Өзекті

«Хабар» телеарнасы: 1 қазаннан бастап «Детектив әже» телехикаясы көрсетіледі

«Хабар» телеарнасы: 1 қазаннан бастап «Детектив әже» телехикаясы көрсетіледі

«Хабар» арнасында 1 қазаннан бастап барлық жастағы көрермендерге арналған «Детектив әже» атты комедия жанрында түсірілген телехикая көрсетіледі.

Бұл жаңа туындыда ауылдағы қылмыстарды ашуға көмектесіп, қарт «детектив» атанған әже мен оның немересі жайында қызықты жайттар баяндалады.

Ауыл мұғалімі болып ұзақ жылдар қызмет жасаған Гүлдана әже 70 жасқа толуына орай ауылдастарына дастархан жаяды. Мерейлі тойда ол немересі Мұраттың Ішкі істер министрлігі академиясын бітіріп, Алматыда полиция қызметіне орналасқанын айтып мақтанады.

Алайда кейуананың қуанышы ұзаққа бармай, Мұрат ауылға қайтып оралады. Оны полиция қызметінен шығарып жібергенін осы той үстінде естиді. Елден ұят болмасын деп, әжесі Мұратты ауылға учаскелік инспектор қызметіне орналастырады. Қылмыстың бетін ашу немересінің қолынан келмеген соң, бұл жауапкершілікті Гүлдана әже өз қолына алады.

Ғазиза Әбдінәбиева, ҚР Еңбек сіңірген әртісі:

- Мен бұрын мұндай тергеуші рөлін сомдап көрмедім. Бірінші рет түсіп тұр. Сондықтан да оның бір жолын табу қиын. Бірақ режиссермен бірге отырып, барлығын дұрыс жасауға тырысамын. Серікбол қалай жасау керектігін айтып отырады.

Инспектор рөлін қостанайлық Ниязбек Шайсұлтанов ойнайды. Ол осыған дейін сақшы сапында болған. Ал комедиялық жанр – ол үшін жаңа белес.

Ниязбек Шайсұлтанов, ауыл инспекторын сомдаушы:

- Сценаристерге мың да бір рахмет. Өйткені өте жақсы жазылған, керемет ой салынған. Әрине, қиындау жерлері болып тұрады. Өйткені комедия жанры ең қиыны болып саналады ғой. Мынадай кісілермен ойнаған бір мәртебе. Оларды комедия жанрының майталмандары, мэтрлары десек болады. Солармен бірге бір сахнада ойнаудың өзі бір бақыт.

24 бөлімнен тұратын «Детектив әже» телехикаясы «Хабар» арнасында 1 қазаннан бастап кешкі 19:15-те көрсетіле бастайды.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Алма Оразбаева, Кенже Амраев

Last modified on