан емес, әлемге шығады деген ойдамын.

Ұйымдастырушылар төртінші кинофестивальға дайындықты бастап кетті. Жоспар бойынша өтініштер алдағы жылдың жазында қабылданады. Фестиваль туралы барлық ақпарат «Бродвей» кинопорталының сайтында жарияланбақ.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Владимир Бовкис, Кенже Амраев